– Талай тойлар жасадыңдар ғой, айналайындар, – депті перзенттеріне. – Әкелерің барда алтын той да, гауһар той да өтті, небір мерейтойлар, ұл-қыздарымыздың үйлену тойлары да, сүндет тойлар да болды. Әлі де бола берер. Мына менің жүз жасқа толғаныма әуреленбей-ақ қойыңдар. Немерелерім мен шөбелерім көбірек келіп, әулеттің әуенін әуелетсе жетеді. Шіли жүдә жұртты мазаламаңдар, алтындарым.
Сөйтіпті Болай ана. Артынша кәдуілгісінше күлімсірепті. Мейірім шуағын шашыратып. Сәлден соң күрсініпті.
– Немене, апа, шалыңызды ойлап кеттіңіз бе? – деп қалжыңдапты көңілді жүретін келіні Керімқыз. – Күліп отырып күрсіндіңіз ғой?
– Иә, бүгін Кісім көбірек елестеп, алтын тойды елестетіп отырмын, – деп жымияды жүздегі ана. Жұбайы Нұрлыбайдың атын атап көрген емес, Кісім дейтін.
– Ой, апа, ақыры ойланған соң алтын тойдан гөрі алғашқы тойларыңызды келтірмейсіз бе көз алдыңызға?! – деп, Керімқыз одан бетер қайрайды-ай...
Беу, жалған-ай... Болай сұлудың бабасы болыс еді. Жетпістен аса бере сол Сарыпбек баба болыстығын тапсырып, қажылыққа кеткен. Бір жылда қайтып оралған. Бертініректе болыстар мен билердің, байлардың тұқымдары не көрмеді дейсіз? Атылды. Асылды. Қамалды. Айдауға, қудалауға түсті. Түркібасы аймағының адамдары быт-шыт боп бөлініп, тектілікті табанға таптады. Тәркілеу деген тозақы жылдар таптатты ғой.
Бай-болыстардың, билердің тұқымдары деп, еркеккіндіктердің тоз-тозын шығарып, қатын-қалаштарына қорлық көрсеткен шолақ белсенділер Болайдайын тұлымы желбіреген титтей қыз бен екі әпкесін шешесі Момышпен бірге және Әзімбектің әйелі мен бала-шағасын Теріс өзеніне ағызып жіберуге бұйырады. Екі жандайшап жабы аттарына мініп, айдап жөнеледі. Теріс өзені тып-тыныш қана тымырсықтана ағып жатыпты. Балдырғандар ұлардай шулайды. Екі әйел зарлайды.
– Ей, мына шынжыр балақ, шұбар төстердің шәуілдектерін тезірек құртайықшы! Бірақ Терістің суы адам ағызатындай емес қой, байқап көрейікші! – деген бірінші жандайшап атына қамшы басып, суға түсе бере жоқ боп кетіпті.
– Ойбай-ойбай! Аруақ атты, аруақтар атты! – деп, екінші жандайшап жабысын борбайлата ұрып, безіп жөнеледі.
Момыш ана қыздарын Сыр бойындағы төркін жұртына жеткізіп, жан сауғалайды. Араға жылдар салып, Жәмиласын сол жақта күйеуге беріп, Түркібасының тау баурайына әзер оралған.
Болай қыз тез есейді. Алтыншы класты бітіре сала Ленгірдегі педучилищеде үш ай оқып, он үш жасында Елтай ауылындағы мектепте мұғалім болады. Білім жетілдіретін жеделдетілген курстардан өтіп, аз ғана жылда айтулы ағартушыға айналады. Аудан-аймақ, қала берді теміржол мектептері бойынша озық ұстаз, «Бастауыштың Болайы» атанады. Бастауыш мектеп, бастауыш білім туралы айтатындар да, жазатындар да Болай Мәткерімқызына тоқталмай өте алмайтын болған. Бүкіл ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің жасы үлкендері де апай деуге көшкен.
Ал енді Нұрлыбай мен Болайдың арасындағы мөлдір махаббат – өз алдына бір дастан. Ашаршылықтың қырғынында талай туыстары мен ауылдастарынан айырылып, әзер аман қалған Нұрлыбай да тағдырдың тауқыметін көп тартқан. Оқу-тоқуға, білімге құштар екі жас бір-біріне бір көргеннен ғашық болған. Хат жазысқан. Нұрлыбай қара сөзбен. Болай өлеңмен. Жігіт соғысқа аттанған. Атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының Бауыржан Момышұлы басқаратын 19-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында қаншама қанқасап шайқастарға түскен. Бауыржан батырдың жауынгері Нұрлыбай Қасымбеков пен он үш жасында мұғалім, одан кейін көп ұзамай-ақ ағартушы атанған Болай сұлудың сүйіспеншілік тұнған хаттары аңызға айналған.
Соғыстың соңына таман Қасымбеков қатты жараланады. Дәрігерлердің дәреметінен бе, сүйген қызы өлеңдетіп жазатын хаттардың кереметінен бе, ауыр жарақатынан айығып, елге оралады. 1946 жылы қос ғашық қосылады. Қосылған қос бұлақ секілденіп. Керімқыз келіннің әзілдей меңзегенінде мәніс жоқ емес, әрине.
Нұрлыбай мен Болай Алатау мен Қаратаудың түйіскен төріндегі, атақты Ақсу-Жабағылы қорығының кіреберісіндегі Абайыл ауылы бастауыш мектебінде ондаған жылдар бойы озық ойлы, білікті, тынымсыз ізденетін тәлімгерлер болды. Сырттай оқып, педучилище, пединститут тәмамдасты.
Болай ана алғаш тәтті күлімсіреп, кейіннен сәл-пәл күрсініңкіреп еске алған Нұрекең 2006 жылы тоқсанға таянған жасында бақилық болды. Бүгінде Абайыл ауылындағы бір көше және бастауыш мектеп Бауыржан полкінің батыл жауынгері болған Нұрлыбай Қасымбековтің атымен аталады.
– Біздің әжеміз Рәзия да, әкеміз де қолдары ашық, нағыз шүкіршіліктің кісілері еді. Ашаршылықтан зардап шеккен ғой. Қорадағы азын-аулақ уақ малды бата оқырға ырзалықпен апарып, той-томалаққа мырзалықпен таратып, сүті аздау сұрғылт сиырды қанағат тұтып отыра берсе керек. Анамыз Болай бір күні белсеніп шығып, қарала құнажын сатып әкелді. Сол сиыр құт боп қонды. Мал көбейді, сүт-қаймақ, айран-құрт молайды. Ірі қара біреу емес, бірнешеу болды, қорамыз қойға толды. Жылқы бітті. Ата-анамыз перзенттерін қиналмай оқыта бастады. Мысалы, мен Мәскеуде он бір жыл оқыдым. Студент, ғылыми ізденуші, аспирант дегендей. Екеуі екі жақтап еңбексүйгіш етіп баулыды. Бәрімізді. Еріншектік біздің отбасымыздағы онымызға да (әке-шешеміз екі қыз, сегіз ұл тәрбиелеп өсірді ғой) мұқым-мүлде жат болды, – дейді Мәскеудегі бүкіл әлемге әйгілі Бауман атындағы атақты оқу орнын бітірген, техника ғылымдарының докторы, профессор, Алматы экономикалық колледжінің директоры Жақсыбай Қасымбеков мырза.
Болай ананың тұңғышы Пернайым ҚазМУ-ді, үлкен ұлы Сәтбай ҚазПИ-ді, Өсербай Алматы энергетика институтын, Бақтыбай теміржол институтын, Нұрия Ленинград қаржы және экономика институтын, Марат жеңіл өнеркәсіп институтын, Талғат Қырғыз мемлекеттік университетін, Манат Алматы медицина институтын, Сәбит Қазақ политехникалық институты мен ХҚТУ-ды бітірді.
Бәрі де өз мамандықтары бойынша биік белестерге, шеберліктің шыңдарына шығуға ұмтылды. Ұмтылып та келеді. Нұрлыбай мен Болай атты ұстаздардың ұл-қыздары өнегелі өрендерге, елге елеулі ерендерге айналды. Ғалымдар да, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер де, алуан салаларда майталман маман, білікті басшы боп жүргендер де баршылық. Мәселен, Болай Қасымбекованың кенже ұлы Сәбит Нұрлыбайұлы – энергетика вице-министрі. Кезінде сүткенжелерін оқытпай-ақ, қолдарында қалдыруды көп айтқан Кісісі. Сәбитті Алматы асығып апарған да анасы-тұғын.
Отыздан астам немересі, қырық шақты шөбересі желкілдеп өсіп келеді. Шөпшектер де дүниеге келе бастады. Немерелерінің бірталайы шетелдерде, байтағымыздағы жетекші жоғары оқу орындарында білім игеріп, мамандықтар алып, еңбекке араласып жүр. Олардың арасында мықты менеджерлер, кәсіпкерлер, мемлекеттік маңызды органдардың жауапты қызметкерлері, ЖШС директорлары бар.
Болай ананың кейде күрсінісі көбейіңкірейтіні де рас. Бауырларын білім айдынында құлшына құлаш сермеуге баулыған Пернайым мен Нұрия – жұртты таланттарымен таңырқатқан аяулы арулар өмірден ертерек озды. Шүкіршілік, ұрпақтары, ел-жұрты аман.
Ұзақ жасауының мәнісіне келсек, әрине мұғалімдік мамандықты шексіз жақсы көріп, шәкірттеріне ұрсып, зекіп, жасқандырып емес, қанат бітіріп, шабыттандыру арқылы білім мен тәрбие бергені бірінші себеп екені ақиқат. Күйіп-піспейтіні, ашуы «шәйі орамал кепкенше» тарап үлгеретіні. Кісісімен кей-кейде ғана болатын «аяқ-табақ сылдырын» үнемі әзілге жеңдіріп аяқтайтыны. Бойжеткен қыздар мен ер жеткен жігіттерді тіл табыстырып, үйлестіріп, үйлендіріп жүретіні. Үйіргелік телімді таңғажайып түрлентіп, қызанақ, қияр, қырыққабат сияқты көкөністерді, жүгері, тары, күнбағыс, тағысын-тағыларды тамылжытып өсіретіні. Барлық тірліктен ләззат алатын үлпіл-лүпіл сезімталдығы мен сергектігі, жылдам сөйлеп, жедел қимылдайтын желгектігі... Жиырма жылдан бері Кісісі, Бауыржан полкінің жауынгері Нұрлыбай Қасымбековке арналған спорттық турнир өткенде Болай ана перзенттерінің, немере-шөберелерінің түгел дерлік жиналатынына қатты қуанып, қунап, мерейленеді. Отыз-қырық жасқа жасарып кетеді. Ұстанымы: қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады.
Осы жылдың оныншы ақпаны күні жүз жасқа толатын, ел газеті «Егемен Қазақстанның» құрдасы, ағартушы ана Болайдың перзенттері, немере-шөбере-шөпшектері Алатау мен Қаратаудың түйіскен төріне, мөлдірлік пен сұлулықтың сүйіскен жеріне жиналады. Көбісін өзі қалап, өзі құда түсіп алған келіндері тізіліп сәлем береді, зыр жүгіріп қызмет етеді. «Мазаламай-ақ, әурелемей-ақ қойыңдар» деген жұртшылық, ағайын-туыстары, жекжат-жұраттары, жүздеген шәкірттері шын ықыласпен, шынайы пейілден қоңырау шалып құттықтайды. Сол қоңыраулар Абайыл бастауыш мектебіндегі қырық жыл соққан қоңырауының әуеніндей естілетін болар, Болай анаға.
Мархабат БАЙҒҰТ