Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Польшада Абай атындағы жастардың ғылыми-білім беру орталығы ашылды

516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Жастар жылы аясында Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекетік университеті Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университеті базасында Абай атындағы жастардың ғылыми-білім беру орталығын ашты. 

Польшада Абай атындағы жастардың ғылыми-білім беру орталығы ашылды

Университет ректоры Мұхтар Төлеген орталық облыс әкімдігінің қолдауымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде еуропалық жастарды Қазақстан мәдениетімен таныстыру мақсатында жұмысын бастағанын айтады. «Орталыққа Абай есімінің берілуі кездейсоқ емес. Абай – қазақ мәдениетінің биік шынары, өлкемізде дүниеге келіп, қалыптасқан алып тұлға. Сондай-ақ, университетте абайтанудың бай дәстүрі, ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Білім ордамызда абайтану конференциялары өткізіліп, ғылыми монографиялар шығарылды, Абайға арналған дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылды. Демек, ШҚМУ ғалымдары мен студенттері Абай туралы көп мәлімет бере алады», – дейді М.Төлеген.

Орталықтың ашылу салтанаты барысында Польша тарапынан бөлінген жеке ғимаратқа қазақ, поляк, ағылшын, орыс тілдеріндегі Қазақстан туралы кітаптар, мәдени жәдігерлер тапсырылып, Лингвистикалық-технологиялық университетке мүсінші Дәурен Дошановтың жасаған Абай мүсіні мен суретші Әлібек Шоқанов салған «Абай» картинасы сыйға берілді. Сонымен қатар онлайн режимде поляк-қазақ бейнебайланысы орнатылып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Лингвистикалық-технологиялық университетінің ректоры Эльжбетте Штернальға «Абай» медалі табыс етілді.

Азамат ҚАСЫМ,

 «Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы