Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

«Архив – 2025» жаңа жобаларды қолға алды

1377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы архившілер қауымдастығы Президенттің «Архив – 2025» бағдарламасын құру туралы бастамасын қызу қолдап, тарихи маңызы зор архивтік құжаттарды тауып, сақтау мәселесіне мән бере қарап отыр. Мемлекет басшысы белгілеп берген бағдарламаны жүзеге асыру тетіктері бойынша «Архив – 2025» орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы  ҚР Президенті Архивіне келіп, архив жұмысымен танысып, қызметкерлердің ой-пікірін тыңдады.

«Архив – 2025» жаңа жобаларды қолға алды

Кездесуде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында архившілер алдына қойылған міндеттер бірлесе талқыланды. Ұсынылып отырған бағдарлама жаңа маңызы зор құжаттар іздеу ісін кеңейтіп, мұрағат ісінің басты үдерістерін жаңғырту арқылы құжаттардың сандық контентімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Архив және қоғам» жобасы негізінде ілкімді істер атқарып отырған  ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова отандық архивтер жаңа құжаттарды іздестіру ісімен айналысып қана қоймай, бүкіл жұмысын жаңғыртуды қолға алуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін өндірістік үдерістерге жаңа технологияларды енгізіп, архившілердің білігін көтеріп, архив қоймасын біртұтас Data-орталықпен біріктіретін архив саласындағы инфрақұрылымдар заманауи талапқа сәйкес жабдықталуы керек. Ғылыми-іздестіру жұмысының әдістемесінен бастап, жаңа архивтік материалдарды іздестіру жұмысы толықтай жүйеленуі тиіс.

Тек Қазақстанның ғана емес, шетелдердің де көптеген мекемесі үшін архивтегі үдеріс жаңғыруының үлгісін көрсетіп отырған Президент Архивінде «Архив – 2025» бағдарламасы өз қатарына шетелдік әріптестерді тарту арқылы іске асырылмақ. Архив Белорусь, Германия, Корея, Қырғызстан, Ресей, АҚШ секілді 7 мемлекеттің 16 ұйымымен келісімшартқа отырған. Арасында шетелдік ғалымдары бар, жыл сайын бұл архивтің қызметіне 400-ге жуық зерттеуші жүгінеді.

Өз кезегінде Берік Әбдіғалиұлы өзі басқарып отырған орталықтың жұмысын Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі үйлестіріп отыратынын айтты. Себебі іздестіру жұмысына архившілермен бірге зерттеуші ғалымдар да жұмылдырылады. Орталық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шетелдік архивтер мен кітапханалардан табылған архив материалдарын тізімге алу бойынша жұмысын бастап та кетті. Өзге іздестіру кезінде қайталанбас үшін шетел архивтеріндегі 60 мыңға жуық құжат алдағы уақытта біртұтас базаға енгізілетін болады. Назар аударатын тағы бір жайт, архив қоймасын жеке адамдардың қолында сақталып отырған құжаттармен толықтыру мүмкіндігінің туып отырғаны. Бұл архившілер мен ғалымдардың, зерттеушілердің игілікті ортақ мақсат үшін жұмыла алатынына байланысты жүзеге аспақ.  

Іздестіру экспедицияларының жұмысына ғылыми танымы кең, тіл білетін тәжірибелі зерттеушілер тартылуы тиіс. «Архив – 2025» орталығы Ресей, Қытай, Еуропа және АҚШ архивтерінің жұмыс істеу тәсілін зерделеуді жоспарлап отыр. Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның тарихына қатысты құжаттарды анықтау бойынша Ресей мемлекеттік тарихи архивімен бірлесе жұмыс атқарды. Ғалымдар өз зерттеу еңбектерінде кеңінен пайдалану үшін жаңадан табылған архивтік құжаттар белсенді түрде ғылыми айналымға енуі тиіс. «Архив – 2025» орталығының жақын арадағы жоспарына сәйкес, барлық архив құжаттарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін Ортақ электронды каталог құрылады.

Президент Архивіне келген қонақтар мекеменің зертханалық бөліміндегі архив құжаттарын цифрлаумен, сақтандыру қорының микрофишаларын жасайтын стансалармен, баспа кешенімен, мемлекеттік сақтауға түсетін құжаттарды алдын ала өңдейтін жабдықтардың жұмысымен және электронды оқырман залының мүмкіндіктерімен таныстырылды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Eqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ