Парламент • 08 Ақпан, 2019

Қ.Тоқаев ЕЭО ортақ нарығының тиімділігін арттыру туралы пікір білдірді

680 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта өткен Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның сауда саясатын іске асыру мәселелері талқыланған үкімет сағатында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев 2018 жылғы 6 желтоқсанда Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларация қабылдап, Одақтың келешектегі даму бағдарын айқындағанын атап өтті.

Қ.Тоқаев ЕЭО ортақ нарығының тиімділігін арттыру туралы пікір білдірді

«Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығының тиімділігін барынша қамтамасыз ету және кедергілерді толығымен жою, Одақ нарығындағы тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін айналымындағы шектеулерді барынша қысқарту арқылы бизнес пен тұтынушыларға арналған мүмкіндіктерді кеңейту - негізгі бағыттардың қатарында», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, соған қарамастан, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер тарапынан серіктес елдердің мүдделері ескерілмей, өз ішкі нарықтарын қорғау мақсатын көздейтін шаралар орын алуда. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі еркін саудаға айтарлықтай тосқауыл болып отырған түйткілдердің қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекелеген тауарлардың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар.

Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отыр.

Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді.

Сенат Төрағасы сондай-ақ, әлемдік қаржы және тауар нарықтарында орын алып отырған тұрақсыздық, санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетіне теріс ықпал етіп отырғанын атап өтіп, бұл мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық саясатын үйлестіру жұмысын оңтайландыруды талап ететінін айтты.

«Үкімет бизнес қоғамдастығы өкілдерінің назарын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашылатын мүмкіндіктерге аударуы қажет. Атап айтқанда, алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың электр энергетикалық нарығының аясында Қазақстан отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып отыр», - деді Сенат Төрағасы.

2025 жылға қарай Одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасатынын айтқан Қ. Тоқаев «Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағар майдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз», деді.

Үкімет отырысында бұдан да өзге сауда саясатына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланды.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйымдастырған үкімет сағатына Сенат депутаттары, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ЕЭА экономика және қаржы саясаты министрі Тимур Жақсылықов, ЕЭА бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Марат Құсайынов, «Атамекен», ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін және Сенат депутаттарының бұдан былайғы заң шығару жұмыстарында ескерілетін ұсыныстар әзірленді.