Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Қостанайда Парламент Мәжілісінің депутаттары полицейлермен кездесті

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы 5 қазанда Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын тұрғындарға түсіндіру мақсатымен Қостанайға келген Парламент Мәжілісінің депутаттары – Заңнама және сот-құққық реформасы комитетінің мүшелері Арман Қожахметов, Снежана Имашева, Экология және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Құралай Қарекен Облыстық полиция департаментінде полицейлермен кездесті. 

Қостанайда Парламент Мәжілісінің депутаттары полицейлермен кездесті

Алдымен сөз алған Арман Қожахметов заңның орындалуы мен қоғамдық тәртіп ылғи да Елбасы назарында екенін айтты.

«Өзінің Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау жүйесіне бірнеше нақты тапсырмалар берді. Елбасының айтуынша, азаматтық қоғамның полицияға деген сенімін тек полицейлердің сапалы кәсіби өсуімен ғана алуға болады. Ол үшін кадр даярлау ісіне деген қасаң көзқарасты өзгерткен дұрыс» деді Арман Қожахметов.

Кадрлардың кәсіби сапасын көтеру үшін көптеген шараларды Полиция департаментінің өзі де қолға алған. Мысалы, өткен жылы көптеген полиция бөлімдерінде фронт-офистер ашылды. Оларға жыл басынан бері 2000-дай тұрғын келіп, жағдайларын айтқан. Кездесуде қылмыскерлерді «Е-уголовное дело» электрондық форматында тексеру мәселесі де қозғалды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қостанай облысында 284 арнайы компьютер алынды. Шамамен 400 қылмыстық іс осы жоба арқылы тексеріліп, сотқа жіберілді.

Кездесуде депутаттар полицейлердің әлеуметтік қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимыл, қылмыстық-процессуалдық және әкімшілік заңнамаға байланысты көптеген сұрақтарына жауап берді.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай