08 Ақпан, 2019

Әкімдер есепті кімге береді: халыққа ма, өзінен жоғары басшысына ма?

521 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жер-жерде әкімдер есеп беруде. Айтылуы жағынан «әкімдердің халыққа  есеп беруі», ал өткізілуі халықтан гөрі өздерінен жоғары тұрған басшылыққа есеп беру болып тұр. Тиісті тәртіптік сатысы  сақталады – деңгейіне қарай ауыл әкімдері аудан басшысына, өз кезегінде аудан тізгінін ұстағандар облыс әкіміне.

Әкімдер есепті кімге береді: халыққа ма, өзінен жоғары басшысына ма?

Есеп берудің өзін әр түрге салып, көз алдағандар көп болды. «Ашықтық, мөлдірлік» деп алдын ала дайындалған сұрақтарды журналистерге таратып, ауыл, қалалардағы, мекеме-ұжымдардағы белсенділер мен бағыныштыларға жаттатқызып, айлар бұрын етектеріне сүріне жүгіріп, мұрындарынан шаншыла қапылған қызу дайындықпен өткізетін. Сұрақтарының сұрқы жер-жерде жоспарланған жобаны сұрау, салынып жатқан ғимараттың қашан бітетіндігі немесе жоспарда тұрған дәрігерлік пункт, мектеп, спорт залдардың қашан ашылатындығын сұрау, сондай-ақ қаржысы бөлінген жөнделетін жолдардың жайы мен ауыз су, газ тарту, өзге де сұлбасы бас шаруаларды «сұрап білу». «Солбырайған» сұрақтарға жауыр болған жауаптар жараса кетіп, халықты қайдам, өткізгендер өздері мәз болып, бірін-бірі оң бағалап, шат көңілде тарап жатады... Шабыла дайындағандар арқасынан ауыр жүк түскендей терең дем алып, сылқ отырады...

Расында, әкімдердің есебі халыққа арналған ба? Біріншіден, ең алыс деген ауданның өзіне бірінші басшы барып, кездесуге қатысады. Дұрыс-ақ. Есеп берудің тәртібі солай болсын. Бірақ, зал толы тыңдарманның арасында өңірлердің шынайы ахуалын ашық айтып, назар аударарлық мәселені ұсынатын халық өкілі бар деп айту қиын, әртүрлі мекемелер, ұйымдар басшыларымен бірге ақсақалдар, бюджеттік мекемелер қызметкерлері, жастар қатысады.

Екіншіден, есеп берушінің баяндамасы халыққа түсінікті тілде емес, пайыздар мен көрсеткіштерді салыстырған сірескен есеп-қисаптарға құрылады (өткен жылғы баяндаманың цифрлары ауысқан көшірмесі болуы әбден мүмкін), оны сол саланың мамандары түсінбесе, қарапайым халықтың түсініп, жеткілікті ұғына қоюы екіталай. Халық саны, жұмыс орны, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік сала, құрылыс, көші-қон сальдосы, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі, өнеркәсіп өнімі, тағы басқа қызмет бабында әкімдер мен салалық басқармалардың, бөлімдердің басшыларына қажетті мәліметтерді халыққа қарша боратады.

Былайғы уақытта тұрғындардың туындаған мәселелермен әкімдердің қабылдауына кіруі оңай емес және әрбір адамды қабылдауға әкімдердің мүмкіндігі бола бермеуі ықтимал. Сондықтан, екіжақты кездесуді ашық өткізіп, халықты тыңдаса, ел арасында келеңсіз жағдайлар орын алмас па еді?! Үй керек, жұмыс керек деп, өзге де барынша қажетті шаруасын айтып үнін тиісті орындарға жеткізе алмай отырған бір мұқтаждың мұңы шешімін тауып, бір қасіреттің алды алынуы мүмкін ғой! Ашықтық болмағандықтан, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып, есеп беру - әкімдердің өзінің жоспарлы жұмысы кейпінде ғана қалды, халықтың есепте «шаруасы шамалы». Бірінен бірі сырт қалған екі тарап – бірі жүктелген есептен құтылғанына қуанышты, есептің өткендігін кейін біліп «еее» дей салған халық.

Үшіншіден, егер әкімдер есепті халыққа берсе, оның бағасын да халық беруге тиісті. Ал, бірақ жағдай керісінше, әріптесінің бағасын жоғары тұрғаны бағалап, «бірқатар міндеттер мен тапсырмалар» жүктеп кетеді.

Залда бүкіл елді топырлата жинау мүмкін емес, сондықтан ұтымды жолын ұйымдастырып, халықтың шынайы жай-күйін білуге талпыныс жасалса ғой! Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ел арасындағы кемшін соғып, кенже қалып жатқан тұстарды білу және оны қалыпқа келтіру үшін жұмыстану мақсатында ұйымдасатын есеп беру кездесуі қазір өте жадағай, жаттанды, қарабайыр қалыпқа түсті, тіпті науқандық шараға айналып кетті деуге болады. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш, арыз-шағым ашық, шынайы түрде халық алдында шешімін тауып, келесі кездесуде халықпен жасалған нақты істің қорытындысы жария етілмегесін?! Ел ыразы, әкім абыройлы болар еді...

Ал егер өзінен жоғары тұрған лауазым иесінің бағасын алу маңызды болса, цифрлардан құралған сұп-сұр ресми есепті басшылықтың кабинетіне келіп оқып берсе оңайырақ болары еді. Сондықтан, есеп берудің форматын, баяндамалардың мазмұнын өзгертіп, жылына бір рет өтетін аты халықтық кездесуді шын мәнінде халықтық сипатқа жақындату керек.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы