Бәкір, Әли, Омар есімді үшемдерден бөлек Фазиланың 3 перзенті бар. Үлкені Гүзәл 11 сыныпта, кейінгісі Шадиер 10 сыныпта оқиды. Сондай-ақ 6 жасар Индира есімді бүлдіршіні бар.
Естеріңізге салар болсақ, қиыншылық қыспағында қалған ана осыдан ілгері БАҚ өкілдеріне өз жағдайын айтып, қайырымды жандардың көмегіне зәру екенін жеткізген болатын. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев жергілікті демеуші азаматтарды жұмылдырып, Ф. Досметованың басындағы ауыртпалықты жеңілдетті. Осылайша көпбалалы отбасы қайырымды жандардың көмегімен Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысынан 3 бөлмелі жалдамалы пәтерге орналасты. Қуанышты бөлісуге келген мешіт имамы үшемдерге азан шақырып, ат қойды.
Бұған дейін 3 құрсақ көтерген ана 6 перзентімен өз қаражаттарына пәтер жалдап келген. Қазіргі таңда Фозила қалада мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұр. Енді бұл отбасы баспана кезегі келгенге дейін демеушілер тарапынан берілген осы пәтерде тұрады.
Алдағы уақытта бұл жанұяға Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері де қол ұшын бермек. Мұнан былай үшемнің анасы мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларына берілетін тиісті әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіледі.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент