Меморандумның мақсаты – көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту, кәсіпкерлер мен тіл басқармасы арасындағы өзара түсіністікке ықпал ету. Қадағалаушы мемлекеттік органдар көрнекі ақпараттағы қатені түзетумен емес, оның алдын алумен айналысуы тиіс деген ниеттен туған әрекет.
- Көшедегі жарнама, көрнекі ақпарат – қоғамдық сананы қалыптастыратын қозғаушы күштің бірі ғой. Бүгінгі таңда сыртқы көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде жүйелі сипат алмауы қоғамда жиі сынға ұшырап, наразылық тудырып жүр. Көшелердегі жазулар мен мекеме маңдайшалары қала мен елді мекеннің келбетіне де үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан жарнамадағы мәтіннің сауатты, әдемі, айшықты жазылуымен қатар тілдік ереже талаптарына сай қолданылуы аса маңызды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Өңірдегі көрнекі ақпараттарда тіл сауаттылығын арттыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын аймақта жүзеге асыру, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әдістемелік көмек көрсету – басқарма жұмысының басты бағыты.
Тіл мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру, сыртқы көрнекі ақпараттарды заңнама талаптарына сәйкестендіру мақсатында жақында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың қатысуымен Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы мен тілдерді дамыту басқармасының 2019 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Осы жоспар аясында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен семинар-тренинг өтті. Жоғарыда айтылған меморандумға да осы семинар кезінде қол қойылды. Бір қуанарлығы, кәсіпкерлер де заман талабын, тілдік нормалардың сақталуы өте маңызды екенін жақсы түсініп отыр.
Өзара ынтымақтастық туралы Меморандум 5 жыл мерзімге жасалған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан