Сонымен қатар ол бұл лауазымды иеленбей тұрған кездің өзінде-ақ, АҚШ-тың іскер топтарына алпауыт Қытайдың бет пердесін айқара ашып берген еді. Өйткені Генри Полсон министрлік қызметіне тағайындалмас бұрын әлемге аты танымал Goldman Sachs инвестициялық банкін 32 жыл бойы басқарған және сол кезеңде өз әріптестерімен бірге, алдымен 2007 жылы АҚШ-та басталып, бірте-бірте әлем экономикасын күйретіп кеткен алапат дағдарыстан аман шығудың жолдарын іздестіруге аянбай тер төккен болатын.
Айтса айтқандай-ақ, бас-аяғы 25 жылдың ішінде Генри Полсон Қытайға 100-ден астам сапар шегіп, жабық есіктің арғы жағындағы әрі қатаң мемлекеттік бақылауда қалыптасқан жаңа капиталистік жүйенің бастау көзі мен эволюциялық даму үдерісіне және болашақ бағыт-бағдарына қатысты «Қытаймен қарым-қатынас» («Dealing with China») атты сараптамалық монографиясын жазып бітірген бойда 2015 жылы Ұлыбританияда жарыққа шығарған-ды.
Генри Полсон құнды деректерге толы бұл туындысында Қытай қалайша экономикалық алпауыт державаға айналып шыға келді? Ол елде бизнесті қалай жолға қоюға болады? Батыс әлемінің бизнес өкілдері мен саясат лидерлері Қытай тарапымен қарым-қатынасты қалай жасай алады? Авторитарлық ережелермен тізгінделген әрі орасан зор экологиялық сынақтармен бетпе-бет тұрған Қытаймен Батыс әлемі келіссөздерді қалай жүргізеді немесе оған қалай ықпал ете алады деген ірі-ірі бағытты қамтитын сұрақтардың жауабын іздестіреді.
Бұл тұрғыдан келгенде, дәл Генри Полсон секілді Қытаймен соншалықты терең қатынас жасап, ол елдің ішкі-сыртқы саясаты мен экономикасын бес саусақтай білетін шетелдік бизнес өкілі әлемде саусақпен санарлық еді. Солардың бірі президент Ричард Никсон дәуірінде Қытайды танып-білуге тырысып, терең зерттеулер жасаған Нобель сыйлығының лауреаты әрі бұл күнде жасы 95-ке шыққан Генри Киссинджер болатын. Ол тұлға да Қытайға 40 жыл ішінде 50-ден астам рет барып, «On China» («Қытай туралы») атты іргелі геосаяси монографиясын жарыққа шығарған болатын.
Генри Киссинджер секілді Генри Полсон да өз туындысына негіз болатын дәйектер мен дереккөздерін жинау үшін Қытайдың ондаған тұлғаларымен, олардың ішінде, саясат және бизнес көшбасшыларымен де, бүгінгі Қытайдың билік басындағы Си Цзиньпинмен де, оның алдында іргелі саяси-экономикалық реформа жасаған саясаткер Дэн Сяопинмен де, белгілі дәрежеде оның ісін одан ары жалғастырған Цзян Цзэминьмен де сан рет кездесіп, жемісті келіссөздер жүргізген-ді.
Генри Полсонның Қытайға соншалықты мән беруінің де өзіндік себебі бар. Біріншіден, Қытайдың экономикалық алпауытқа айналуы тарихта бұрын-соңды болмаған құбылыс. Өйткені о баста әлемдік халықаралық қарым-қатынастардан оқшауланып, арал секілді оңаша қалған әрі ол заманда экономикасы мешеу Қытай бар болғаны 30 жыл ішінде ғана миллиондаған халқын кедейліктің құрығынан құтқарып қана қоймай, әлемнің екінші донор экономикасына айналып шыға келген-ді.
Екіншіден, Генри Полсон Қытай сияқты тез дамыған мемлекетті бұрын-соңды кездестірмегенін жасырмайды және әлемдік деңгейдегі индустриялық басымдыққа АҚШ тек азамат соғысынан кейін ғана жетсе, қытайлықтар бұл тұрғыдан келгенде, Америкадан озып кеткенін мойындайды.
Үшіншіден, таяу болашақта Қытайдың ең алып держава болатынына сенімді екенін де, сонымен қатар 150 жыл бойы әлем экономикасының көшбасшылығын үздіксіз иеленіп келген АҚШ-ты бұдан былай Қытайдың басып озатынына да еш күмән келтірмейді. Себебі Қытайдың адами капиталы мен ішкі рыногының шексіздігі өзге мемлекеттерге шаң қаптырып кететінін ол жақсы білетін.
Төртіншіден, автор Қытайдағы трансформациялық үдерістердің ауқымдылығы мен жылдамдығы күллі әлемді тамсандырып отырғанын да ұмытпайды және мұның нақты дәлелдерін де келтіреді. Мәселен, Қытай экономикасының, ең алдымен ұлттық телекоммуникация жүйесін жетілдіруге, энергетика және ауылшаруашылық салаларын, банк және қаржы жүйесін реформалауға да ерекше назар аударған. Сосын Қытайға ағылшындар кері қайтарған әрі инфрақұрылымы мықты дамыған Гонконг арқылы АҚШ-тан ауқымды инвестиция тартып, соның арқасында Қытайдың жоғарыда аталған салаларын ғана емес, өзге салаларын да қарқынды дамытқан.
Бесіншіден, Қытайдың зәулім ғимараттары, жүрдек темір жол тораптары, сондай-ақ сәулетті әуежайлары АҚШ-тың тозығы жеткен инфрақұрылымынан көш ілгері екенін автор жасырмайды.
Алтыншыдан, ең таңғаларлығы сол, Қытайдың кейбір іскер топтары 50 миллиард доллар жұмсап, Никарагуаны кесіп өтетін Панама каналынан екі есе үлкен жаңа су торабын салып тастауға да дайын көрінеді. Ал енді біреулері Исландияның бір бөлігін сатып алып, дамытуға да тәуекел етпекші екен.
Жетіншіден, бүгінгі Қытайдың жер бетіндегі алпауыттардың бірі деуге әбден лайық екенін айта келіп, Генри Полсон әлемдегі ең жылдам компьютердің мекені де осы ел екенін, теңіз үстімен тартылған ең ұзын көпір де осында екенін және әлемде бүгінгі таңда өндірілетін көмір, цемент, темір рудасы, болат, сондай-ақ, алюминий мен мыстың 40 пайызын да осы ел тұтынатынын, ол ол ма, күллі әлемде іске қосылып жатқан құрылыс нысандарының да тең жартысына жуығы осы елге тиесілі екенін оқырмандарына тамсана көлденең тартады. Оған қоса бүгін Американың ең басты кредиторы да Қытай екенін және АҚШ-тың бір триллион 300 миллиард долларды құрайтын мемлекеттік қарызының тек Қытайға ғана тиесілі екенін жайып салады.
Сегізіншіден, Генри Полсон Қытайда белсенді жүріп жатқан урбанизация үдерісінің тиімді жағымен қатар, оның әлсіз жағына да тоқталады. Біріншіден, қалада адами ресурс көбейген сайын одан түсетін салықтың да көбейетінін, еңбек өнімділігінің де артатынын алға тартса, екінші жағынан бұл процестің қиындығының да аз болмайтынын, атап айтқанда, баспана мәселесі, бала-бақша, мектеп, аурухана, жаңа жолдар мен көпірлер салуға сұраныстың да қоса өсетінін, демек, олардың бәрін жолға қою үшін миллиардтаған қосымша қаражат қажет болатынын назардан тыс қалдырмайды.
Сондай-ақ Генри Полсон Қытайдағы экологиялық жағдайдың тым ауырлап кеткенін, яғни Қытай индустриясы мен энергетикасының негізгі қозғаушы күшінің көмір мен мұнай және газ болып отырғандығының салдарынан атмосфераға тарайтын улы газ тек Бейжіңді ғана тұншықтырып қоймай, елдің өзге аймақтарына да өлшеусіз залалын тигізіп жатқанын айта келіп, Қытайдың ендігі жерде жаңғырмалы энергетика көздеріне де ерекше көңіл бөле бастағанын тілге тиек етеді.
Сөз соңында Қытайдың сеніміне кірген Генри Полсонның бұл елге сіңірген еңбегі ақталды деуге толық негіз бар. Өйткені бүгінгі Қытай әлемдік деңгейдегі қаржы жүйесін құруға талпынып, мемлекеттік меншікті азайтып, жеке меншіктегі компаниялардың көбеюіне мүмкіндік туғызып жатыр.
Бұдан бөлек 2014 жылы Қытай шетелдік компаниялардың Қытай биржаларындағы үлесінің екі есеге, атап айтқанда, 50 миллиард долларға дейін артуына мүмкіндік жасады.
Ал 2013 жылы Қытай Шанхай Еркін Сауда Аймағын ашып, елдің өзге аймақтарындағыдай емес, қаржы, денсаулық сақтау және қонақжайлылық көрсету салаларында либералдық эксперименттер жасауға да мүмкіндік жасады. Бұл саясат өз жемісін тез берді. Бүгінгі таңда Қытай миллиардерлерінің саны 152-ге жетіп, АҚШ-тан кейінгі екінші орынды иеленіп отыр. Бұл салада Джек Ма меншігіндегі онлайн режімде жұмыс істейтін «Алибаба» (Alibaba) компаниясы нақты мысал бола алады. Ал мұндай мысалдар Қытайда жетіп артылады.
Сараптаманы осымен қорытындылай келе, айтпағымыз мынау: АҚШ-тың айтулы қаржыгері әрі саясаткері Генри Полсонның салиқалы монографиясы тек Қытай мен АҚШ үшін ғана емес, өзге мемлекеттерге де, оның ішінде әлемнің оза дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырған өз еліміз үшін де таптырмайтын дереккөзі десек, артық айтқандық емес.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі