Аймақтар • 11 Ақпан, 2019

Мақсат – миллион шаршы метр үй салу

359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарапынан биыл тұрғын үй құрылысын салуда екі бірдей үлкен меже жос­парланып отыр. Бірінші мақсат – өңірде пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемін бір миллион шаршы метр­ден асыру. Екіншісі – облыстағы үй кезегінде тұрған 30 мың­ға жуық жасты баспанамен қамту. Аталған екі маңызды мін­деттің бір-бірімен тығыз байланысты екені түсінікті.

Мақсат – миллион шаршы метр үй салу

Тұрғын үй құрылысында биыл алға қойылған меже был­тырғыдан 100 мың шаршы метр артық. Бұл істі жүргізудің жаңаша жүйесі қарастырылған. Ең бастысы – құрылыс жұмыс­тар­ына пайдаланылатын мате­риа­л­дардың түрі мен сапа­сын жергілікті өнімдер есебінен ұл­­ғайту. Бұл көрсеткіш бұған дейін 85 пайызды құраса, биыл оның көлемін 90 пайызға дейін жеткізу жөнінде ұйғарым жасалды. Яғни, жергілікті құрылыс индустриясы арқалайтын жүк одан әрі арта түспек. Егер атал­ған индустрия өнімдері цемент және темірмен толығатын болса, бел­гіленген жоспарды орындау қиынға түспеуге тиіс.

Ақтөбе қаласында бұған дейін бой түзеген тұрғын үй ке­шен­дерінің төменгі қабат­тары көп жағдайда коммер­ция­лық құры­лымдарға беріл­­ге­нін байқау қиын емес. Есесі­не балабақша, медицина­лық пункт­тер, полиция қосындары, сондай-ақ мектептен тыс балалар мекемелері секілді әлеу­меттік сипаттағы нысандар аз. Сайып келгенде қарапайым тұрғындарға коммерциялық нысандардан гөрі осындай орын­дар маңызды әрі қажетті. Сондық­тан алдағы уақытта әлеуметтік нысандарға көбірек орын береді деген жоспар бар. Сондай-ақ қажет жағдайда жергілікті билік өкілдерінің мұндай әлеуметке қажетті алаңдарды оны салушылардан өтеп алу тетіктері де қарастырылған. 

Рас, бүгінде кез келген құ­ры­лыс компаниясы ең алдымен көбірек пайда табу үшін тұрғын үйлерді коммерциялық бағытта салуға ыңғай танытып тұратыны жасырын емес. Әрине бұл үшін оларға айып тағудың жөні жоқ. Дегенмен, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, қазір бой көтеріп жат­қан панельді үйлердің бірін­ші қабатын әлеуметтік ғима­раттарға бейімдеп салу жолдары мен нормативтері белгіленіпті. Облыста жыл аяғына дейін бір миллион шаршы метр тұр­ғын үйді пайдалануға беру жұ­мыстары құрылыс кластерін құрумен ұштастырыла атқа­ры­лу­да. Мұндағы мақсат – құры­лыс салудың жаңа, өміршең әдіс­терін енгізу. Жұмысқа қазіргі заманғы материалдарды пайдалану. Бұл үшін ғимараттардың экологиялық және энергиялық тиімділіктерін көтеру ісіне де көңіл аударып отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов. 

Әкімдіктің болашақта 30 мыңға жуық жасты тұрғын үй­мен қамтысақ деген асқаралы жоспары бар. Бір қарағанда орын­далмастай көрінуі мүмкін. Дегенмен, облыста ойлас­ты­рылған бірқатар бағдарла­ма­ларды атап айтуға тиіспіз. Бірін­шісі – облыстық жастар саяса­ты мәселелері басқармасы ұсын­ған қанатқақты жоба. Атал­ған жоба Жастар жылына ғана емес, алдағы 5 жылдық пен 10 жыл­­дыққа жоспарланған. Ол жастарға берілетін арендалық тұрғын үйлер тетігін нығайтуға негізделген. Екіншіден, облыс­та жастарға пәтер алу үшін жеңіл­детілген несие беру тәртіп­тері қарастырылған. Бүгінде «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ қойған талаптар мен ережелерді орындауға екінің бірінің мүмкіндігі жете бермеуі мүмкін. Сол үшін де Ұлттық банк қосымша жаңа бағдарлама қабылдау жөнінде шешімге кел­гені белгілі. Аталған бағдар­ламаға сәйкес пәтер беру көр­сет­кіші бойынша Ақтөбе облы­сы өңірлер арасында орта­дан жо­ғары деңгейде тұр екен. Алайда банк шарттарының күрде­лілігі мен жоғарылығы себепт­і «7-20-25» бағдарламасы бойын­ша ұсынылған үйлерді салым­шылардың алуы шектеулі күйінде қалып отыр. 

Айталық, өткен жылы атал­ған бағдарлама аясында 2 100 000 теңге бастапқы жарнамен 254 пәтер берілген. Жаман емес әрине. Дегенмен, оны бұдан әрі өсіруге де болар еді. Әйтсе де аталған банктің кейбір шарттары оған мүмкіндік бермей отырған сыңайлы. Әйтпесе өңірде аталған бағдарламаға сәй­кес салынған әрі салынып жатқан үйлер бұл көрсеткіштен бірнеше есе артық. Бұл арада басты мәселе бастапқы жарнаны төлеудің қиындығында. Өңірде жастарға жеңілдетілген несие берудің қажеттілігі осыдан туындап отыр. Оны реттеу үшін Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында тиісті келісімшартқа қол қойыл­ған. Соған сәйкес пәтерлердің бастапқы жарнасын жеңілдету үшін 20 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл өз кезегінде жастар мен жас отбасыларға арналған бастапқы жарнаның он пайызы субсидияланғанын көрсетеді.

Міне, өңірде Жастар жылына орай жастарға қолға алын­ған материалдық көмек түрлері осындай. Әрі оны облыс бас­шылығының «7-20-25» бағдар­ламасын жүзеге асыруға қосқан сүбелі үлестері деп бағалауға да болады. Түйіп айтқанда, тұрғын үй мәселесін шешуде алдарына нақты міндеттер мен мақсаттар қойған жергілікті өкілетті орган өкілдерінің оң бастамалары осындай. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ