Бұл туралы өткен аптада Астана каласы бойынша iшкi мемлекеттiк аудит департаментi басшысының орынбасары Қабдыраш Бауыржан мәлімдеді. Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу саласын жетілдіру мақсатында 2018 жылдың 26 желтоқсанында Елбасы Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Биылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген заңды кеңінен түсіндіру мақсатында Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті арнайы жиын өткізді.
Астана қаласы бойынша iшкi мемлекеттiк аудит департаментi басшысы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік сатып алумен айналысатын не ұйымдастыратын органдарда қандай да бір заңға қайшы әрекеттер орын алмас үшін республиканың барлық өңірінде алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуға қатысатын әрбір мекемемен жеке байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қабылданған заң алдымен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
̶ Бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Бұл маңыздылығы аз жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл норма бала-бақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдениет үйлері, интернаттар, қарттар үйлері сияқты негізінен бюджеті шағын тапсырыс берушілерге қатысты болмақ. Екіншіден, әлеуетті жеткізушіге қаржылық тұрақтылық түрінде жаңа біліктілік талап белгіленеді. Ол төленген салықтардың, айналымдағы және негізгі қаражаттың бар болуы, еңбекақы төлеу қоры сияқты параметрлер арқылы анықталатын болады, − деді Қабдыраш Бауыржан. Оның айтуынша, Мемлекеттік сатып алулар ережелерінде бағаны төмендетуге, яғни «демпингтік бағаға» жол бермеу үшін мынадай шектеу енгізілген: құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша шекті өлшем − 10%, жобалық-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені жобалау бойынша − 15%, техникалық қадағалау қызметтері бойынша − 15%. Жиын барысында қатысушылар ойларын ортаға салып, қабылданған заң ережелерімен кеңірек танысуға мүмкіндік алды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»