11 Ақпан, 2019

Каспий конвенциясы – өңірлік тұрақтылық пен орнықты даму кепілі

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау ресімдерін аяқтады. Парламент қабылдаған тиісті заңға Елбасы  8 ақпанда қол қойды. 

Каспий конвенциясы – өңірлік тұрақтылық пен орнықты даму кепілі

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында өт­кен V Каспий саммитінің барысын­да Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан прези­дент­тері аталған Конвенцияға қол қой­ған болатын. Тараптардың 20 жыл бойы та­бан­дылықпен жүргізген келіс­сөз­дерінің нәтижесінде бекітілген, Елбасы «Каспий конституциясы» деп бейресми атау берген бұл құжаттың маңызы жоғары екені сөзсіз. Өйткені Каспий маңы елдерінің аймақтағы ортақ мүддесін нақтылаған, өзара ынтымақтастықтың жасам­паз үлгісі саналған бұл Конвен­ция халық­аралық және аймақтық қауіп­сіз­дікті нығайтуға, экономикалық әріп­­тес­­тікті одан әрі жандандыра түсуге, өңірдегі экологиялық түйт­кіл­­дерді оңтайлы шешуге және бас­қа да көкейтесті мәселелерді еңсе­­руге негіз болатын әрі серпін бере­­тін құжат. Сондықтан оның қабыл­дануын барлық қатысушы тараптар, халықаралық қоғамдастық тарихи оқиға ретінде қарастырады. Осы орайда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Каспий конвен­ция­сының қабылдануында басты рөл атқарғаны халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғанын атап өткеніміз орынды. 

Қатысушы мемлекеттер конвенцияны толық ратификациялаған­нан кейін теңіз маңы елдерінің өзара ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп, нәтижесінде Еуразия­ның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өмірінде тың серпі­ліс болады деп күтілуде. Соны­мен қатар бейресми түрде «Каспий конс­титуциясы» деп аталатын осы құжат Қазақстан үшін өңірлік тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге және сауда-экономика саласындағы мүм­­кіндіктерге кеңінен жол аша­тын­дығымен құнды. 

Бұдан бөлек, ол еліміздің Орталық Азия елдерімен әріптестігін, тран­зит­тік мүмкіндіктерін арттыруға ерек­ше ықпал етеді. Конвенция қазақстандық теңізбен байланысты өндірістік-шаруашылық салаларына да тиімділігін көрсетіп, сауда мен туризм әлеуетін дамытуға алғышарт болып отыр. Осы орайда мұнай-газ ресурстарына қатысты жобалардан басқа, өзге де табысты жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндіктері молая түспек.

Сонымен бірге Конвенция теңіз жағалауы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуда, ондағы табиғат байлығын сақтап әрі тиімді пайдалануда, өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуде, аймақтағы халықтың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін шешуде жəне басқа да салалар бойынша маңызды рөл атқаратыны белгілі.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, құжатты дайындау кезіндегі келіссөздерде және оны бекіту барысында бес мемлекеттің барлық талап-тілегі, мүддесі барынша есепке алынды. Бұл өз кезегінде ортақ келісімнің, тиімді уағдаластықтың жүзеге асырылғанын көрсетеді. Десек те, Каспийге қатысты негізгі құжатқа президенттер тарапынан қол қойылғанымен, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу міндеті тұр. Бұл шаруа­лар Конвенция талаптарын жоғары деңгейде тиімді іске асыру жəне өңірдегі қалыптасқан серіктестіктің түрлі салаларына қатаң бақылау жасау, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты шараларды өзара түсіністік негізінде жүргізу сынды негізгі бағыттармен тікелей байланысты.

Каспий маңы елдерінің міндет­темелері мен құқықтарына, өңір­дің тыныштығына, экономи­калық өркендеуіне және тұрақтылық пен орнықты дамуына мүмкіндік беретін барлық кешенді бағыттар қамтылған Каспий конвенциясының теңізде үлесі бар мемлекеттердің өзара сенімді әріптестер болуы үшін жан-жақты әрі пайдалы заңнамалық база түзетінін, сондай-ақ тараптардың көз­деген ұстанымдарын анықтайтын күшке ие екенін басты назарда ұста­ғанымыз жөн. Сондықтан аталған құжатты Каспий теңізі өңірін бей­бітшілік пен тыныштықтың, тұрақ­тылықтың аймағына айналдыру, қатысушы елдердің егемендігі мен территориялық тұтастығын құр­меттеу, өзге мемлекеттердің әс­кер­лерін аймаққа кіргізбеу мәсе­лелерінде негізгі халықаралық құқық­тық құрал ретінде қарастыруға әбден болады.

Жекелеген салалар бойынша айтар болсақ, Конвенция бес мем­лекеттің балық аулау ісіне ерекше құқық береді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе жөнінде: «Теңіз­дің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге жəне əлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Əрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүм­кін болатыны қарастырылған», деген болатын.

Негізінде Каспий айрықша эко­жүйесі бар су бассейні болып есептеледі. Ол теңіз деген атауға ие болғанымен, өзге теңіз-мұхит­тармен ұштаспайтын тұйық су. Оның биоресурстары сыртқы эколо­гиялық жағымсыз әсерлерге аса сезімтал болып келетін көрінеді. Сол себепті теңіздің биоалуандығын сақтауға бес ел тең дәрежеде жа­уапты болуы тиіс. Осы орайда Кон­венция қағидаттарының орындалуы теңіздің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының өз деңгейінде қорғалуына бар мүм­кіндігінше оң әсерін тигізбек.

Құжатқа сай, тараптар ені 15 мильден аспайтын көлемде аумақ­тық суды белгіледі, олардың сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара мәр­тебесінде болады. Аумақтық суларға он мильдік балық аулау аумағы кіреді, онда әр мемлекеттің кәсіппен айналысуға құқығы бар.
Айта кетейік, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны бұған дейін Түрікменстан парламенті ратификациялаған-ды. Енді өзге әріптес мемлекеттер де бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруы тиіс деп ойлаймыз.

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»