Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған туындының тең режиссері әрі сценарий авторлары – Әзизжан Заиров және Мұхамед Мамырбеков.
«Қыз бен теңіз» фильмі – мүмкіндігі шектеулі жастардың өмірі баяндалатын «Безграничные возможности» дилогиясының екінші бөлімі. Циклдың бұдан сәл бұрынырақ түсірілген «Быть или не быть?» атты бірінші бөлімінде Балалардың церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозы бар жас жігіттің өмірі суреттелсе, «Қыз бен теңіз» аталатын кезекті бөліміне Әсел есімді бойжеткеннің тағдыры арқау болыпты. Жазылмайтын ауруына қарамастан, жас қыздың бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру. Осы бір мақсаты жолында талайлы тағдыр иесі өмір ұсынған кез келген қиындықты еңсеруге дайын. Шын қаласа, адам баласының жеңбейтіні жоқ екен. Рух пен жігер оты тасыған өмірге құштар жан арманын бағындырады.
– Фильм негізіне «АРДИ» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпованың өмірі алынған. Картинада ол басты рөлді сомдайды. Динара өзінің өмірге деген көзқарасы, өмірсүйгіштігі және мінезінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Өзінің ауруына қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. «Тұран» колледжін тәмамдап, Мәскеудегі «Синергия» университетінде білім алған. Шығармашылыққа да өте жақын, аяғымен сурет салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге көмектеседі. Динараның суреттері Жапония, Англия, Америка елдерінің жеке көрмелерінде ұсынылған. Фильмде біз оның шексіз ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге тырыстық, – дейді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.
2017 жылы көктемде өндіріске жіберілген картинаның негізгі түсірілім жұмыстары екі ай көлемінде Алматы қаласы мен Қапшағай жағалауында өткен. Фильмге түскендердің барлығы дерлік кәсіби актерлер емес, ДЦП диагнозы бар мүмкіндігі шектеулі адамдар. Басты рөлдерді «АРДИ» оңалту орталығының оқушылары, атап айтсақ Динара Шәріпова, Тахир Умаров, Қанағат Тасқараев бастаған талантты жастар ойнайды. Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне белгілі театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылған. Фильм режиссерлерінің пікірінше, жаңа туынды мүмкіндігі шектеулі талай жанның өмірін түбегейлі өзгертіп, жаңаша талпыныс сыйлайтыны сөзсіз.
– Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүмкіндігі шектеулі жандарға кинематограф арқылы келген арт-терапияның әсері инклюзивті (барлығы қамтылған) болатынын түсіндім. Соның арқасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екендері көрініп тұр. Бұл картина арқылы біз көрермендерге мүгедек жастардың ғана емес, мүмкіндігі шектеулі барлық жандардың күнделікті проблемалары туралы ашып көрсетуге тырыстық. Қоғамда өз орнын тауып, сол ортаның тең мүшесі болу үшін осындай адамдардың өмірімен, тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін, көрермен оларға түсіністікпен қарап, тіпті өздерінің күшіне де сене алатынына сеніміміз мол, – деді көрсетілім соңынан пікір білдірген фильмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков.
Түсірілім тобының өкілдері, сондай-ақ алдағы уақытта кинотуындының зағип жандар үшін арнайы тифлоаудармасы бар нұсқасын дайындауды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»