Мұзбалақ ақынның туған күніне орайластырып өткен жыр кешіне Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, «Мұқағали ізімен» және «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Жыр падишасының туындылары сондай-ақ, жастардың жүрекжарды шығармалары орындалған байқау Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті мен «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
Әдеби сайысқа ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы, Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар және жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғали, әнші, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров, әнші, композитор Ерали Көшербаев және ақын Батырхан Сәрсенхан қазылық жасады.
Педагогикалық оқу орнының қабырғасында тұңғыш рет өтіп отырған байқауға 30 жас ақын мен 30 әнші қатысуға өтініш білдірген. Оның ішінде екі бағыт бойынша 20 өнерпаз іріктеліп алынды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері бар. Қатысушылар «Өлеңнен төгілген әсем ән» және «Мұқағали ізімен» бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Сайыскерлер бірінші бағытта Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындаса, екінші бағыт бойынша қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре айтып, арнау жырларын оқыды.
Жиында Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова сөз сөйлеп, мұзбалақ жыр шайырының шығармаларын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған игілікті істің алдағы уақытта дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
– Мұқағали – ғұмырының соңына дейін шығармашылықтан алыстамай, қолынан қаламы түспей, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен сырына молынан қаныққан ақын. Өлең киесінің мәні мен мағынасына терең бойлап, сөз маржанын келісті кестелей білген Мақатаев мұралары қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес туындылар. «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын,» – деп жырлаған Мұқағали өзі де қазақтың қара өлеңінің Хантәңіріне айналып отыр, бүгінде. Жалындаған жастардың поэзияға деген құштарлығын арттыру орайындағы тағылымды шара өміршең болады деп ойлаймын, – деді Ж. Сұлтанова.
Тартысты өткен байқау қорытындысында кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ. Десе де «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыты бойынша бас жүлде Қыздар университетінің студенті Алтынай Жәңгірдің қанжығасында кетті. Бірінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Еділ Жетпісов ие болса, екінші орын Қазақ ұлттық университетінің студенті Айерке Сайранға бұйырды. Ал Қыздар университетінің студенті Аружан Насыролланова үшінші орынға қол жеткізді.
«Мұқағали ізімен» ақындар жарысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Шадияр Есенәлінің жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Осы бағыт бойынша бірінші орынға Қыздар университетінің студенті Лаура Жаңабай, екінші орынға Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұркен Құмарбек және үшінші орынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Оралбай Мырзақұлов ие болды.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың алғыс хаты мен дипломы табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар ақынның туған күні қарсаңында «Есіңе мені алғайсың...» атты жыр алыбын еске алу кеші өтті. Аспантаудың ақиық ақынының Алматыдағы ескерткішінің алдында ұйымдастырылған жиында Қыздар университетінің студенттері поэзия падишасының өміршең өлеңдерін орындап, жүрекжарды жырларын тебірене оқыды.
Дәстүрге айналған тағылымы мол, айтары зор шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні Бақытгүл Айдарова, әдебиет сүйер қауым және оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысты.
Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департамент ұйытқы болған жиынның ресми бөлімінде ұлы ақынның ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, кеш шымылдығын Бауыржан Жақып ашты. Ол жыр шайырының шығармаларын жастар арасында кеңінен дәріптеу тұрғысында қолға алынған игілікті істің мәні мен маңызы турасында ой қозғап, Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ университет ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді. Ал, Әділғазы Қайырбеков Мұқағали Мақатаевтың қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қарым-қатынасы жайында кеңінен әңгіме қозғады. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарованың әсерлі естеліктері жиын ажарын аша түсті.
Сонымен қатар поэзия кеші барысында Қазақ әдебиеті кафедрасының жанынан ашылған «Назқоңыр» үйірмесінің мүшелері Алатаудай асқар таланттың туындыларын орындап, сахналық қойылымды жұртшылық назарына ұсынды. Ақынның мәңгілік ғұмырға айналғанының тағы бір айқын дәлелі, жыл сайын туған күні қарсаңында еліміздің барлық аймағында Мұқағалиға арналған әдеби кештердің үздіксіз өткізілуі. Бұл үрдіс ешкімнің міндеттеуінсіз, жүрек қалауымен жүзеге асып жатқандығы таңданыс туғызатыны рас.
– Жыр дүлдүліне арналған мүшәйралар мен ән кештері жылдан жылға жалғасатыны сөзсіз. Ақын өзінің күнделігінде «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Одан кейінгі ұрпақтың да туысымын» деген екен. Келешекті болжап кеткендей болған ақын көрегендігіне еріксіз таңданасың. Расымен де жаңа мыңжылдықтың ұрпақтары ақынның құрдасына һәм сырласына айналған. Оған жыл сайын білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінде өтіп жүрген дәстүрлі «Мұқағали оқулары» атты жыр жиыны нақты дәлел бола алады, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Жандар АСАН,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы