Қазақстан • 11 Ақпан, 2019

Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 4 трлн 831 млрд теңге бөлінбек

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оның ішінде әлеуметтік көмек көрсетуге 3 трлн 43 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына  1 трлн 117 млрд теңге, білім беру саласына 583 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.

Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 4 трлн 831 млрд теңге бөлінбек

Бұған қоса, Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, еліміздегі көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін қарастыруда.

− Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды және осы жұмыс тобының аясында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жеке қарастырып жатырмыз. Қысқа мерзімде тиісті ұсыныстар біздің тарапымыздан берілетін болады. Көпбалалы отбасылардың жағдайлары нашар екендігін түсінеміз. Сондықтан оларға көмек қолжетімді болуы керек деп есептейміз, - деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша жыл сайын әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат артып келеді.

− Мемлекеттік бюджетті әлеуметтік бюджет деп айтуға болады. Соңғы 2 жылда әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың үлесі 34-тен 44 пайызға өсті  және осы үш жылдың ішінде, яғни 2021 жылға дейін әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат 49,1 пайызға дейін артады, - деді министр.