Қазақстан • 11 Ақпан, 2019

2018 жылы бюджетті игере алмаған министрліктер мен өңірлер аталды

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылы үш министрлік республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты игере алмады. Бұл жайында бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

2018 жылы бюджетті игере алмаған министрліктер мен өңірлер аталды

«Мемлекеттік бюджетті игеру 99,7 пайызды құрады. Жоспар бойынша 11 793 млрд теңге игерілу керек болса, іс жүзінде 11 758 млрд теңге игерілді. Республикалық бюджет бойынша бұл көрсеткіш - 99,99 пайыз. Жоспардағы 9,7 трлн теңгенің 1,5 млрд теңгесі игерілмеген. Оның ішінде 17 млрд теңге - бұл шұғыл және күтпеген шығыстарға арналған Үкімет резервінің қалдығы, 300 млн теңге - үнемделген қаржы және 1,5 млрд теңге -жеткізу шарттары талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінен қалыс қалу есебінен игерілмен қаражат», - деді министр.

Оның айтуынша, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі - 310 млн теңге, Білім және ғылым министрлігі - 255 млн теңге, Қорғаныс министрлігі 214 млн теңге бюджет қаражатын игере алмаған.

«Жергілікті бюджеттер бойынша игеру 99,7 пайызды құрады. Атқарылмағаны - 16,1 млрд теңге. Төмендегі өңірлер жоспарланған соманың басым бөлігін орындай алмаған: Маңғыстау облысы - 7,2 млрд теңге, Қарағанды облысы - 2 млрд  теңге, ШҚО - 1,7 млрд  теңге», - деді Ә.Смайылов.

Осы ретте министр 2018 жылғы бюджет шығыстары негізінен әлеуметтік салаға бағытталғанын ерекше атап өтті. Республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі 2017 жылы 34 пайыз болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 44,4 пайызды құрады. Шығыстардың басым бөлігі халықты ауызсумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын кредит беруді кеңейтуге бағытталған.

- «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Агробизнес - 2020» бағдарламалары аясында іс-шараларды жүзеге асыруға, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге айтарлықтай қаражат бөлінді, - деді ол.