Жиында жергілікті бюджетке берілген қаражаттың 16,1 млрд теңгесі атқарылмағандығы туралы айтылды. Оның ішінде жоспарланған соманың басым бөлігі Маңғыстау облысына (7,2 млрд теңге), Қарағанды облысына (2 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облысына (1,7 млрд теңге) тиесілі.
Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2018 жылғы бюджет шығыстары негізінен әлеуметтік салаға бағытталған. Оның ішінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді кеңейтуге бағытталған. Бұған қоса, министр «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол», «Агробизнес-2020» бағдарламалары шеңберіндегі іс-шараларға, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге айтарлықтай қаражат бөлінгендігін атап өтті.
Биыл да республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 4 трлн 831 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде әлеуметтік көмек көрсетуге – 3 трлн 43 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына – 1 трлн 117 млрд теңге, білім беру саласына 583 млрд теңге бағытталмақ. Бұған қоса, бөлінген қаражат есебінен Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, еліміздегі көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі қарастырылады.
− Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды, осы жұмыс тобының аясында көп балалы отбасыларды баспанамен қамтуды жеке қарастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан қысқа мерзімде тиісті ұсыныстар берілді. Көп балалы отбасыларға көмек қолжетімді болуы керек деп есептейміз, – деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша, жыл сайын әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат артып келеді.
− Мемлекеттік бюджетті әлеуметтік бюджет деп айтуға болады. Соңғы 2 жылда әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың үлесі 34-тен 44 пайызға өсті. Үш жылдың ішінде, яғни 2021 жылға дейін әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат 49,1 пайызға дейін артады, − деді министр.
Ә.Смайыловтың айтуынша, елімізде 1 млн 387 мың азаматтың 21 млрд теңге салықтық берешегі бар.
− Жеке тұлғаларға қатысты салықтық рақымшылық жүргізу мақсатында Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Бүгінгі таңда еліміздегі
1 млн 387 мың азаматтың 21 млрд теңге салықтық берешегі бар. Оның 6,6 млрд теңгесі – өсімақы. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берешегін өтеген азаматтардың өсімі жойылатын болады, – деді министр.
Қаржы министрлігі басымдық беретін салалардың бірі – жекешелендіру бойынша биыл 123 нысан сатылады деп жоспарланып отыр.
− Бүгінде жекешелендірудің кешенді жоспарына кірген 898 нысанның 530-ы жоспар жүзеге асқан уақыттан бастап сатуға шығарылды. Оның 473-і 470 млрд теңге сомасына сатылды. Атап айтқанда, республикалық меншіктегі 47 нысан – 44 млрд теңгеге, коммуналдық меншіктегі 246 нысан – 64 млрд теңгеге, ұлттық холдингінің 102 нысаны – 356 млрд теңгеге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның 78 нысаны 6 млрд теңгеге саудаланды, − деді Ә.Смайылов. ІРО-ға шығарылған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының 15 пайызы бойынша сауда-саттық АХҚО биржасында және Лондон қор биржасында өткен. Акцияларды 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға, сондай-ақ 2700 Қазақстан Республикасының азаматы сатып алыпты. Мәмілелердің жалпы сомасы 168 млрд теңгені немесе 451 млн АҚШ долларын құраған.
− Мұнан басқа, 280 нысан қайта құруға және таратуға жіберіледі. Оның 170-і қайта ұйымдастырылып, жойылды. Осылайша жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 84 пайызды құрады. Жекешелендірудің кешенді жоспары түгендеу нәтижелері бойынша анықталған нысандармен біртіндеп толықтырылатынын атап өткім келеді. 2018 жылдың қараша айында қосымша 48 нысан енгізілді. Үстіміздегі жылы кешенді жоспарға кірген 123 нысанды сатуды аяқтау жоспарланып отыр, − деді министр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»