Бұған дейін 2014 жылы осы бағытқа 78,7 миллиард теңге қаражат бөлінген екен. 2017 жылғы көрсеткіш 32 миллиард теңге шамасында.
Сарапшылар жыл санап ұлттық экономикадағы «жасыл» технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын айтады. 2050 жылға қарай «жасыл» экономикаға көшудің нәтижесінде ішкі жалпы өнімді қосымша 3 пайызға өсіріп, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында жаңа бағыттарды қалыптастыруға, халықтың тұрмыс сапасының жаңа жоғары стандарттарын жасауға қол жеткізілмек. 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі жел энергиясы стансалары мен күн энергиясы стансаларының үлесін 3 пайызға жеткізу міндеті алға қойылып отырғанын айта кету керек.
«Жасыл» экономикаға салынған инвестиция көлемі бойынша Ақмола облысы аймақтар арасында алдыңғы орында тұр. 2017 жылы облыста осы бағытқа 3,8 миллиард теңге жұмсалса, былтыр бұл көрсеткіш 6 жарым есеге өсіп, 25,7 миллиардқа жетіпті.
Екінші орында – 12,7 миллиард теңге көрсеткішпен Жамбыл облысы тұрса, үштікті 9,1 миллиард теңгемен Атырау облысы түйіндепті.
Бүгінгі таңда елімізде жаңғырмалы энергия өндіретін 65 нысан бар екен. Finprom.kz хабарлағандай, бұл нысандардың 12-сі жел электр стансасы, 19-ы күн электр стансасы, 33-і гидроэлектр станса, тағы 1-еуі – биогаз қондырғысы. 2018 жылдың алғашқы жартысында 65 нысаннан барлығы 629,5 миллион кВт-сағ электр энергиясы өндірілген.
Қазіргі таңда Ақмола облысында қуаты 50 МВт болатын «Астана ЭКСПО-2017» жел электр стансасы салынып жатыр. Бұл іске қосылғаннан кейін ауаға таралатын парник газының көлемін жылына 230 мың тоннаға азайтуға тиіс. «Астана ЭКСПО-2017»-ның қуаты 10 мыңнан астам отбасын жаңғырмалы энергиямен қамтамасыз етуге жетеді.
Ақмола облысындағы жобаға «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ 3,6 миллиард теңге қаражат бөліпті. Құрылысына жалпы көлемі 45 миллиардтан астам қаражат жұмсалатын жел электр стансасына Қазақстанның даму банкі мен оның еншілес кәсіпорны «БРК-Лизинг» инвестиция бөлгенін атап өткен жөн.