Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

2008-2018 жылдар аралығында 20 ірі су тасқыны оқиғасы тіркелген

1340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Үкімет Кеңесінде Су комитетінің төрағасы И.А.Әбішев мәлімдеді. 

2008-2018 жылдар аралығында 20 ірі су тасқыны оқиғасы тіркелген

Су комитетінің төрағасы И.А.Әбішев  ағымдағы жылы Шардара су қоймасын алдағы вегетациялық кезеңге қажетті суды жинақтау мақсатында  82 %-ға толтырылғанын айтты. Комитет төрағасы келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы наурызда Шардара су қоймасына су орташа көпжылдық мөлшерде келген. Алайда сәуір айында 2000 м3/сек аса жоғары су өтімдері келіп түсіпті.

«Түркістан және Қызылорда облыстары әкімдіктерімен бірлескен жұмыстардың арқасында су тасқыны ешқандай шығынсыз өткізілді, нәтижесінде қажетті су қоры жинақталды, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар толығымен сумен қамтамасыз етілді», деді И.А.Әбішев.

Елімізде 2008-2018 жылдар аралығында 20 ірі су тасқыны оқиғасы тіркелген. Барлық осы тасқын су жағдайлары кезінде республикалық меншіктегі барлық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеген. Ешқандай өрескел жағдай орын алмаған. Сонымен қатар Су ресурстары комитетінің және «Қазсушар» РМК бірде-бір қызметкері жауапкершілікке тартылмаған (2018 жылғы Семей қаласындағы тасқын су жағдайынан басқа). Гидротехникалық құрылыстар арқылы тасқын суларды апатсыз өткізу мақсатында Су ресурстары комитетінде тасқын су кезеңінде тасқын суға қарсы комиссия құрылды. Осындай комиссиялар Бассейндік инспекцияларда, «Қазсушар» РМК мен оның филиалдарында құрылған.

«Нұра, Есіл (Астана суқойм. дейін), Тобыл және Тоғызақ өзендері бассейндерінде, сондай-ақ БҚО өзендерінің бассейндерінде болжамға сәйкес ылғал қорының көлемдері нормадан жоғары.  Басқа өзендер бассейндерінде ылғал қорының көлемдері норма шегінде немесе төмен. Ал Талас Алатауының солтүстік батыс сілемдерінде (Түркістан обл.), Солтүстік Іле Алатауында, ШҚО Тарбағатай жотасының оңтүстік батыс бөктерінде, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасының аймағында және Ертіс өзенінің оң жағалау сағаларында қар қоры 30-35 % нормадан жоғары. Сонымен қатар қардың жиналуы жалғасуда, және ақпанда, наурызда және сәуірде қардың айлық нормасы түсуі мүмкін», деді комитет төрағасы.