12 Ақпан, 2019

Барлық өңірде тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмыстарын үйлестіру штабтары құрылды

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мәселесі қаралды. Ішкі істер министрі Қ. Қасымов мемлекеттік өртке қарсы қызмет және жергілікті атқарушы органдар өртке қарсы шаралар қабылдап жатқанын айтты. Дегенмен, елімізде жыл сайын өрт фактілері тіркелуде.

Барлық өңірде тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмыстарын үйлестіру штабтары құрылды

«Өткен жылы өртте қаза болғандардың саны Атырау облысында 2 есеге, Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 25%-ға, Жамбыл облысында 8%-ға көбейген. Бұл ретте өрттің 60%-дан астамы тұрғын үй секторында болған, оның ішінде 40%-ы – тұрғындардың отпен абайсыз болуынан, 20%-ы – пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларының бұзылуынан және 16%-ы – электр жабдығынан туындаған», — деді министр Қ. Қасымов.

Қысқы кезеңге дайындық аясында өткен жылдың қыркүйек және желтоқсан айларында өрт қауіпсіздігі айлықтары алдын ала өткізілді. Жылу беру маусымы басталғаннан бері өрт санының 2%-ға, адам өлімі жағдайлары 27%-ға төмендегені байқалды.

Бұдан өзге, ведомство тұрғын үй секторында өрттің алдын алу іс-шараларын жүзеге асырып жатыр.

«Аталған жұмысты үйлестіру үшін барлық өңірде, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар комитетінде 6 ақпанда штабтар құрылды. Талдау жасалып, өртке қарсы қызметтің назарын аударуды қажет ететін біршама елді мекеннің проблемалы көшелері, орамдары, аудандары анықталды. Демалыс күндері азаматтардың көпшілігінің үйінде болатынын ескеріп, басқару аппараттарын қоса алғанда, ТЖК бөлімшелерінің барлық жеке құрамы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін аула аралауға шығуда», — деді Қ. Қасымов.

Бұл жұмысқа жеке өртке қарсы қызметтердің, өрт қауіпсіздігі саласында қызмет көрсетумен айланысатын ұйымдардың жұмыскерлері және еріктілер жұмылдырылған.

«Тек өткен демалыс күндері 107 мыңдай жеке тұрғын үйде профилактикалық жұмыс жүргізілді (оның ішінде 7,6 мыңы уақытша құрылыстар), 49 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Бұл ретте, 13 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің тұрғындары пешті тексеруден бас тартты», — деді ішкі істер министрі.

Өртке қарсы техниканы қолданумен қосымша жеке тұрғын үй секторында өту жолдары мен өрт гидранттарының жай-күйі тексерілуде.

Мектептер, ауруханалар, балабақшалар, ірі сауда орталықтары, тіршілікті қамтамасыз ету объектілері және күш құрылымдары жататын өрт қаупі жоғары деңгейдегі объектілердің жағдайы тұрақты бақылауға алынған.

«Штаттық саны 933 инспекторды құрайтын мемлекеттік өртке қарсы бақылау өткен жылы 40 мыңнан астам нысанды тексерді, 139 мың бұзушылық анықталды, 21 мың лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотқа өрт бақылау ұйғарымын орындамайтын объектілердің жұмысын тоқтатуға 2 мыңнан астам талап арыз жіберілді. Соның нәтижесінде, 1 244 сауда объектісінен 1060 ірі сауда орталығы немесе 74% бұзушылықтарды толығымен жойды. 138 объект бойынша ТЖД талап-арыздарына сәйкес оларды тоқтата тұру үшін сот рәсімдері жүргізіліп жатыр», — деді Қ. Қасымов.

Бұдан өзге, өткен жылдың шілде айында адамдар жаппай баратын объектілердің қауіпсіздігін арттыру үшін Ішкі істер, Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің және Ұлттық банктің бірлескен бұйрығымен тиісті Жол картасы бекітілді.

Осы құжат аясында сәулет және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге адамдар жаппай баратын объектілерге өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаңдату тұрғысынан 89 өзгеріс пен толықтыру енгізілді.