Медицина • 12 Ақпан, 2019

Газ жарылысы шыққан пәтердің иесі Ресей азаматы болып шықты

622 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтың төрағалығымен өткен  штаб отырысында осылай айтылды.

Газ жарылысы шыққан пәтердің иесі Ресей азаматы болып шықты

Петропавл қаласында  бесқабатты тұрғын үйлердің бірінде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, бірнеше пәтерге айтарлықтай зақым келген еді. Қатты дүмпудің салдарынан дәлізаралық қабырғалардың  да тас-талқаны шығып, қирандылар тау болып үйіліп қалған. Негізгі қабырғалардың бірі өз орнынан 10 сантиметрге жылжып кеткендіктен, тұрғындардың  кері оралуға жүректері дауаламай отыр.

Бірақ олардың  мұнда тұру өте қауіпті деген қорқынышын қала әкімінің орынбасары  Евгений Глотов  сейілтуге тырысты.

«Уайымдауға еш негіз жоқ. Мамандар арнайы құрылғылар арқылы қабырғалардың беріктігін тексеріп, екі тәулік ішінде ешқандай өзгеріс болмағанына көз жеткізді. Алдағы уақытта үйдің құлауы мүмкін деген жорамал  құр долбар ғана. Жарылған қабырғалардың барлығы қалыпқа келтіріледі. Құрылыс компаниясы  жөндеу жұмыстарымен айналысуда», деді ол  штаб отырысында.

Пәтерлер мен дәліздерді қалпына келтіру шығынын қалалық әкімдік өз мойнына алып отыр.

Бүгінде тұрғындар уақытша үйлерге орналастырылған. Үлкен зардап шеккен баспана иелеріне жергілікті бюджеттен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленетін болады.

Тексеріс барысында анықталғандай  жарылыс шыққан 108-ші пәтердің иесі Ресей азаматы болып шыққан.

Өмір ЕСҚАЛИ, 

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы