Медицина • 13 Ақпан, 2019

Екпеден бас тарту қоғамды ауыр салдарға соқтыруы мүмкін

988 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түрлі жұқпалы дертке қар­сы вакциналарды қолда­ну­ды білмеген уақытта оба, тырыс­қақ, сүзек, қызылша сияқ­ты қатерлі кесел індетке айна­лып, халықты қынадай қырға­ны тарихтан мәлім. Тіпті өткен ға­сыр­дың 50-60-жылдары бала­лар қызылшадан баудай тү­сетін.

Екпеден бас тарту қоғамды ауыр салдарға соқтыруы мүмкін

Кейін жаппай жұқ­па­лы аурулардың алдын алуға ек­пе жасаудың нәтижесінде ол тіп­ті жойылып кеткендей еді. Бүл­дір­шіндер қызылшаға қарағанда әлдеқайда жеңіл қарамықты жұқтырып алса, бойы бөртіп, оған жасыл дәрі жағып, жап-жасыл күйінде бірнеше күн ауырып, қызуы көтеріліп, аяғында жүгіріп кететін. Әбден зәрезап болған ата-ана да екпе салуға балаларын өздері дәрігерге апарып, 1 жасқа дейінгісі бар, одан кейінгілері бар әрқай­сы­сын уақытында жасатуға асы­ғатын. 

Бірақ бүгінде бұл үрдіске өзгеріс енгендей. Жауқазынды ерте солдыратын аурудың ауы­­лы алыстап, одан келер қауіп азайғаны адамдар бойына бейғамдық еккендей ме? Бү­гінде екпеден бас тартатын ата-аналар қатарының толыңқырай түскені сондай ойға жетелейді. Батыс Еуропа елдерінде де аталған үрдіс белең алып, 3-4 жыл бұрын кәрі құрлықтың 10 шақты мемлекеті кәдімгідей қызылша індетімен күресті.

Ата-ананың екпеден бас тартуының да түрлі себебі бар. Біріне – құдайға қарсылық етпейміз деген діни наным әсер етсе, енді бірі вакцинаның сапасына күмәнданады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса соңғы 17 жылда қызылшамен аурудың үрдісін бақылап, 2000 жылдан бері қызылшаға қарсы иммундаудың нәтижесінде 21 миллионнан астам адамның аман қалғанын көрсетті. 

Дегенмен 2016 жылдан бас­тап әлем бойынша қызылша тіркелген жағ­дай­лардың саны 30 пайыздан асып, вакцина салудағы кем­шіліктердің себебінен қызыл­ша әр аймақта шыға бас­таған. ДДҰ былтыр 110 мың­ға жуық адам осы ауру­дан көз жұмғанын айтып, назар аударуға шақырады.
Дәрігерлер адамның ағза­сының өз өзгешелігі, өзіне тән реакциясы болғандықтан көпшілік жағдайда екпе жеңіл өткенімен 1000 баланың іші­нен біріне оның ауырлау тие­т­іні барлығын, соған қарап, жал­пы екпе атаулыдан бас тарт­са тұтас­тай ел көлемін­де екпе сал­дырмағандардың саны ар­­тып кететінін, жұқпа­лы ауру­лардың таралу көлемі­нің өршіп, қаулай түсетінін қауіп тұтып айтады. 

Медицина ғылымында зерт­теулер өрістеген сайын, гепатит, дифтерия, қызыл­ша, туберкулез т.б. жұқпалы ауру­лармен қатар қатерлі онко­ло­гиялық жатыр мойыны ісігін де кәдімгі папиллома атты вирус тудыраты­нын айқындады. Яғни, жасөс­пірім қыз балаларға папиллома вакцинасын салу нәтижесін­де, кейін есейгенде бұл дерт­тің алдын алуға бола­ды екен. АҚШ-та 11-12, Фран­ция­­да – 14, Германияда – 12-17, ал Аустрияда 9-17 жасар қыз­дар­ға екпе жүр­гі­зілсе, Аустра­лия­да оны ер балаларға да егеді. Өйт­кені вирус ер адамда болса жұ­байына жұқтырады, сон­дық­тан қыздарды ғана емес, ұлдарды да вакцинамен қамтиды. 2007 жылы Аустралияны тұтас қам­та­масыз еткен вакцинация нәтижесінде 2010 жылы, арада үш-ақ жыл өткенде әйел­дердің кондиломасы 73 па­йызға кеміп, ал жатыр мойы­ны обырының жаңадан пайда болуы мейлінше азайған. 2006 жылдан бері вакцинация жасауды бастаған Данияда да әйелдердің дәл осы аурудан зардап шегуі азайғаны белгілі болып отыр. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімет­теріне қарағанда, жыл сайын 10 млн жаңадан онкоауруға шалдыққан адам анықталып, оның 6 млн-ы көз жұмады екен. 2020 жылы бұл сан 15 мил­­лионға артып, дүние сала­тын­­дар­дың саны 10 млн адамды құрайды деген болжам бар. 
2018 жылдың соңында Астана қаласы бойынша жатыр мойыны ісігімен 490 әйел тіркеліп, жыл сайын 80-нен астам әйел осы дертке шалдығатыны анықталды. Оның 2,7 пайызы өмірімен қош айтысады. Сондай-ақ аурудың азаю қалыбы емес, жылдан-жылға өсу үдерісі байқалады.

Папиллома вирусы туды­ратын осы қатерлі ауру ерте­рек, яғни I-II кезе­ңінде анықтал­са, оны емдеуге жұмсала­­тын қара­жат мемлекет үшін 500 мың теңгені құрайды. Ал III-IV кезеңдеріндегі химия және сәулетерапиясы 1,5 млн тең­геге түседі. Дер ке­зін­де анық­талмаған ауруды ем­деп, науқас­тың сауығып ке­туінде оң нәтижеге жетудің мүм­кін­дігі кеми түсетіні тағы да аян.

«Сақтансаң-сақтайды» де­генді көп айтатын халық бол­ғандықтан, түрлі ауруға қар­сы тұратын иммунды жо­ға­ры­латуда вакцинацияның қай түрінен де қашпаған жөн.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»