«Егер Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі осылай ырғақты жұмыс істеп тұрса, жылына 12-13 миллион тонна өнім өндіретін болады. Қазір болашақ жаңа, заманауи, цифрландырылған фабриканың сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Ол алдағы уақытта Қашар кентінен ашылатын болады. Өйткені ССКӨБ-де негізінен Қашар өңірінен өндірілген кенді Рудныйға әкеліп, байыту оның өзіндік құнына, тарифке кері әсер етеді. Сондықтан фабриканы да Қашар кентіне орналастырғанды жөн көріп отыр мамандар.Мен бұл жөнінде құрылтайшылармен кездестім. Жоба өте маңызды, мен бұл жөнінде Елбасына да баян еттім» деді Архимед Бегежанұлы.
Есепті жылда Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің көлемі 18 процентке өсті, өңдеу өнеркәсібі ай сайын ырғақты жұмыс істеді. Өндірісті цифрландырудың арқасында алдағы 4-5 жылдан кейін кен алыбында кен өндіру ісі екі есеге жуық артатын болады. Қазір өндірісте 18 мың шамасында адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы да өзге салаға қарағанда әлдеқайда көп.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай