Спорт • 13 Ақпан, 2019

Украина Универсиадаға қатысудан бас тартты

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Украинаның спортшылары келесі айда Ресейдің Красноярск қаласында алауы тұтанатын қысқы Дүниежүзілік Универсиадаға қатысудан бас тартып отыр. 

Украина Универсиадаға қатысудан бас тартты

Спортқа саясат араласқаннан кейін осындай келеңсіз жағдайлар ара-тұра болып тұрады. Міне, қазіргі кезде соның салқыны студенттер спортына да тиіп отыр. Биылғы Универисадаға қатысудан Украина үзілді-кесілді бас тартты. Шын мәнінде, бұл елдің өрендері өте күшті. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері украиналықтардың айтулы додадан бас жүлдесіз оралған кезі жоқ.

Алысқа бармай-ақ, соңғы бес жарысқа тоқталсақ та, көп нәрсеге қанық боламыз. Мәселен, 2009 жылы Қытайдың Харбин қаласында Украина құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 4 қоланы иеленіп, жалпы командалық есепте 13 орынға табан тіреді. 2011 жылы Түркияның Эрзурумында 6 алтын, 5 күміс және 4 қоланы олжалап, үздік үштікті қорытындылады. 2013 жылы Италияның Трентиносында түрлі-түсті медальдардың әрқайсысын үш-үштен еншілеп, сегізінші сатыға жайғасты. 2015 жылы Испания мен Словакияда ұйымдастырылған байрақты бәсекеде 2 алтын, 1 күміс және 2 қоланы иемденіп, 13 орынды қанағат тұтты. Ал 2017 жылы Алматыда алауы тұтанған жарыста 2 алтын, 3 күміс және 4 қоланы қоржынға салып, озық он команданың қатарынан көрінген еді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»