Қазақстан • 13 Ақпан, 2019

Федерация кубогы: Қазақстан Ұлыбританиямен кездеседі

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін теннистен Федерация кубогының жеребесі тартылды. ІІ Әлемдік топқа жолдама алу үшін Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен күш сынасады.  

Федерация кубогы: Қазақстан Ұлыбританиямен кездеседі

Тұманды Альбион елінің арулары айтулы жарысқа 1963 жылдан бері қатысып келеді. Сол аралықта 176 кездесу өткізіп, 125 рет жеңіске жетті. Ең үздік көрсеткіші ­– төрт рет финалға шығуы. Бұл нәтижеге олар 1967, 1970, 1972 және 1981 жылы қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдардың басына дейін олар Әлемдік топта тұрақты түрде күш сынасып келді. Алайда содан кейін құлдырау кезеңі басталып, 20 жыл бойы аймақтық бәсекелерде өнер көрсетумен шектелді. Тек 2012 және 2013 жылдары ІІ Әлемдік топтың плей-офф сайысына жолдама алғанымен, шешуші тұста сүрінді.

Қазіргі кезде ­Йохана Конта Ұлыбританияның бірінші ракеткасы атанып отыр. 27 жастағы теннисші осыдан екі-үш жыл бұрын Австралияның ашық біріншілігі мен Уимблдонда жартылай финалға дейін жетіп, әлемдік рейтингте төртінші орынға дейін көтерілген. Сол елдің екінші мықты ойыншысы – 22 жастағы Кэто Бултер. Ол WTA тізімінде 83 орынды иеленуде. Сонымен қатар тағы төрт британиялық ару «ТОП-200» теннисшінің қатарына еніп отыр. Олар – Хитер Уотсон (№110), Хэрриет Дарт (№121), Кэти Сван (№174) және Габриэла Тэйлор (№183).

Плей-офф бәсекелері 20-21 сәуір аралығында өтеді. Қазақстандық теннисшілер өз ойындарын сыртта өткізеді. Өзге кездесулерде Ресей мен Италия, Голландия мен Жапония және Словакия мен Бразилия құрамалары күш сынасады.
   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»