Күрес • 13 Ақпан, 2019

Әсет Серікбаев, бас бапкер: Еркін күрестен ел спартакиадасы жас балуандардың көзін ашты

652 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Әсет Серікбаев Шымкенттегі ел Спартакиадасын қорытындылады. Жаттықтырушының айтуынша, биылғы біріншілік жаңа есімдердің көптігімен қуантқан. Ұлттық олимпиада комитеті Әсет Серікбаевтың сұхбатын жариялады. 

Әсет Серікбаев, бас бапкер: Еркін күрестен ел спартакиадасы жас балуандардың көзін ашты

- 57 келіде Артас Сана бастаған көшбасшы спортшылар қатысқан жоқ. Сол себепті, Мейрамбек Қартбай есімді жас балуанның топ жаруы заңдылық. Ол өз бәсекелестеріне мықтылығын дәлелдей білді. 

61 келідегі Бауыржан Төребек те біз күтпеген жаңа есімдердің бірі. Ол күні кешеге дейін жастар құрамасында бақ сынаған. Бірақ финалда тәжірибелі Расул Қалиевтің оған айтарлықтай қарсылық танытпағанын ескерген жөн. Себебі, Қалиев жарақатымен күресті де, барынша сақ болуға тырысты. 

70 келідегі Нұрғожа Қайпановтың жеңісі де көпшілікті таңырқатты. Ол да жас балуан. Осы салмақтағы тісқаққан балуандарды, Амандық Бакиев пен Дәурен Жұмағазиевті жеңіп кетті. Қайпанов секілді жастардан күтеріміз мол. 

74 келідегі қос үздік Данияр Қайсанов пен Нұрлан Бекжанов арасындағы белдесу жанкүйер көңілінен шықты. Біреуі Азия ойындарының, енді бірі әлем чемпионатының жүлдегері. Конфедерация кубогінің финалында Бекжанов жеңсе, бұл жолы Қайсанов қайсарлық көрсетті. Негізі, екеуара тартыста айқын басымдық танытқан ешкім жоқ. Деңгейі бір балуандардың арасындағы кездесуде кім нақты бабында болса, сол ұтады. Демек, Шымкентке Данияр жақсы дайындықпен келген. 

79 келідегі Ғалымжан Өсербаевты Рио Олимпиадасынан кейін көрінбей кетті деушілер көп. Біріншіден, ол салмақ ауыстырды. Екіншіден, былтырғы чемпионатта үшінші орын иеленіп, Азия біріншілігінде жолы болмады. Биыл ол тағы да тізгінді қолға алды. Оның әлеуетін енді құрлықтық сында байқаймыз

Бәрінен бұрын, 97 келідегі алматылық Әлішер Ерғалидің жеңісі бізді қуантып отыр. Ол жастар арасындағы әлем чемпионатына былтыр 92 келіде қатысқан балуан. Бірден бес келі қосып, ересектер додасында қамшы салдырған жоқ. Әккі спортшылардың бірі Бақдәулет Әлментайды финалда ұтуы оның әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді. Оны енді ересектер арасында шыңдайтын боламыз. Ал қалған салмақ дәрежелерінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ, - дейді бас бапкер.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы 13-27 ақпан күндері АІВА базасында Өзбекстан және Қырғызстан құрамаларымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Содан соң, құрама мүшелері еуропалық командалармен жиын өткізуді жоспарлауда. 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше