«Біздің үшінші фестиваліміз — Рудольф Нуреевтің ғажайып өнеріне деген құрметтің көрінісі. Оның балет өнерін қалыптастырудағы рөлін жай сөзбен айтып бағалау мүмкін емес: жарқын бейнелі, харизмаға бай шебер биші талантының қуатымен өз заманындағы балетке өзгеріс енгізді, ол ерлер партиясын көлеңкеден, ал балериналарды би сыртында тұратын «фон» күйінен шығарған жаңашыл бағыттың ең батыл өкілі. Оның би үшін жаралған бай болмысы қайшылыққа толы. Ол – аңыз адам және жанжал-адам. Бұл мінезі балет әртісінің өмірінде маңызды рөл ойнады», – дейді алдағы Ballet Globe халықаралық би фестивалінің бас продюсері Ерлан Аңдағұлов тілшілерге берген сұхбатында.
Фестиваль күндері алматылықтар мен қала қонақтары үшін арнайы бағдарлама жоспарланған. 3 сәуірде көрермендер назарына Ж.Коралли мен Ж.Перроның хореографиясындағы А.Аданның «Жизель» спектаклі ұсынылады. Бас партияларды Абай атындағы МАОБТ балет труппасының және симфониялық оркестрдің қатысуымен Париж ұлттық операсының этуальдары Мириам Олд-Брам мен Жарман Лувэ орындайды.
Композитор Л.Минкустың музыкасымен әрленген балетмейстер Александр Горскийдің классикалық қойылымындағы «Дон-Кихот» балетін фестиваль қонақтары 4 сәуірде тамашалайды. Мұндағы бас партияларды Ресейдің Үлкен театрының жетекші солисті Игорь Цвирко мен Венгрия Ұлттық операсының жетекші балеринасы Татьяна Мельник орындайды.
BALLET GLOBE GALA 5 сәуірде өтеді. Бұл кеште балетсүйер көрермендерге Париж ұлттық операсының, Нидерландық би театрының (NDT), Венгрия Ұлттық Операсының, Абай атындағы МАОБТ-ның, «Астана Опера» МОБТ-ның, Женева Үлкен театрының және Монте-Карло Балетінің этуальдарының орындауындағы классикалық қойылымдарындағы ең үздік сахналар мен қазіргі хореографияның батыл сюжеттері ұсынылады. Ал жаңадан қалыптасып келе жатқан Ballet Globe дәстүрі ретіндегі фестивальдің шарықтау сәті – Женевадағы Үлкен театр этуальдарының орындауындағы contemporary-балеттің әлемдік тұсаукесер қойылымы болып отыр.
Фестиваль күндері шығармашылық кештер, фильмдердің көрсетілімдері және «Рудольф Нуреев Қорының» өкілі, Париж Опера этуалінің, Өнер және әдебиет Орденінің Кавалері, Рудольф Нуреевтің шәкірті – Шарль Жюдтың қатысуымен бірегей балет шеберлік-сағаттары болып өтеді. Сондай-ақ, фестиваль аясында Рудольф Нуреевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көркемөнер және фото-жұмыстардың көрмесін тамашалауға болады.
Фестиваль ArtClassic компаниясы және Алматыдағы Францияның Бас консулдығымен бірлесе ұйымдастырылған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ