Бизнес • 13 Ақпан, 2019

ЕҚДБ Қазақстандағы кәсіпкерлердің қаржы айналымы мен жұмыспен қамту мүмкіндігін арттырды

240 реткөрсетілді

Еуразиялық даму және қайта құру банкі Қазақстандағы шағын және орта бизнестегі (ШОБ) қаржы айналымы мен жаңа жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруына өз тарапынан үлес қосуда. Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен, Қазақстан Үкіметі Басқарушы комитетіне тиесілі Банктің VI жылдық отырысында ашық айтылды.

Қазақстанда ЕҚДБ ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп қаржыландыратын Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру мен дамыту және Бизнестегі Әйелдер бағдарламаларын жүзеге асыруда. Тек 2018 жылы бүкіл елде осы жобалар аясында 264 жергілікті және халықаралық кеңес беру жобалары іске асты.

ЕҚДБ мәлімдегендей, Қазақстанда 2015 жылдан бастап іске асып бағалаудан өткен 172 жобаның 85 пайызы табысты деп табылып, клиенттердің 80 пайызға жуығы қаржы айналымдарының ұлғайғанын хабарлаған. Банктен қолдау тапқан ШОБ арасында 56 пайыздан астамы өз қызметкерлер санының орта есеппен 14 пайызға ұлғайғаны туралы мәлімдеді. Сондай-ақ әйелдердің жұмыс орындарының 20 пайызға артуы анықталды. Сонымен қатар, бағаланған кәсіпорындардың 8 пайызы экспорттық сату көлемінің ұлғаюы туралы мәлімдеген.

Бизнестегі әйелдер үшін ЕҚДБ 92 миллион АҚШ доллары көлемінде Жергілікті Валютамен Қаржыландыру Тетігін (Local Currency Financing Facility) ұйымдастырып жалпы құны 64,5 миллион АҚШ долларын құрайтын арнайы бес Бизнестегі Әйелдер (WiB) несие желілерін құрды.

Сонымен қатар, 2018 жылы Бизнестегі Әйелдер WiB бағдарламасына қатысты қаржылық емес қызметтерге, оның ішінде консалтинг, бизнес-коучинг, тәлімгерлік пен нарықты дамытуға бағытталған іс-шараларға 2,7 миллион АҚШ долларынан астам қаржы тағайындалып игерілді.

ЕҚДБ аймақтағы ШОБ кеңес беру секторының әлеуетін үздіксіз кәсіби тренингтер, консалтингтік күндер арқылы жылына кемінде 20 жаңа консалтингтік компанияны кеңес беру жобаларына тарту арқылы қалыптастырады.

ШОБ субъектілеріне кеңейтілген қол жеткізу ЕҚДБ-нің екі жекеменшік сектор серіктестігі, атап айтқанда «Теңізшевройл» және «Шелл Қазақстан» арқылы қамтамасыз етілуде. Тауар мен қызметті жеткізетін жергілікті мекемелер мен қауымдастықтар әлеуетін 2018 жылдың желтоқсан айында «Теңізшевройл» компаниясымен 4 жылға ұзартылған серіктестік арқылы дамытып келеді. Сондай-ақ, алғашқы кезеңіндегі инновациялық кәсіпорындар мен бизнесті үдету бағдарламасы «Шелл Қазақстан» арқылы 2019 жылдың ақпан айында ұзартылған әріптестік шеңберінде жүзеге асырылуда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар