Ұлттық Банк Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 10 қаулысында Компания 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап лицензияның қолданылуы бірнеше рет (соңғы он екі ай ішінде екі рет) тоқтатылғаны үшін Сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген негіздер бойынша «жалпы сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылыпты.
«Компанияға қатысты қолданылған шаралардан ешқандай әсер болмағандықтан, нормативтерді бұзу жиілігі мен ұзақтығын (2017 жылы бұзушылық 10 есептік күнге, 2018 жылы 7 есептік күнге жіберілді) ескере отырып, Ұлттық Банк сақтандырудың жекелеген сыныптары бойынша лицензияны екі рет тоқтата тұрды және жүктерді сақтандыру сыныбы бойынша лицензиядан айырды» - делінген хабарламада.
Сонымен қоса, тексеру шеңберінде Компанияның лауазымды адамдары жасасқан Компания активтерінің 1/3 мөлшерінде компаниядан қаражатты шығару, оның ішінде шетелде қайта сақтандыру кезінде қаржыны елден шығару белгілері бар келісімшарттарды анықтаған.
Тиісті материалдарды Ұлттық Банк құқық қорғау органдарына берді.
Бүгін Алматыда журналистерді жиып, баспасөз жиынын өткізген компанияның төрайымы Жанар Қалиева бұл қаулы Жалғыз акционері мен Директорлар Кеңесінің ЖШС –не ерікті түрде айналу туралы шешіміне қарамастан шығарылғанын хабарлады. Компания осыған дейін де клиенттері мен серіктестеріне компанияның қаржылық жағдайы тұрақты екенін айтқан болатын. Қайта ұйымдастыру туралы шешім инвестициялық тартымдылықтың төмендегеніне байланысты қабылданыпты. Осы жайттарға қарамастан, Ұлттық банк компанияның жоғарыдағы шешімге қатысты дәлелді жауабын алмай жатып, бір жақты тәртіпте жүзеге асырыпты. Журналистердің Ұлттық банктің хабарламасындағы «шетелде қайта сақтандыру кезінде қаржыны елден шығару белгілері бар келісімшарттарды анықтаған» деген тұжырымына компания төрайымының жауабы төмендегідей болды. «Мен үшін басты байлық ар –абыройым. Ұлттық банк өкілдерінің қаржылы елден шығару дегені ауыр айып. Компанияның іште және халықаралық деңгейдегі әрбір қаржылық операциясы Ұлттық банк пен қаржы ұйымдарының бақылауында болады», –деп жауап берді.
Естеріңізде болса, Қазақстан нарығында 2011 жылдың 3 мамырына дейін «Allianz Kazakhstan» деген атпен жұмыс істеп келген сақтандыру компаниясының 100 пайыз акциясын 2011 жылы «Alianz SE» неміс концернінен Жанар Қалиева сатып алған болатын. Одан кейін бұл компанияның көрсеткіштері төмендейді деп болжам жасаушылар көбейген еді. Алайда қазақстандықтар ешкімнің көмегінсіз өз күшімен де жұмыс жасай алатынын дәлелдеді. Директор кеңесінің төрайымы Ж.Қалиеваның айтуынша, «Allianz брендінің» қымбаттығына байланысты өз атауын өзгерткен таза қазақстандық сақтандыру компаниясы нарықтағы белсенді қызметін күні бүгінге дейін жалғастырып келді.
«Мен барлық бұқаралық ақпарат құралдарына, қаржылық және іскерлік нарық қауымдастығына Ұлттық банктің әрекетіндегі заңдылықты қайта қалыпқа келтіру үшін күресетінімді айтамын. ҚР Ұлттық банк тарапынан Заңнаманың нақтылай бұзылғанын ашып көрсететін дәлелді деректер ұсынуға дайын екенімді айтқым келеді», - деп атап көрсетті компания төрайымы Жанар Қалиева.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еqemen Qazaqstan»
Алматы