Байқау екі кезеңнен тұрады. Онлайн кезеңінде іріктелген ең үздік 50 қатысушы демеушілерден кепілді сыйлықтар алады. Байқаудың бұл кезеңі www.itest.kz платформасында, ғаламтор желісі арқылы жүргізіледі. Ал офлайн кезеңі Алматы қаласында өтеді. Байқаудың 50 жеңімпазы қатарына кіретін және ресми ҰБТ-да шекті балл алған 11-сынып оқушылары бас жүлде – еліміздегі үздік университеттерде оқу грантын жеңіп алу мүмкіндігіне ие болады.
Елімізде тұңғыш рет мектеп оқушыларына арнап өткізіліп жатқан бұл байқауда 9, 10, 11-сынып оқушылары, сонымен қатар орта білім беретін арнайы мекемелерінің 1-курс студенттері бақ сынай алады. Аталған жарыс оқушылардың білім деңгейін көтеруге септігін тигізу, ҰБТ-ға пайдалы ресурс арқылы дайындалып, сәтті тапсыруға ынталандыруды көздейді.
Сайыстың ерекшелігі – ұзақ мерзімде өтетінінде, жеңімпаздар 2019 жылдың 1 ақпанынан осы жылдың 20 маусымы аралығында ҰБТ-ға онлайн дайындық нәтижесі бойынша анықталады.
«Bilim Media Group» компаниясының қызметкері Ақжан Алпысбайұлы: «11-сынып оқушылары грант үшін таласқа түседі. Ал өзге қатысушыларға арнап ноутбук, смартфон, планшеттер секілді бағалы сыйлықтар ойнатылады. Байқаудың офлайн кезеңі Алматыда өтетіндіктен, белгілі бір себептермен екінші кезеңге қатыса алмайтындарға және гранттан өз еркімен бас тартатындарға аталған сыйлықтар табыс етіледі. Айта кетейік, бұл байқауда колледж студенттеріне де мүмкіндік берілген», дейді. Маманының мәліметінше, қазірдің өзінде Алматы менеджмент университеті 10 грант бөліп отыр. Компания өзге де жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Байқаудың қорытындысы қатысушылардың ҰБТ-дағы орташа балы нәтижесінде анықталады. Нәтижелер теңдей болған жағдайда ҰБТ-ны тапсыруға жұмсалған орташа уақыт есепке алынады.
Байқау қорытындысын жариялау және жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 2019 жылдың 21 маусымында өтеді.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»