Қазақстан • 13 Ақпан, 2019

Ержан Сәлімгереев: Токио олимпиадасында алтын алғым келеді

821 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Сәлімгереев Астанада Елбасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарымен кездесуінде айтты.

Ержан Сәлімгереев: Токио олимпиадасында алтын алғым келеді

Ержан Сәлімгереев – жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол пара жүзуден әлемнің үздік спортшылардың қатарына кіреді. Әр жылдары өткен әлемдік жарыстарда Қазақстан қоржынына бірнеше медаль салған. Сәлімгереев осы жылы Джакарта қаласында өткен Азиада ойындарында қос алтын медальға қол жеткізді.

Ержанның тағдыры 9 жасында күрт өзгерген. Ауылдағы достарымен ойнап жүрген бала абайсызда тоқ сымына тартылып, бір қол, бір аяғынан айырылады. Сол ауыр күндері ата-анасы мен туыстары жанынан табылып, оған қолдау көрсетеді.

- Қазір ойласам, олардың демеуінсіз менің тауым шағылып, өмірден әлдеқашан түңіліп кетер едім... Барлық жетістіктерім  сол кісілердің арқасы деп білемін, деді Ержан.

Осыдан кейін, Ержан жарты жыл арбада отырады да, балдақпен жүруге көшеді. Бірде оған достары мүмкіндігі шектеулі жандардың спорт орталығына баруға кеңес береді. Осылайша, суда жүзе алатын тәжірибесі барын ескере отырып, ол осы спортқа ден қояды.

Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында орналасқан бассейнге барып, кәсіби спорттық жолындағы алғашқы қадамын жасаған еді. Күн-түн демей жаттыққан Ержан көп ұзамай-ақ жетістіктерге жете бастады. Алғашқы  жеңісі 2015 жылы ҚР чемпионатында болды. 2016 жылы Германия Кубогында алтыннан алды, ол өз көрсеткішін 32 секундқа дейін жақсарта алды.

2017 жылы Германияның ашық біріншілігінде қос алтынды олжалады. Бұл жеңісі сол жылы Мексикада өткен әлем чемпионатына жолдама әперген болатын. Мексикада да Ержан бәрінің алдын орап, мәреге бірінші жеткенмен, төрешілер фальстартта қателік болды деп, оның көрсеткішін жойып тастады. Бірақ, барлық бейнеқайталауда оның ешқандай ереже бұзбағанын байқау қиын емес. Әділетсіздікке тап болса да, Ержан жасымай, әрі қарай шыныға береді. Соның нәтижесінде, осы жылы әлемнің ең үздік спортшыларын жинаған Әлем кубогында 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде 1:21,61 нәтижесімен қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды.

– Токио олимпиадасынан алтынмен оралып, спорттық мансабымды аяқтағым келеді. Одан соң басқа да қоғамға пайдасы бар істермен шұғылданамын, – деді спортшы.