Мәселен, өткен сенбі-жексенбі күндері Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының нейрохирургтары 8 пациенттің миына күрделі ота жасады. «Бұл операциялардың ерекшелігі, бас терісінің кесілмей, сүйегінің алынбай жасалуында. Екі тәуліктен соң барлық науқастар жақсы көңіл-күймен үйлеріне қайтарылды», - дейді ақ халаттылар.
Өскемендік дәрігерлерге кеңес беріп, шеберлік сағатын өткізуге Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының қантамыр және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург Ербол Махамбетов арнайы шақырылыпты. Елордалық дәрігер Шығысқа тәжірибе алмасу мақсатында келгенін айтады. «Соңғы уақытта аневризмалық қанқұйылуға көбіне жастар ұшырап жатыр. Бұдан адам мүгедек болып қалуы, не болмаса көз жұмуы мүмкін. Біздің міндетіміз – аталмыш дертті уақтылы анықтау», - дейді ол.
Білікті маман Өскеменге күнде келе бермейтіндіктен жергілікті дәрігерлер профессордың қолынан ем алу үшін аневризмнің ерекше және ауыр түрлеріне шалдыққан пациенттерді операцияға дайындаған екен. Дәрігерлер жағдайлары күрделі болған 8 адамға операция сәтті жасалғанын жеткізді. Мәселен, Өскеменнің 32 жастағы тұрғынына жасалған ота үш сағатқа созылыпты. Ота жасамаған жағдайда жарық дүниемен қош айтысу қаупі төнген жігітке маңызды қантамырлардың бітелуінен және бүйірленіп шығуынан қорғайтын біріктірілген эндоваскулярлы ем-дом қолданылыпты. «Ал жас келіншек басының жиі ауырып, қимыл-қозғалысының ауырлап, бойында әлсіздіктің пайда болғанын айтты. Оған инсульт алу қаупі төнген екен. Оның алдын алу үшін пациентке қан ағымын бағыттайтын қалқанша орнатылып, базилярлы артериясындағы үлкен аневризма ашылды», - дейді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың нейрохирург дәрігері Мұқтар Қорабаев.
Астанадан арнайы келген дәрігердің жетекшілік етуімен жасалған 8 операцияның екеуін Семей қаласындағы Медициналық университеттің докторанты, медицина ғылымдарының магистрі Жандос Уап жасапты. «Жақында аймақ басшысы Даниал Ахметов Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталықтарының басшыларымен арнайы кездесіп, оларды өңір емханаларымен ынтымақтастық орнатуға, облыс ауруханаларында филиалдарын ашуға шақырған болатын. Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының қантамыр және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирургі Ербол Махамбетовті осы келісім аясында келді. Облыстық мамандандырылған медициналық орталығында жасалған операциялар емханаға былтыр ғана қойылған ангиографтардың көмегімен жүргізілді. Бұл – өңіріміздің денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның алғашқы нәтижелері, халыққа тиіп жатқан пайдасы деуге болады. Астанадан келген дәрігер жергілікті дәрігерлерге білгенін үйретіп, көрсетті. Жалпы, облыста миға бұған дейін де операциялар жасалған. Бұл операциялардың ерекшелігі - жаңа технологиялардың қолданылуында», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН