Аймақтар • 14 Ақпан, 2019

Қарағандыда ескі электроника үшін контейнерлер қойылған

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында ескі электронды техниканы жинауға арналған бокстар пайда болды. Қарағанды, Шахтинск, Саран және Абай қалаларында орнатылған қызғылт-сары түсті 10 контейнерге үш айдың ішінде 104 тоннаға жуық ескі техника жиналды.

Қарағандыда ескі электроника үшін контейнерлер қойылған

Бұл контейнерлерге жарамсыз болып қалған телефон, фотоаппарат немесе фен сияқты шағын көлемдегі техниканы тастауға болады. Егер олар тоңазытқыш немесе су жылытатын титан секілді көлемі үлкен зат болса, онда компания қызметкерлері сіздің үйіңізге келіп, оны өздері алып кете алады. Ол үшін операторға телефон арқылы хабарлассаңыз болғаны. Компанияның жүк тиеушілері бар көлігі белгіленген күні келеді де, тұрмыстық ескі техниканы тиеп алып кетеді.

Істен шыққан гаджеттерді кәдеге жаратумен «Промотход Қазақстан» ЖШС айналысады. Контейнерлерден алынатын ескі техника компания зауытына жеткізіледі. Мұнда олар арнайы цехта бөлшектеледі. Қара және түсті металдар, пластик, шыны және зиянды заттар сұрыпталады. Сынап сияқты улы қалдықтар дереу тазартылады және зарарсыздандырылады.

– Қоршаған ортаны қорғаудан басқа, біз ескі техникаға жаңа өмір береміз. Мысалы, пластикті ұсақтаймыз және қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдар өндірумен айналысатын компанияларға жібереміз. Теледидар корпусы пластикалық терезелерге арналған жақсы фурнитура болуы мүмкін, – дейді «Промотход Қазақстан» ЖШС директорының орынбасары Алексей Петров.

Жобаны ұйымдастырушылар тұрғындарды материалдық тұрғыдан  ынталандыруды да ұмытпаған. Мысалы, тозған техниканы жинау бекеттеріне тапсырып, оның әр килограмына 20 теңгеден сыйақы алуға болады.  

Аталған жобаның болашағы жарқын дегенді айтады мамандар. Қазірдің өзінде мұндай тәжірибені кеңінен тарату бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Соның бір дәлелі – егер қандай да бір ірі сауда үйі ғимараттың жанына контейнер қойғысы  келсе, компания мамандары арнайы алаңды тегін жабдықтап, боксты орнатып береді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Соңғы жаңалықтар