Әдебиет • 14 Ақпан, 2019

Сәуле Досжанова: Прозамен өмір сүремін...

1833 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сәуле Досжанова: Прозамен өмір сүремін...

– Әдебиетке ертелі-кеш ара­ла­­судың шығарма­шы­лық­қа әсері бола ма?

– Мен әдебиетке ентелей еніп, жарқ етіп шығып, жалп етіп өшіп қалғандарды да, ерте көзге түскеннен «жұлдыз» болып, мақтауды көтере алмағандарды да, «ақын мен жазушы ішіп жүрсе ғана шабыттанады» деген ойдан елігіп, ащы судың тұңғиығына батып кеткендерді де көргенмін. Бойына өнердің қасиеті туа бітіп, киесі қонған адамның шы­ғармашылық жолындағы тағ­ды­ры өте ауыр болатынын да көріп келемін.

Маған біреулер прозаға кеш келдің деп жүр. Он төрт жасымнан бері шығармашылықпен айналысып келемін. Рас, өлеңнен бастадым, журналистикада да біраз еңбектендім. Көп оқып, көп көріп, солардың бәрін бойға сіңіріп барып прозаға келдім. 

– Сіз поэзия, соңғы жылдары проза жанрында да өндіріп жазып жүрген санаулы қалам­гер­дің бірісіз. Аз уақытта өнді­ріп жазуыңыздың, мол өнім беруі­ңіздің сыры неде?

– Ширек ғасырдан астам мемлекеттік қызмет атқардым. Сонда еңбек демалысымды, мерекелік күндерге берген демалысты тіпті сенбі, жексенбінің күндерін де шығармашылығыма пайдаланатынмын. Поэзия деген ерекше қасиетті өнер ғой. Өлең адамның көңіл күйіне байланысты туады. Жан дүниеңді толғандырып, төгіліп келіп жатады. Өлеңді жұмыста да, көлікте де, көшеде де, үйде де, тіпті қонақта отырып та миыма тоқып, көңіліме түйіп, қолым босағанда қағазға түсіре қоятынмын. Ал прозамен өмір сүремін десем болады. 

Үшінші жылға кетті, зейнетке шықтым. Содан бері тек жазумен айналысамын. Тақырып іздеп әуре болмаймын. Мен кәсіпқой жазушымын. Тек жазамын. Ал кітаптарымның аудармаларымен, басылуымен, таратылуымен, насихатымен айналысатын әдеби агенттерім бар. Еліміздегі тұңғыш рет құрылған әдеби агенттіктің жетекшісі Бақтыгүл Махамбетова ағылшын және француз тілдеріне жетік. Сол кісі менің Еуропамен байланысымды жүргізеді. Америкадағы халықаралық Жазушы әйелдер гильдиясының мүшесімін. Оның сайты мен байланысын ағыл­шын тілінің шебері айналысады. ТМД елдері және Ресей бойынша ізденіп отыратын тағы бір агент бар. Осындай өз істерінің шеберлерінің көмегімен еңбектерім жарық көріп, оқырманға жол тауып отыр.

– «Өгей жүрек» хикая­тың­ыз­­да Қазақстанның жаңа за­ман­­­дағы ғылыми жетістігін, ме­ди­ци­надағы жаңалығын ар­­қау етіп жазасыз. Маған көр­­кем шығармадан гөрі, дер­ек­ті дүниедей әсер етті. Фор­ма­сы да, ішіндегі арасын­да кірік­ті­ріп тұратын ақпараттық дүние­ле­ріңіз де публицистикаға кө­бі­рек келеді.

– Мен «Өгей жүректің» алғашқы жолында-ақ «Ғылыми жаңа­лықтармен байланыс­ты­­рылып жазылған хи­каят» деп атап көрсеткенмін. Қа­зір­гі постмодернистік кезеңнің праг­матикалық сипаты деп түсін­діруге де болатын шығар. Ғы­лым өркендеген са­йын күллі әлемде сәт сайын таңғажайып жаңалықтар орын алып жатады. Олар сол сәтінде ғаламтор, ақпарат құралдары арқылы таратылады. Көп ұзамай халық­тың көңілінен ұмыт болып, тарих қойнауына тез еніп кетеді. Сол сәтті оқырман жүрегіне жететіндей көркем сөз бен публицис­тиканы байланыстыра жазылған бұл кітабым оқырман жүрегіне жетіп жатыр деп ойлаймын. Бұл кітап «Фолиант» баспасынан кітап болып шыққалы бері орыс, ағылшын, неміс, қытай, араб, француз және испан тілдерінде жарық көріп үлгерді. «Open Eurasian Literature Festival & Book Forum-2017» (Швеция) кітап фестивалінде проза жанры бойынша үшінші орынды иеленді. Биыл осы шығарманы 2019 жылғы халықаралық «Букер» сыйлығының (Лондон) комиссиясы үміткер ретінде тіркеп отыр. «Амазон» кітап саудасы жүйесінде де, «Меломан» сауда жүйесі дүкендерінде де сатылымы жақсы жүріп жатыр.

Өткен жылдың күзінде Мә­ден­иет және спорт министрлігі ұй­ым­­­дастырған «Жаһандағы зама­­науи қазақстандық мәде­ни­ет» жобасымен Ұлттық акаде­­миялық кітапхана мен Жазу­шы­лар одағының Герма­ния елінде өткізген форум­да Берлиннің ең үлкен кітапха­на­сын­да «Өгей жүректің» неміс тіліндегі тұса­уке­сері болды.

Еуропада кітап жәрмең­ке­ле­ріне қатысып жүріп байқағаным, бүгінгі оқырмандар өмірде бол­ған оқиға желісімен жазылған шығар­маларды қызығып оқиды екен. «Өгей жүректің» әлемді шарлап кеткені оқырмандардың жүрек қалауынан болса керек.

– «Иені сағыну» әңгімеңізді оқы­ғанда иттің монологы арқы­лы адам жан дүниесіндегі арпа­­лыстарды жеткізгіңіз кел­генін аңғардық. Ал осы формада жазуға сізге не түрткі болды?

– Баяғыда қыздарыммен, әкесімен бірге қайталап көре беретін «Хатико: Самый верный друг» деген сүйікті киномыз болатын. Жапон елінде болған оқиға екен... Авторы – Канэто Синдо, басты рөлде әлемге әйгілі Ричард Гир ойнайды. 

Біз үй-ішімізбен жан-жануар­ды жақсы көреміз. Астанадағы жер үйіміздің ауласында ит, мысық, қоян, құстар өріп жүре­тін. Сол сүйкімділеріміздің бірі – «Эрнест» деген чау-чау тұқымды ит болатын. Атын балалардың әкесі, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан қойды. «Жазушының итінің аты да жазушыны еске салуы керек» деп әзілдейтін, шынында, Эрнест Хемингуэйдің құрметіне солай атап еді.

Ал менің «Иені сағыну» деген әңгімем бастан-аяқ болған оқиға. Дүкең өмірден өткеннен кейінгі отбасымыз бен Эрнестіміздің жан дүниесіндегі арпалыс. Итім­нен айырылып қалғанда, бұл шығарманы бір-ақ түнде жазып шықтым. Отбасымыздың басына түскен ауыр қайғыдан жеңілдегім келген болса керек. Жалпы, проза жазу – іштегі дертті шығаруда таптырмас мүмкіндік.

– «Қазақ жазушыла­ры қайдағы күрделі тақы­рып­тарды жазамын деп жүріп, ие­гінің астындағы өмір­шең та­қырыпты назардан тыс қалдырыпты. Сәуле Дос­жан­ның бірінші ұтқан жері осы» деді Жүсіпбек Қорғасбек сіздің «Қызмет қамақтағы әйел» хикая­тыңыз туралы. Жалпы, өз шығар­машылығыңызда әйел адам­ның бейнесін жазу үшін, оны аша түсу үшін қандай тәсілдерге барасыз? Қазақ әдеби­етінде әйел тақырыбы аз жа­зыл­ған жоқ қой...

– Жоғарыда айттым, тақы­рып іздеп әуре болмаймын. Кейіп­керлерім – реалистік образ, өмірден алынады, зәуде бір ойдан қосылады. Жазғанда да, тіпті сөйлегенде де «Алла аузыма дұрыс сөз салсын» деп тілеймін. 

Иә, менің шығармаларымның басты тақырыбы – әйел. Әйел деген өмірді жалғастырушы, маңдайына жазылған басты міндеті – тұқым жалғастыру. Оның тағдыры – қай заманның да өзекті мәселесі. Әлемдік әдебиетте Ги де Мопассан мен Стефан Цвейгтен бастап, орыс әдебиетінде Максим Горький мен Лев Толстой, қазақ әдебиетінде Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтен Бексұлтан Нұржекеевке дейін тізе берсек көп қой. Қалам ұстағандардың ана мен жар, қарындас пен келін, бойжеткендер жайында толғанбағаны, ашынбағаны, ақтарылмағаны жоқ деу­ге болады. Желтоқсандағы қайратты қазақ қыздары қазақ әдебиетіндегі бас­ты тақырыптардың бірі болуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел есін жиғанша отбасында еріне сүйеу болды. Білім мен денсаулық, мемлекеттік қызмет салаларының жетпіс пайыздан астамы нәзік жандылар. Солардың тағдырын суреттеу, баяндау тәсілімен диалог пен ішкі монологын жеткізу жазушы ретінде менің міндетім. 

– Шығармаларыңыз ал­ты тілге аударылып, әр елде кітап болып басылып шық­ты. Әдебиетке бел шеше ара­­лас­­қан кезіңізден бас­тап, көп дүние­ге қол жеткіздіңіз. Халық­ара­лық сыйлықтар алдыңыз, кітап­та­­ры­ңыз шы­ғып жатыр, ауда­­ры­лып жатыр. Енді шы­ғар­машылық жоспарыңыз қандай?

– Алдағыны Алла біледі. Былтырдан бері «Қасіретті жеңген тағдыр» деген романымды жазып жатырмын. Жер бетінде қазақтай қасіретті көп тартқан ұлт жоқ шығар. Сол қасіреттің бірі – Семейдегі сынақ алаңы. Романның бас кейіпкері – Аяулы тағдыры арқылы атом бомбасының сынақ алаңына айналған Жер-Ананың қасіретін, ұлтымыз шеккен зұлматты, көрген тозақты суреттеп беруге тырыстым.

Бұл менің үшінші көлемді шығармам. Бұған дейін «Үлкен үйдегі үрей» және «Жалғыздың жарасы» атты романдарым жарыққа шыққан. «Үлкен үйдегі үрей» романым оқырмандардың сұрауымен үшінші рет баспадан қайта басылып шыққалы жатыр. Шығармашылық жос­парларым жеткілікті. Жазушы ретінде ұлт игілігіне жарайтын шығармаларымды тудыра берсем деп ойлаймын. Дүниеге келген кітаптардың аударылуы, насихатталуы әдеби агенттерімнің жұмысы. Мен тек әдебиет сынды киелі өнермен арадағы дәнекер – қасиетті қаламның иесі ғанамын.

 – Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»