14 Ақпан, 2019

Оралда «Ашық әкімдік» шарасы өтті

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Ашық әкімдік» шарасы өтіп, облыс және қала басшылығы, түрлі мемлекеттік мекеме жетекшілері қоғамдық қабылдау өткізді. Осы күні Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев 112 тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдаса, соңғы үш күн ішінде облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдің 145 тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдаған.

Оралда «Ашық әкімдік» шарасы өтті

Облыс орталығында 8-інші мәрте ұйымдастырылған «Ашық әкімдік» шарасына бұл жолы түрлі мәселемен 695 тұрғын келген. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыс әкімінің орынбасарлары, Орал қаласының әкімі, облыстық басқармалар, құқық қорғау органдары, коммуналдық және басқа да мекеме басшылары өңір тұрғындарының түрлі бұйымтайын тыңдап, әрқайсысына тиісті жауап пен кеңес берді. Шараның мақсаты – тұрғындар арасындағы туындаған көкейкесті мәселелердің шешімін жедел әрі тиімді жолмен шешу, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету.

Айта кету керек, соңғы кезде бүкіл елімізде байқалған көп балалы аналардың белсенділігі Орал қаласында да көзге түсті. Бүгінгі «Ашық әкімдік» шарасына келушілердің көп бөлігі ақ жаулықты аналар екен. Оларды облыс, қала басшылары жеке-жеке де қабылдап, арнайы залда ортақ жиналыс та өткізді.

Жергілікті әкімдік жіті қимылдап, өңірдегі көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету үшін арнайы жұмыс тобын құратынын жариялап отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, көмекке мұқтаж облыс тұрғындарына қатысты жол картасы әзірленбек.

- Мемлекет үнемі әлеуметтік жағдайы төмен әрі көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Біздің қоғам оларды ешқашан шеттеткен емес. Өйткені, отбасы қоғамның жай ғана бір бөлігі емес, бүкіл мемлекеттің негізі. Сондықтан өңірімізде дәстүрлі «Мейірімді көктем» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, барлығын белсенді қатысуға шақырамын, - деді облыс әкімі Орал қаласы әкімінің есепті кездесуінде.

Бұл жоба көп балалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. Жоба аясында ұйымдастыру орталығы құрылмақ. Бұдан бөлек облыста осы санаттағы адамдарға кеңес беру, әлеуметтік, құқықтық және материалдық көмек көрсетуге бағытталған мыңнан астам түрлі іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан