Медицина • 14 Ақпан, 2019

Көп балалы отбасына пәтер сыйлады

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы компаниясының басшысы, кәсіпкер Жандар Садықов 5 ақпанда Астана қаласындағы бес бала бірдей өртке оранған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында көп балалы отбасылардың біріне пәтер сатып алып беретінін жазған еді. Кәсіпкер бір аптаның ішінде өз уәдесін орындады.

Көп балалы отбасына пәтер сыйлады

Бес баланың қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды, сондай-ақ, қалталы азаматтардың көп балалы отбасыларға деген қамқорлық сезімін де оятқандай. Қоғам белсенділері де көп балалы аналардың жәрдемақысын қайта қарауды және жағдайы төмен отбасыларға баспана мәселесін шешуді ұсынып жатыр.

Қолы ашық, қайырымды кәсіпкер біраз уақыт бұрын: «Мен мұсылман әрі елімнің патриоты ретінде жеке кәсібімнен тапқан табысымның мүмкіндігіне қарай мұқтаж отбасына бір бөлмелі пәтер сатып алып бергім келеді» деген болатын. Ол сондай кәсіпкерлерді де үнсіз қалмай, белсенді болуға, халыққа көмектесуге шақырды. Бейнеүндеуінен кейін кәсіпкер Ж.Садықовқа көптеген отбасы жағдайларын айтып хабарласқан. Оның таңдауы Астана қаласындағы Қарабаевтар отбасына түсті. Жақында кәсіпкер сол шаңыраққа бас сұғып, 7 балалы ананың өмірін өз көзімен көріп, тосын сыйымен қуантып қайтты. Бала-шағасымен қуыстай жерді паналап жүрген ана қуаныштан көзіне жас алды. Неліктен дәл осы отбасыны таңдағанын сұрап хабарласқанымызда кәсіпкер: «Мен жариялаған мекенжайға 120-ға жуық өтінім түсті. Бәріне зерттеу жүргіздік. Ішінен баласы ең көп және жағдайы басқаларымен салыстырғанда ең төменін таңдап алдық. Ол – жеті баланы бір өзі асырап отырған жалғызілікті ана. Оның үстіне екі баласы бірдей белгілі бір топтардағы мүгедектер. Отбасында балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыдан өзге еш кіріс жоқ. Ал күйеуі із-түссіз кеткен» деп жауап берді.

Бұдан бөлек, бес баланың өмірін жалмаған қайғылы оқиға мемлекет тарапынан да әлеуметтік әлсіз топтарға деген нақты істердің жедел қолға алуына себеп болды. Айталық, күні кеше Астана әкімдігінің отырысында қала әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова елордалық отбасылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын анықтап, зерттеу мақсатында арнайы дерекқор құрылғанын, сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін есептеуді қайта қарау және атаулы әлеуметтік көмектің шекті мөлшерін арттыруға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдік тарапынан ұсыныстар жіберілгенін жеткізді.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»