Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Қабылдау бөлмелері – халық пен билік арасындағы алтын көпір

474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бас партия еліміздің дамуы мен Елбасы бастамаларының табысты жүзеге асырылуына үлкен үлес қосты. Жүйелі жұмысқа иек артқан «Нұр Отан» халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, өтініш-тілектерін орындау мәселесін де ұтымды шеше білді. Бүгінде осы бағытта партияның арнайы Қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді. Партияның кезекті XVIII съезі қарсаңында бірнеше жыл Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі қызметін атқарған, қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің бас консультанты Жұмажан Жүкеновті әңгімеге тартқан едік.

Қабылдау бөлмелері – халық пен билік арасындағы алтын көпір

– Жұмажан Қамкенұлы, қоғамдық қабылдау бөлмелері «Нұр Отан» партиясының сайлаушылар арасындағы абы­рой-беделінің артуына тікелей әсер ететін құрылым екені бел­гілі. Алдымен Қабылдау бөл­ме­лерінің тарихына аз-кем тоқ­­­талып өтсеңіз?

– Қоғамдық қабылдау бөлме­лері 2005 жылы Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсыр­масымен ашылды. Сол жылдың өзінд­е-ақ олардың саны еліміз бойынша 215-ке жетіп, 4500-ден астам азаматтың арыз-өтініш­терін тыңдаған еді. Ал бүгінде біздің қызметке жүгінетіндер саны жылына 230 мыңнан асып жығылады. Сондықтан қазіргі таңда қабылдау бөлмелері аза­мат­тарға заң аясында қызмет көр­сетіп, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін халық пен билік арасындағы алтын көпір­ге айналып отыр.

– Жалпы, халықты қандай мә­селелер алаңдатады? Келіп түс­кен өтініштердің дені қай бағытта?

– Партияға келіп, қолдау сұ­рай­тындардың басым бөлігі көбі­не әлеуметтік мәселелерді қау­зай­ды. Соның ішінде баспана мә­се­лесі өте өзекті болып тұр. Сон­­дықтан біз осы мәселеге қа­тыс­­ты мамандарды шақыртып, мем­­­ле­кеттік бағдарламалар, олар­ға қа­тысу, құжат жинау сияқ­ты ба­ғытт­арда кеңестер бере­міз. Кей­­­бі­реулер мемлекет есебі­нен бе­рі­летін тұрғын үй­лер­дің кезе­гі­­не алаңдаушылық біл­ді­ріп жата­ды. Қазір бұл жағ­дайды әкім­дік­тер­дің сайттары­нан қарап, ба­қы­лап отыруға бола­тыны бел­гілі. Егер кезекте тұр­ған адам себеп­сіз шы­­­­ға­рылған жағ­дай болса, пар­тия­­ның араласуы­на тура келеді. Тәжі­ри­бемізде ондай да жағдай болды.

Сондай-ақ жетімдерді бас­панамен қамту мәселесінде де Қоғамдық қабылдау бөлмесі айтарлықтай жұмыстар атқарды. Мәселен, бұрын олар 29 жасқа дейін өзі тіркелген жергілікті атқарушы органдардан жалпы кезекпен үй алуға құқылы болатын. Егер оған дейін кезегі кел­месе, автоматты түрде кезек­­тен шығарылады. Әрине бұл әділетсіз. Сондықтан біз Парла­ментке ұсыныс жіберіп, 29 жасқа дейін кезекте тұрған азаматқа ол жастан асып кетсе де күндердің күнінде өз пәтеріне қол жеткізу мүмкіндігін қарастырдық.

Тағы бір еңбек қатынастары мен Еңбек кодексінің бұзылуы­нан туындайтын мәселелер бойынша да көмек сұрап келетіндер қатары қалың. Өкінішке қарай, мәселеге заңдық тұрғыдан қарағанда кейде жәбірленуші болып келген азаматтың өзі кінәлі болып шы­ғып жатады. Сондықтан азаматтар еңбек қатынастарын реттей­тін заңды оқып, өз құқық­тарын біліп, қандай жағдай болмасын заңға сүйеніп әрекет етсе деймін. Әрине біз алдымызға келген азаматқа өзі кінәлі болған жағдайда да қолдау көрсетіп, қол ұшын созуға тырысамыз.

– Шыны керек, қоғамдағы дау-дамайдың басым бөлігі заңды дұрыс білмеудің салдарынан туындап жатады. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы халыққа қолда­ныстағы заңнамаларға қатыс­ты тегін кеңес беруді қолға алға­нын білеміз. Бұл жұмыс та Қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы жүргізіледі ғой?

– Иә. Партияның басты мін­деті халықты толғандырған мәсе­лелердің оң шешілуіне ықпал ету болғандықтан, осындай бастаманы қолға алдық. Бұл бір жағынан, азаматтардың өтініштеріне жасалған талдау­лардың да жемісі. Нәтижесінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жетімдерге, көп балалы аналарға кәсіби заңгерлер­ді жұмылдыру арқылы тегін кеңес беру мүмкіндігіне қол жет­кіздік. Осы ретте бүгінде «Нұр Отаннан» басқа әлеуметтік аз қамтылған жандармен осындай жұмыс жүргізіп отырған бірде бір партияның жоқ екенін айта кеткен жөн.

Қазір Республикалық қоғам­дық қабылдау бөлмесінің базасында «Заңгерлік көмек» пар­тиялық жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында мамандардың кеңестерінен бөлек, істің басынан соңына дейін мұқтаж азаматтарға кешен­ді қызмет көрсетіледі. Со­ның нәтижесінде тек Астана қала­сында адвокаттың қызметіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ 57 аза­маттың өтініші бойынша мәселе оң шешімін тапты.

Қабылдау бөлмелерінің жұмысы да жүйелі жүргізіліп келеді. Белгіленген кесте бойын­ша орталық мемлекеттік ор­ган­дардың бірінші басшылары, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылығы қабылдаулар өткізе­ді. Тіпті өз мәселесін тіке­лей орталыққа жеткізгісі келе­тін аймақтардағы азаматтар үшін бейнебайланыс режімін іске қостық. Мұндай қызметке «Цифр­лы әлеуметтік мониторинг кар­тасы» арқылы қол жеткіздік.

– Қабылдаулар кезінде жеке бас мәселесінен бөлек, бүкіл қоғамды алаңдатқан жайттар да сөз болатын шығар.

– Әрине. Мен әлеуметтік, еңбек қатынастары деп негізгі мәселелерді айтып отырмын. Ал жалпы алғанда қоғамдағы ахуалды айтып келетіндер де аз емес. Соның ішінде ұлттық құндылық, тарих, қоршаған ортаны қорғау сияқты ауқымы кең мәселелерді көтеретіндердің де бар екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл уақыт өткен сайын халықтың санасы жаңғырып, қоғам алдындағы жауапкершілігі артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан Елбасының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы қабылдау бөлмесіне келген әр азаматтың өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында қолдау көрсетіп келеді.

Әңгімелескен Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ