– Алдағы наурыз айында Өскеменде қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогы жарысы өтеді. Оған еліміз бойынша отызға тарта команда қатысады. Бабамыз қазақ жекпе-жек өнерін ерекше бағалаған, күні кешегі еліміздің шекарасын абыроймен қорғаған батырлар қоян-қолтық ұрыс дегенде білек сыбанып шыға келетін, – деді Шығыс Қазақстан облыстық таэквондо федерациясының құрметті президенті, таэквондодан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрсамат Есенғарин.
Семей мен Аягөзден келген SPARTA, КУДО спорт клубтарының мүшелері тамаша өнер көрсетті. Мәселен, қыздар арасындағы 60 кило салмақта спарталық Дарина Әбілғазинова қарсыластарын шақ келтірмей чемпион атанды. Аягөздік Ұлан Рахметоллаев 60 кило салмақта өскемендік Ақтөре Маратұлына жол беріп, күміс алқаны қанағат тұтты. 55 кило салмақта Рүстем Жақыпов («Титан» клубы), 65 килода Ахмер әскери бөлімінің қызметкері Тимур Қасенов, 70 килода «Шығыс» клубының өкілі Азамат Байғожин, 75 килода Глубокое аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Аманжол Нұралыұлы, 80 килода «Айбын» спорт клубының өкілі Мейіржан Ринатов, 85 килода Алтай Райымханов (Шығыс» клубы), 90 килода Эльдар Шалқар («Шығыс»), ал 90 килодан артық салмақта Қорғаныс министрлігінің спортшысы Алмас Байғалиевтың асығы алшысынан түсті.
– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бұрымдылар тек бір салмақта ғана сайысқа түсті. Алайда шырайлы Шығыста жекпе-жек өнеріне қызығушылық артып келеді. Қыздар да қоян-қолтық ұрысқа ден қоя бастады. Жекпе-жек, қоян-қолтық ұрысы соңғы жылдары күрт дамуда. Наурызда дәл осы Жекпе-жек сарайында қоян-қолтық ұрысынан Қазақстан кубогы өтеді. Жарысқа Президент күзеті, басқа да спорт клубтарының саңлақтары қатыспақ, – дейді осы жарысты ұйымдастырушы, облыстық таэквондо федерациясының президенті Мерхат Болатқанұлы.
Реті келгенде айта кету керек, Шығыстың таэквондашылары соңғы жылдары дүбірлі жарыстарда жүлде тере бастады. Федерация президенті Мерхат Болатқанұлы бастаған өңір саңлақтары жыл сайын Оңтүстік Кореяға барып, оқу-жаттығу жарыстарына қатысады, шеберліктерін шыңдайды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН