Францияның әйгілі Канн кинофестивалі сараптау алқасының назарын бірден өзіне бұрғызған сиқыр – басты рөлдегі актрисаның экраннан жарқ еткен отты жанары еді. Фильм атауымен аттас кейіпкердің қиын да қайшылықты тағдырын кемеліне келтіре кейіптеп, жаһан назарын жаулаған қазақ қызы Самал Еслямованың өнердегі бағын ашқан бұл фильмді көрермені де ұзақ күтті. Күні кеше Астанадағы Saryarka кинотеатрында өткен премьераға жиналған халықтың ыстық ықыласы соның айғағы.
Өнердің мүмкіндігі шексіз. Кейде көркемдігімен, енді бірде шынайылығымен баурайды. Ал «Айкада» кино тілінің осы екі тәсілі қатар сөйлейді. Режиссер мен актрисаның тереңнен ұғысқан тандемі бірден менмұндалайды. Кино сценарийі де басты рөлдегі актрисаның бар мүмкіндігін ашуға бағытталып жазылғандай. Самал кейіпкеріне, кейіпкер Самалға айналып кеткен. Арасын бөліп, шекарасын анықтау мүмкін емес. Ұлы Абайша айтсақ, айналасы теп-тегіс жұмыр шығыпты. Сырттай зерделесең де, әңгімеге тарта кетсең де қазақы биязылығынан бір танбайтын нәзік бойжеткен ішкі психологиялық текетіресте адам танымастай өзгеріп келеді. Бұл әсіресе кино актрисасы үшін таптырмас қасиет. Самалдың фильмдегі ізденісі соның дәлелі. Экраннан жарқ еткен тазалық пен мұң қатар қонған отты жанар Көк пен Жердің бір-біріне қабыспас кеңістігін біртұтас әлемге айналдырып жібергендей. Өнер деген осы болса керек.
– Актерге туабітті таланттан бөлек, мінез де қажет. Самалдың бойында қолға алған ісін соңына жеткізбей тынбайтын қайсар да өжет мінез бар. Сырттай өте нәзік көрінгенімен, ішкі қуаты мықты. Самал жарқ-жұрқты басты планға шығарған иллюстратор емес, шын мәніндегі сезімнің актрисасы. Осы тұрғыдан келгенде біз жақсы түсіністік, – дейді актер таңдау процесінен сыр шерткен режиссер Сергей Дворцевой.
Күнкөріс қамымен Мәскеуге қоныс аударып, тұрмыстың түрлі қиындығына шыдамай туған баласынан бас тартып, перзентханада қалдырып кетуге мәжбүр болған қырғыз қызының тауқыметті тағдыры баяндалатын фильм жат елде заңсыз жалдамалы жұмыс істейтін жандардың қиын да қайшылықты өмірін боямасыз суреттейді. Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, Мәскеуге қара жұмыс істеуге барған 250-ден астам қырғыз әйелі тұрмыс тауқыметін жеңе алмай, сәбиін перзентханаға тастап кеткендігі жөнінде ақпарат бар. Осы деректі негізге алған режиссер өз фильмінде жалданушылар мен олардың еңбегін қанаушылардың өмірін сырттай суреттеумен ғана шектелмейді. Сол күйді басынан кешіп жүрген қырық шырақты әйел жанының бар қатпарын, мұңы мен зарын Айка тағдыры арқылы ақтарып салады.
Фильм ауыр әлеуметтік, тұрмыстық мәселені көтеретіндігіне қарамастан, қарабайырлыққа ұрынбаған. Кино тіліне тән көркемдігін сақтап қалған. Көшедегі қар-батпақ араласқан бей-берекет әлем, оны фильм бойы үздіксіз тоқтамай таптайтын темір көліктер қатігез қоғамдағы тап теңсіздігін, адам жанының екінші адам аяғымен аяусыз тапталуын аллегория тілінде сәтті шендестіреді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дейтін Абай мұраты тым-тым алыста қалыпты. Қолға ұстаған иті мен мысығының алдына бар жақсысын тосып, тіпті дәрігерге дейін апарып мәпелейтіндерге қолын созып, көмек сұраған адамның қиын күйі шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Итінің күшігін далаға қаңғыртпайтын адам, шімірікпестен перзентін далаға тастап жүре береді. Парадокс! Біз сондай қоғамда өмір сүріп жатыр екенбіз. Айка тағдыры арқылы режиссер осындай ойға жетелейді.
– Фильмінің түсірілім жұмысы ұзақ әрі қиын жолдан өтті. Табиғаттың әр құбылысына сай эпизодтарымыздың көркемдігі мен шынайы шығуына мән бере отырып, жұмыс істедік. Әрине, бұл жерде ең көп салмақ басты рөлдегі актриса Самалға түсті. Қар аралас жаңбырда, боранда түсірілім жасадық. Тоңу, аяқтан су өту секілді қиындықтарға төзу ғана емес, актерлік ойынды да өз деңгейінде алып шығу керек болды. Оның үстіне фильмнің жанры да ауыр. Осы қиындықтардың барлығын еңсеру жолында Самал аянбай тер төкті. Тіпті қырғыз тілін, өмір сүру салты мен жалпы ұлттың менталитетін зерттеу мақсатында бірнеше ай Қырғызстанға да барып өмір сүріп көрді. Мұның барлығы үлкен еңбек, – дейді режиссер.
Иә, еңбек бар жерде жеңістің де қатар жүруі заңды. Өткен жылы Халықаралық Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самалға бүгін туған елі қошемет көрсетті. Өнер иесінің экрандағы шынайы ойыны көрушісін бей-жай қалдырмады. Көрсетілімнен әрқайсысы жекелей ой арқалап шыққан көрермен көзінен соны аңдадық.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»