Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Өзіміздің «Игита!»

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шағын футболдан УЕФА кубогының екі мәрте иегері, соңғы бес жыл бойы ел кубогын ешкімге бермей жүрген «Қайратты» жолда қалдырған «Ақтөбе» футбол клубы сол қарқынмен жартылай финалда рудныйлық «Аят» клубын 2:1 есебімен ұтып, 2018 жылы футзалдан Қазақстан Кубогының иегері атанды. 

Өзіміздің «Игита!»

– Қазақстан кубогының «Үздік қақпашысы» болып Салауат Байралиев танылды. «Ақтөбе»! – деп саңқ ете қалды жүргізуші.

Салауаттың есіне «Валенсиядағы» күндері, ауылдағы балабақшаның артындағы футбол алаңы, алғашқы марапаты түсті. 

Ол кезде Жымпитының балалары көше-көше болып футбол ойнайтын.

Салауаттан бөлек бұл атаққа үш бірдей бразилиялық легионер үмітті еді. Яғни, Далтон мен Селиньоны былай қойғанда, үміткерлер тізімінде Futzal Planet Awards аталымы бойынша әлемнің екі дүркін «Үздік қақпашысы» атанған әйгілі Игита да (Hiuguita) болған. Бірақ бақ қазақтың баласына, жымпитылық «Игитаға» бұйырды. 

Жақында «Ақтөбе» шағын футбол клубының қақпашысы Салауат Байралиев Қазақстанның ұлттық құрамасының сапына алынды. 1 ақпан күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шағын футболдан Қазақстан және Хорватия құрамаларының арасында өткен жолдастық кездесуге Салауат Байралиев бразилиялық легионер Игитаның қосалқы алмастырушысы ретінде қатысты. 

* * *

Салауат Байралиев Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келді. Жымпитының көшесінде доп қуып жүрген Дулат пен Сұлухияның кенже баласы бір күні Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол үйірмесінің жаттықтырушысы Руслан Чукуровтың қолына түсті. 

Жаттықтырушы Руслан жас футболшыларды Оралдағы «Ақжайық» футбол клубының ашық жаттығуларын тамашалауға алып баратын. Жап-жасыл алаң, әп-әдемі форма, жылтыраған доп­тар, бәрі-бәрі футболға деген махабатты, дайындыққа деген ықыласты оятпай қоймайтын. Руслан ұстазға да керегі сол еді. 

Руслан ағайынан футбол әліппесін үйренген Салауат басында үлкен футболға ден қойып жүрді. Сапында Салауаттай қақпашысы бар футболдан Сырым ауданының балалар мен жасөспірімдер құрамасы «Coca Cola Былғары доп» турнирінің 2009-2010 жылғы маусымында ІІ дәрежелі жеңімпаз атанды. 

Сол жылдары Салауат пен досы Самат екеуіне футболдан облыстың оқушылар құрамасына шақыру келді. Салауат шақыруды қабылдамай, ауыл­да білім ала беретін болып шешті. Ол бертін келе шағын футболға қарай ауысты. Сырым ауданының құрамасы қатарында жүріп, футзалдан облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Қадыр Мырзалиев атындағы мектепті аяқтағаннан кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша жоғары білім алып жүргенде Салауат Орал футболын бүкілодақтық аренаға таныстырған тұлға, Қазақ КСР-і бо­йынша мықты 33 футболшының тізіміне енген даңқты футболшы, оралдық «Уралец» клубының экс-мүшесі, жат­тық­тырушы Матияс Хамитовпен таныс­ты. Салауаттың спортқа біржола бет бұруына дәл осы Матияс мырзаның үлкен үлесі болды. 

Оралдық «Тайпақ» футбол клубының оқу-жаттығу шараларына да қатысып жүрген Салауат кейін «АзияТехСтрой» ЖШС футбол командасына ауысып, об­лыс­тық футзал лигасының 2013-2014 жыл­ғы маусымында «Үздік қақпашы» атанды. 

Салауаттың спорттық мансабы ақ­төбелік «Інжу» әуесқой футбол клубына қабылданғаннан кейін өрлей бас­тады. «Інжу» клубының Қазақстан кубогіндегі ойыны «Ақтөбе» шағын футбол клубы деп қайта жасақталғаннан кейін жылма-жыл жақсара түсті. Ел чемпионатында екі жыл қатарынан жүлдегер атанған «Ақтөбе» шағын футбол клубы 2017-2018 жылғы маусымда Қазақстан кубогының иегері болды. Осы жарыста қақпашы Салауат Байралиев «Үздік қақпашы» атанып, жанкүйерлер түгілі, елдегі футбол мамандарына да өзінің шеберлігін мойындатты. 

Ауыл баласының кәсіби қақпашы ретінде қалыптасуына «Ақтөбе» шағын футбол клубының қақпашысы, ұлттық құраманың мүшесі Григорий Шамро үлкен еңбек сіңіріпті. Салауат Шамроны өзіне ұстаз санайтынын айтады.

«Ақтөбе» клубы 2018 жылы Хорва­тия­ның Макарск қаласында UEFA Chempions League ойындарының элиталы раундына қатысты. Тәжі­ри­белі бапкер Олег Солодовниктің шә­кірт­терінің еуропалық деңгейдегі қадамы сәтті басталды. Грузия және Финлян­дияның клубтарымен болған ойын­да жеңіске жеткен «Ақтөбе» тек паркет иелеріне ғана есе жіберіп алды. Егер осы ойында да жеңілмей, топтық кезең­ге шыққанда «Ақтөбені» «Интер Мовис­тар» (Испания), «Спортинг» (Порту­галия) және «Барселона» (Испа­ния) сияқты жұлдызды клубтармен жүздесулер, ал біздің Салауатты жаңа мүм­кіндіктер, былайша айтқанда «еуро­палық» мүмкіндіктер күтіп тұр еді. Бірақ, оған мойып отырған Салауат жоқ. 

– Менің спорттағы жолым енді бас­талды. Жететін жетістігім мен тойлайтын жеңісім әлі алда! – дейді ол. 

– Ұлттық құраманың мүшесі болу қалай екен? – деген сұрағымызға Са­лауат:

– Бір жағынан – абырой, бір – жағынан жауапкершілік. Біздің құра­ма Еуропада Испания, Ресей және Пор­тугалиядан кейін 4-орында тұр. Мін­детіміз – осы деңгейді одан әрі көте­ру, футбол арқылы елді таныту. Шы­нын айту керек, танымал болмаған, жетістікке жетпеген күннің өзінде де мен бәрібір Қазақстанның шағын футбол құрамасына мүше болуды өзіме мәртебе санар едім. Себебі, бұл құрама – менің ұлтымның, елімнің құрамасы, – дейді жігіт жасындағы Салауат. 

Біздің де күткен жауабымыз осы еді. Футболдан бұрын елін жақсы көретін Салауаттай жігітке әуелі амандық, сосын жеңіс тіледік! Аман жүр, өзіміздің «Игита!» 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

журналист

Батыс Қазақстан облысы