14 ақпан, бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғашқы елу жаңа қоныс иесіне жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Олардың қатарында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және т.б. балалар бар.
Өңір басшысы былтыр Ақтөбеде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында 170 мың өскелең ұрпақ өкілдері қатысқан 2 мыңға жуық шара өткенін атап өтті.
Ақтөбеде «Jas barys» алғашқы өңірлік форумы өтіп, оған еріктілер, студенттер, жас кәсіпкерлер, жұмысшы жастар қатысты. Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Zhas Project» жобасы жүзеге асырылып, соның аясында жастар 163 жобаны жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеге дейін қаражат алды.
«Жастар жылы біздің өңірде 22 мыңнан аса жас жұмысқа орналасып, «Жасыл елге» қатысушылар саны 6 мыңға дейін артады, жастар жобасын жүзеге асыруға 40 млн теңге бөлінбек, ал 500 бала өз ісін ашу үшін мемлекеттің жеңілдетілген несиесі мен гранттар түріндегі қолдауын ала алады. Баспанамен қамту – біздің мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Біз Елбасының жастарды баспанамен қамтамасыз етуге байланысты тапсырмасы аясында бірегей тұрғын үй бағдарламасын іске қостық. Соның арқасында жүздеген ақтөбелік жастар баспанамен қамтылады»,- деді Бердібек Сапарбаев.
«Менің енді өз үйім барына өте қуаныштымын. Бұл жастарға ақша жинамай-ақ, өз пәтерін сатып алуға тамаша мүмкіндік. Осындай сыйлық үшін алғыс айтамыз»,- деді «Ақтөбе» облыстық газетінің тілшісі Ақерке Сатыбалдина.
«Бастапқы жарнаның жоқтығынан жас отбасылардың көбісі пәтер мәселесін шеше алмайтыны өтірік емес. Бірақ бүгін біздің арманымыз орындалды. Ақтөбе облысының осындай бағдарламаны Қазақстанда бірінші болып іске қосқанына қуаныштымыз. Соның арқасында менің жүздеген құрдасым қол жетімді бағамен үйлі бола алатын болды. Бізге қамқорлық жасағандары үшін рақмет!»,- деді қуанышымен бөліскен Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ маманы Берік Мұстафин.
Жұмысшы жастар тұратын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Алаңы 45-55 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үй алаңы үшін төленетін алғашқы жарна орташа алғанша 350 мың теңгені құрайды, ал ай сайынғы төлем – 35 мың теңге. Таза әрлеудегі тұрғын үйдің бір шаршы метр құны – 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін.
Айта кетейік, қазіргі таңда аталмыш бағдарламаға қатысу үшін 2 мыңнан астам өтініш түскен.