Үкімет • 14 Ақпан, 2019

Сенаторлар сот жүйесін жаңғыртуға арналған заңдарды қабылдады

284 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Сенаторлар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады.

Сенаторлар сот жүйесін жаңғыртуға арналған заңдарды қабылдады

Заңның мақсаты сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларды сапалы дамыту және жаңарту болып табылады.

Конституциялық заң бойынша Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың жалпы отырыстарының төралқалары жойылады. Облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысы енгізіледі, оған облыстық соттың судьялары және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аудандық соттарының судьялары қатысады.

Облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысының құзыретіне жергілікті соттың екі судьясын Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысына жіберу мәселелерін қарауды, Жоғары Сот Кеңесінің, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің және Кадр резерві жөніндегі комиссияның, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамына судьялардың кандидатураларын қарауды және Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысына тиісті ұсынымдар шығаруды жатқызу ұсынылады.

Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғары Сот Кеңесінің жанынан Сот жюриі құрылады, ол алты судьядан, кеңесші дауыс беру құқығы бар жұртшылық өкілдерінен және судьялардың қатарынан Жоғары Сот Кеңесінің бір мүшесінен тұрады.

Заң жобасымен Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін мынадай негіздер белгіленеді: 1) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы; 2) облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының шешімдері; 3) тексерулердің қорытындысы бойынша расталған, бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында қамтылған мәліметтер мен фактілер, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары; 4) судья әдебі жөніндегі комиссиялардың шешімдері.

Заңмен аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының, сот алқалары төрағаларының және судьясының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кадр резерві енгізіледі, оны Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия қалыптастырады.  

Отырыста сондай-ақ заңнамаға сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

«Білім туралы» заңға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот төрелігі академиясына қатысты құзыретін көздейтін толықтыру енгізіледі.

«Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заңға Жоғарғы Сот Кеңесінің  судьяларды тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайтынын және Сот жүйесіндегі судья кадрларының жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы қалыптастыратынын қарастыратын толықтырулар енгізіледі.

Заңмен Кеңестің заңгер-ғалымдар мен адвокаттар қатарынан шыққан мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу де белгіленеді, ол Кеңеске республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізіледі.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамдардың оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі уәкілетті органда және оның аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алатынын көздейтін толықтыру енгізіледі.

Сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялады.

Келісім таңбаланатын тауарлардың айналымына бақылауды жүзеге асыру арқылы көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартуға және бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға бағытталған.

Құжат Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен тізбесі бекітілетін таңбалануға жататын тауарларды ЕАЭО аясында біріздендірілген сәйкестендіру құралдарымен таңбалау тәртібін айқындайды.

Сонымен қатар, Келісіммен сәйкестендіру құралдарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу, Одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық комиссияны тауарларды таңбалауды енгізу жөнінде ниеттерінің бар екендігі туралы хабардар ету, Одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ оларға таңбалануға қойылатын талаптар мен таңбалау шарттары қолданылмайтын тауарлар реттеледі.

2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланды.

Хаттамаға сәйкес Келісімге 2 және 3-қосымшаларды Келісімнің шарттарынан шығару бөлігіне өзгерістер енгізіледі, ол тараптардың құзыретті органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстанда қолданылатын ведомствоаралық Хаттама жасасу арқылы Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына алып баруға тыйым салынған немесе шектеу қойылған және экспорттауға тыйым салынған немесе Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағынан тыс жерлерге әкетуге шектеу қойылған мұнай өнімдерінің тізбелерін айқындауға мүмкіндік береді.

Келісімге енгізілетін өзгерістер жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығының балансына байланысты экспортты ашу/жабу немесе мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін импорттау жөнінде шешім қабылдау кезінде ұтқырлықты дамытуға жәрдемдесетін болады.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режимі туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды.

Келісімнің басты мақсаты – құқықтық негізді өзара белгілеу және мемлекеттік шекарада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастарды реттеу болып табылады. Мемлекаттік шекара режимі шекарада қолданылатын қағидаларды және мемлекеттік шекараны күтіп ұстау, мемлекеттік шекара арқылы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен өзге де мүлікті өткізу, мемлекеттік шекара үстінен ұшуларды жүзеге асыру, мемлекеттік шекарада, шекара жолақтарында, сондай-ақ шекаралық сулар шегінде шаруашылық және өзге де қызметті жүргізу, (сондай-ақ оларды пайдалану) және шекаралық қақтығыстарды шешу тәртібін қамтиды.

Келісім мерзімсіз болып табылады. Оның ратификациялануы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасында режим қағидаларын белгілеуге, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

«Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы жан-жақты қаралды.

Заң жобасының мақсаты мемлекеттік қорғаныс тапсырысын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету және қалыптастыру, орналастыру мен орындау процесінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін дамыту болып табылады.

Заң жобасы қорғаныс өнеркәсібінің, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техника айналымының жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған.

Заң жобасында осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын алушылардың, орындаушылар мен әскери өкілдердің функциялары айқындалған. Тұтастай алғанда мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау тәртібі реттелген, оның құрамы мен мазмұны айқындалған.

Сондай-ақ Үкіметтің, уәкілетті органның, орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, қорғаныс өнеркәсібі мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті ұйымның және қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдарының құзыреттері белгіленген.

Заң жобасы ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырудың ерекшеліктерін бекітетін ережелерді, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын басым тәртіппен орындауға міндеттілігі туралы ережені қамтиды. Одан басқа қорғаныс тапсырысы саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, қару-жарақ, әскери техника және пайдаланылмайтын мүлік айналымының ерекшеліктері, сондай-ақ әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен нысандары заңнамалық деңгейде белгіленген.

Заң жобасын талқылау барысында өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Жобаның кейбір ережелері Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілерінің: «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», Бюджет кодексі, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Құқықтық актілер туралы» және басқа заңдардың ережелеріне сәйкес келтіріледі. Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Заңнамаға қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралды.

Заң жобасымен 4 кодекске және 20 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Олардың ішінде негізгілері: облыстық бюджеттің, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің аумақтық әскерлердің тиісті аумақтық органдарын қамтамасыз етуге және күтіп-ұстауға арналған шығыстарын реттейтін ережелерді нақтылауға; мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жүзеге асыруға арналған шарттар негізінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан босатуға; Үкіметтің, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті органдардың және басқа да мемлекеттік органдардың құзыреттерін нақтылауға; әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қолдану үшін броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын шығару, сондай-ақ оларды тасымалдау тәртібін айқындауға бағытталады.

Одан басқа, заң жобасымен ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін реттейтін ережелер, оның ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құруға немесе дамытуға бағытталған  бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді. Атап айтқанда, заң жобасында көзделген түзетулерге сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды болдырмау мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңға толықтырулар енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдарының ережелерімен қайшылықтарды болдырмау мақсатында тиісті өзгерістер ұсынылды.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Сенатор Сәуле Айтпаева балалар құқықтарын қорғау; Динар Нөкетаева жас отбасылардың ажырасу мәселелері; Мұрат Бақтиярұлы халықтың әлсіз топтарын қолдаудың кешенді шараларын қабылдау туралы; С. Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің 125 жылдығын мерекелеуге қатысты; Аңсар Мұсаханов қазақтың тазы және төбет иттерінің тұқымын қалпына келтіру және сақтау туралы сауал жолдады.

Сенат отырысына Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Сенатта тәжірибеден өтіп жатқан студенттері қатысты.