Парламент • 14 Ақпан, 2019

Мұрат Бақтиярұлы: Ұлт қайраткерлеріне арналып Үкімет қаулысы қабылданса...

550 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

Мұрат Бақтиярұлы: Ұлт қайраткерлеріне арналып Үкімет қаулысы қабылданса...

Сенатордың айтуынша, депутат сауалын жолдауға қазақ «Үш бәйтерегім» деп, бөліп жармаған, тел өскен сталиндік зобалаңның құрбандары, артына өшпес рухани мұра қалдырған қазақтың ақиық ақыны, қоғам қайраткері – Ілияс Жансүгіров, жалынды ақын, жазушы, дарынды драматург Сәкен Сейфуллин мен әңгіме жанрының хас шебері, жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы себеп болып отыр екен.

«Елбасымыздың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында еліміздің рухани көшбасшыларының алдына қойған міндеттерінің ең маңыздысы – өскелең ұрпақтың ұлттық рухани дамуын қалыптастыратын шараларды іске асыру, жастарды өз Отанының тарихын, Ұлы даладан шыққан ұлы тұлғаларын білуге, құрметтеуге баулу, ұлтымыздың рухани бірегейлігін сақтау, нығайту.

Ұлт руханиятының үш арысының мерейтойларын республика, тіпті халықаралық деңгейде өткізу шаралары Үкіметтің ұлт қайраткерлерінiң, мерейтойларын атап өту туралы қаулысына да сәйкес келеді.

Қазіргі уақытта қоғам белсенділері мен бастамашыл азаматтардың ұйымдастыруымен жер-жерлерде өткізіліп жатқан шаралар «Үш бәйтеректің» рухани мұрасы мен тұлғасын тануға деген халқымыздың ынтасының зор екенін көрсетеді.

Бүгінде Ілияс Жансүгіровтың көркем мұрасы шетелдік оқырман қауымға да жол тартты, «Құлагер» поэмасының Ұлыбританияда ағылшын тіліне аударылуы  туралы жаңалыққа халықтың ерекше қуанғаны әлеуметтік желілерде айқын көрінді. Дегенмен бұл тұлғалардың қаншама мұрасы жарыққа шықпай, халық игілігіне айналмай мұрағаттарда жатыр» дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Осындай жағдайларды ескере отырып, Сенат депутаты Үкімет тарапынан келесі шараларды қолға алуды сұрайды:

Ілиястану бағытындағы ғылыми-мұрағаттық, ғылыми-текстологиялық, филологиялық зерттеулер жүргізу;

Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы елдік брендін жасайтын ұлы мұраларының бірі ретінде Ілияс, Сәкен және Бейімбет шығармашылығының халықаралық деңгейде насихатталуына қатысты кешенді шараларды - шығармаларының шет тілдеріне аударылуын, туындыларының тұсаукесерін, ғылыми конференциялар т.б. жүзеге асыру;

Еліміздің жас ұрпағына «Үш бәйтеректің» мұрасын жете таныстыру үшін ақпараттық технологияларды қолданатын заманауи форматтағы, мысалы, онлайн-эссе байқауы, видеоблоктар, аудио подкасттар, т.б. түріндегі түрлі шаралар кешенін жүзеге асыру маңызды болмақ.

Сонымен қатар, аталған шараларды Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Қоғамдық  даму министрліктерінің жоспарларына, сол сияқты «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізілуі керек деп санайды.

«Жалпы, осы аталған үш арысымызға, ұлт қайраткерлерімізге арналған мерейтойларын атап өту шаралар туралы Үкіметтің қаулысы қабылданса дейміз.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден аталған ұсыныстарды қарастыруды және қолдаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма беруіңізді сұраймыз» делінген сенатордың Премьер-Министрге жолдаған сауалында.