14 Ақпан, 2019

Азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді әлеуметтік бағдарлама керек - сенатор

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Депутат Астана қаласында өрттен болған бес сәбидің орны толмас қазасына көңіл айтып, Президент тапсырмасына сәйкес қолданылған шараларға тоқталды.

Азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді әлеуметтік бағдарлама керек - сенатор

«Үкімет жанынан «Халықтың табысын арттыру және тұрмысын жақсарту бағытында ұсыныстар әзірлеу» жөнінде жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобы аясында еліміздегі барлық облыс, қала, аудандардың құрамында құзырлы мекемелердің өкілдерінен тұратын жұмысшы топтар құрылып, жұмыс жасауда. 2019 жылы еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 3.043, 4 млрд теңге, яғни барлық бюджеттің 28,4 пайызы бөлінді. Ал тек әлеуметтік төлемдерге 2.884,4 млрд қарастырылды. Бұл өткен 2018 жылмен салыстырғанда 372,2 млрд көп» - деді ол.

Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 340 мыңнан астам көп балалы отбасы тіркелген. Оның 237 мыңы - «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері. Сонымен бірге 85 мың мүгедек бала, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғыз басты ана, 68 мыңнан астам балалары бар жалғыз басты әке бар екен.

Мұрат Бақтиярұлы күнкөріс шегінің көлемін өмір сапасына бейімдеп, қайта есептеп шығуды және тағы да басқа ұсыныстарын алға тартты.

«Біздегі ең төменгі күнкөріс шегі күніне 881 теңге кіріс кіретіндер болып саналса, БҰҰ-ның стандарттары бойынша ең төменгі күнкөріс шегінің көлемі 5 доллар, яғни 1875 теңге болып есептелінеді. Сондықтан да Үкімет, біріншіден, ең төменгі күнкөріс шегінің көлемін қазіргі шынайы тұрмысқа, өмір сапасына бейімдеп қайта есептеп шығуы керек. Екіншіден, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір, т.б.) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелеттік жасқа жеткенше ең төменгі жалақының көлемінде жәрдемақы төлеудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Үшіншіден, көптеген дамыған елде бар көп балалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Төртіншіден, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасында бірге тұратын зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы көлемін табыс көзі ретінде есепке алмауды ұсынамыз. Бесіншіден, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың үй кезегін бөлек тіркеу шараларын және олар үшін барынша қолжетімді алдын ала жарнапұл төлемей жалға берілетін, еліміздің барлық қалалары мен аудан орталықтарында салатын тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс», - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сонымен қатар депутат еліміздегі әлеуметтік тұрақтылық пен халықты қорғауды күшейту мақсатында көп балалы аналар мен мүгедектерді және қиын жағдайдағы өмір сүріп жатқан азаматтарымызды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеу туралы ұсыныс білдірді.