Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тұрғындар алдында есеп берді

737 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзаxметов Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың тұрғындар алдындағы есебіне қатысты. 

Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тұрғындар алдында есеп берді

Өз баяндамасында қала басшысы өткен жылы шаһарда атқарылған барлық жұмыстарға және ағымдағы жылғы жоспарлы мақсаттарға тоқталды.

Ғалымжан Райылұлының сөзіне сүйенсек, былтыр қаладағы өнеркәсіп нысандары 240,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 69,3 миллиард теңгені немесе 104,9 пайызды құраған. Ал, көтерме сауда тауар айналымы 155,9 миллиард теңгеге, бөлшек сауда тауар айналымы 218,6 миллиард теңгеге орындалған. Өткен жылғы жалпы қала бюджеті трансферттерімен қоса есептегенде 54,1 миллиард теңгені құрап, ол 99,99 пайызға игерілген.

Сондай-ақ қазіргі таңда облыс орталығында барлығы 32 712 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген десек, оның нақты 23753-і жұмыс істеуде екен. 2018 жылы Тараз қаласында 21,6 мың шаршы метрді құрайтын 423 бизнестің коммерциялық нысаны іске қосылған.

Сондай-ақ, өткен жылғы нәтижелі жұмыстардың бірқатары қала келбетіне қатысты екендігі баршаға белгілі. Алайда, бұл жұмыстар қала әкімдігі тарапынан емес, тікелей облыс басшылығының атсалысуымен атқарылғандығын айта кету керек. Айталық, қайта жаңғыртылып, ашылған Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» жəне Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар, «Желтоқсан» аллеясы, теміржол бекеті алдындағы сквер, «Үшбұлақ» каналының жағалауы, орталық «Достық» алаңы мен облыстық əкімшілік алдыңдағы заманауи субұрқақтар және тағы басқа нысандар шаһар шырайын арттыра түскеніне тұрғындар куә.

Есепті жиында қаланың әлеумет, мәдениет, спорт, денсаулық салаларында атқарылған жұмыстар да жан-жақты айтылды.

Жалпы алғанда облыс орталығында өткен жылы тындырылған тірліктер баршылық. Десек те, шешімін күткен мәселелер де аз емес болып шықты. Қала әкімінің есебінен кейін сөз алған тұрғындардың ой-пікірлері оған дәлел бола алады. Сұрақ-жауап кезегінде тараздықтар түрлі мәселелерді көтеріп, көкейдегі сауалдарын қарша боратты. Қала әкімі Ғалымжан Райылұлы барлық сауалдарға жауаптар беруге тырысты.

Жиында қорытынды сөз алған Асқар Исабекұлы қаланың негізгі көрсеткіштерінде салыстырмалы түрде өсім болғанымен, жауапты тұлғалар бірқатар міндетті межелерге қол жеткізуде сылбырлыққа жол бергенін жасырмады. Қала экономикасын арттыру жолындағы жұмыстарды жандандыру керектігін, әсіресе қайта өңдеу өнеркәсіп орындарының әлеуетіне қарай жүктемесін де көтерудің маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ, өңір басшысы қаладағы көпшілікті алаңдатып отырған қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің үнемі назардан түспейтінін, оларды шешу жолында тиісті шаралар облыстық деңгейде қаралып жатқанын мәлімдеді. Тек Тараз қаласы емес, облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың нақты санын анықтап, қолдау шаралары өткен жылдан бастап қолға алынғандығын айтқан Асқар Исабекұлы олардың арендалық әлеуметтік тұрғын үй мәселесін тиімді шешу жолдары да сараланып жатқандығын жеткізді. Бұл бойынша қазіргі таңда арнайы комиссия құрылған. Комиссия нақты зерттеулер жүргізіп, әртүрлі жолмен екі немесе одан да көп пәтерді иемденіп, оны өз пайдасына пайдаланып отырғандарды анықтамақ. Ондағы басты мақсат- арендалық әлеуметтік тұрғын үйлерді шын мұқтаждарға беру деді аймақ басшысы.