Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларына қатысы бар бұл қайта атау жөніндегі шешімнің жобасы облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXII сессиясында бірауыздан қабылданды.
– Қарағандыда 16 көшенің, Жезқазғанда 14 көше, 4 тұйық көше және Металлургтер алаңының атаулары өзгеріске ұшырайды. Мысты қаладағы алаң бұдан былай Қаныш Сәтбаев атындағы алаң болып аталады. Теміртауда 5 көшеге жаңа атау беріледі және осындағы атауы жоқ бір алаң «Астана» болып аталады. Сондай-ақ, қаладағы атаусыз тағы бір саябақ «Бірлік» деп аталатын болады, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Гүлнәрайым Қаңтарбекова.
Атауларды өзгерту жөніндегі құжат республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы негізінде әзірленген. Таяу арада ол юстиция органдарында тіркеуден өтіп, заңды күшіне енеді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды