Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Жамбыл өңірінде 4000 кәсіпкер сауалнамаға қатысты

466 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында үш аптада 4000 кәсіпкерге сауалнама жүргізіліп,  сауалнама аясында 827 кәсіпкер «Atameken Services» порталына тіркелді. 

Жамбыл өңірінде 4000 кәсіпкер сауалнамаға қатысты

Қазіргі таңда еліміздегі әр бизнес субъектісіне қатысты толыққанды бірыңғай ақпараттар базасы тапшы екені жасырын емес. Сауалнама тақырыбы кейбір бизнес түрлерінің кенжелеп қалуына не себеп, экспортты ұлғайтып, импортты азайту жолында қандай шараларды қолға алу керек деген мәселеге құрылды. Осы және өзге де мәселелерді анықтау мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел көлемінде кәсіпкерлер арасында өткізіліп жатқан ауқымды сауалнама ұйымдастырған.

Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде бүгінде жұмыс істеп тұрған 63 262 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының 300 қызметкері, ал өңірлік палатаның 22 қызметкері таңнан кешке дейін кәсіпкерлермен кездесіп, сауалнама жүргізу жұмыстарына кірісіп кетті. Жұмыс әуелі Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданының орталық базарлары, сауда үйлері мен дүңгіршектерінен басталды. Алдағы уақытта өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарды аралау жұмысы тұр.

«Қаңтар айында Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері арасында жұмыс тобы құрылып, бүгінгі күнге дейін 4000-ға жуық кәсіпкер сауалнамаға қатысты. Сауалнама алты айға жалғасады. Қорытындысы бойынша Жамбыл бизнесін алаңдатқан мәселелер мен түрлі кем-кетіктердің айқын көрінісі белгілі болады. Кәсіпкерлер арасында алғашқы ауқымды сауалнама аясында «Atameken services» порталына 827 бизнес-субъектісі тіркелді», дейді өңірлік палатаның қызметкері Ақбота Батырбекова.

Жаңартылған портал – бұл 60-тан астам тегін сервистік қызмет төрт негізгі бағыт бойынша көрсетілетінін айта кеткен жөн. «Несие агрегаторын» қолданып, кәсіпкерлер онлайн режимінде елдің барлық негізгі банктері мен қаржылық ұйымдарына несие алуға өтінім бере алады. Бизнес білімді кеңейту және қызметкерлерді қайта оқытуда «Atameken.Academy» сервисі жақсы көмекші. Ал кәсіби заңгерлік көмек «Құқықтық қорғау» бөлімінде қолжетімді. Сонымен қатар өтінім берушілерге бизнес-жоба, салықты есептілік, нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізу де тегін көрсетіледі.

Сондай-ақ, өңірлік палатаның кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы да «Atameken Services» қызметіне кәсіпкерлер жүгінеді. Атап айтқанда, көбінде 100-ден астам бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есепті құру, 100-ге жуығы маркетингтік сұрақтар бойынша, 20-дан астамы мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша онлайн-порталға өтінім жіберген. 30-дан астам кәсіпкер бүгінде кеңсесі немесе үйден шықпай-ақ дайын бизнес-жоспарды алуға тапсырыс беріп, олардың барлығына бизнес-жоспарлар әзірленді.

Мәселен, Байзақ ауданындағы жеке кәсіпкер Ақбота Шолановаға «Atameken Services» порталы арқылы етті бағыттағы мүйізді ірі қара мал санын көбейту мақсатында бизнес-жоспарға тапсырыс беріп, қаржы институттары арқылы несиеге қол жеткізген. Жамбыл облысы аграрлы аймақ болғандықтан, мал шаруашылығына қатысты бизнес-жоспарлардың да қажеттілігі көп. Бұрындары ауылдағы кәсіпкерлер білікті мамандарды іздеп, ақылы бизнес-жоспарлар жаздыртса, енді онлайн тапсырыс бере алатыны қуантады.

Хамит Есаман,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар