Әлжуаз компаниялардан арылта ма?
«Банкроттық туралы заң жобасын қабылдау үшін асығудың қажеті жоқ» деген пікірді әуелі Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты. Ал Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың пайымдауынша, қолданыстағы заңнама шығынмен жұмыс істейтін кәсіпорындарды жеделдетіп жабуға мүмкіндік бермейді. Негізгі себеп – субъектіні банкрот деп тану үшін оның дәрменсіздігін анықтауға мүмкіндік беретін айқын ұғымдардың болмауы. Ұлттық банк болса, ішкі нарықты бәсекеге қабілетсіз компаниялардан құтқаруға асығып отыр. Төраға Данияр Ақышевтың айтуынша, бұл процедура екі жолмен жүзеге аспақ: алдымен оларды банкрот деп жариялау, сосын активтерін еңсе тіктеген, несиені қайтару мүмкіндігі жоғары компанияларға беру. Мұны жүзеге асыру үшін банкроттықты жариялау процедурасының тиімділігін көтеру керек.
Ішкі нарық тиімсіз және жұмыс істемейтін компаниялардан арылу қажет екенін сарапшылар да көптен айтып жүр. Шығынға батып жүрген компанияларды банкрот деп жариялауды қолданыстағы заң да қиындатып келген. Қаржы сарапшысы Тимур Әбілқасымов мұндай пікірмен келіспейтінін кесіп айтты. Себебі банкроттық туралы қазіргі заңның 114-тармағы бұл процесті 1 айда аяқтауға мүмкіндік беретін көрінеді. Бірақ компанияның иесі өзін банкрот деп тану жайлы өтініш бергенде ғана бұл тармақ күшіне енеді. Сарапшы, Ұлттық банктің ұсынысы банкроттықты жеделдетуге үшінші тараптың – екінші деңгейлі банктерді де заңдастыруы мүмкін екенін айтады. Бұл фактор, екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігін арттыруы мүмкін.
– Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Алғашқыда бәсекеге пайда әкелмейтін несиелердің саны көбейіп кетуі мүмкін. Бірақ бұл Үкіметтің қолдау қаржысымен өмір сүретін банктер мен компаниялардың санын аз уақыт ішінде азайтады, – дейді Т.Әбілқасымов.
Оның пайымдауынша, Ұлттық банк бүгінге дейін қаржы ұйымдарын бақылаумен ғана шектелген жоқ, инфляцияны таргеттеу де соның құзыретінде болып келді. Ал экономиканы төлем қабілеті сын көтермейтін компаниялардан тазарту үшін Ұлттық банктің жанынан бәрін бақылауға құзырет беретін және оны инфляцияны бақылаумен байланыстырып отыратын жеке агенттік ашу керек.
Бизнес дайын болуы тиіс
Жаңа заң ірі агрохолдингтерге де әсер етуі мүмкін.
– Біз мұны екінші деңгейдегі банктердің басындағы жағдайдан байқадық. Дегенмен, бұл процедураны басымыздан өткеруіміз керек, – дейді Т.Әбілқасымов.
Сарапшылар банкроттық туралы мәселе бірінші кезекте компаниялардың өзіне керек екенін айтады. Бұл оларды несие берушілердің қысымынан бірнеше жылға дейін құтқарады, қосымша тыныс алып, жағдайларын түзеп алуға мүмкіндік береді.
– Бәсекеге қабілетсіз компанияларды қаржыландыруды тоқтату керек деген бастаманы қолдаймын. Бірақ әлсіз компаниялардың активтерін күштілерге алып беру дұрыс емес. Нарық заңы бойынша несие берушілердің қысымынан босатылған компания бірнеше жылда жағдайын түзеп алуға тиіс. Егер кәсіпорын бұл мүмкіндікті пайдалана алмаса, акцияларын сатып, кредиторлармен есеп айырысу процедурасын бастауға болады, – дейді экономист Жарас Ахметов.
Оның айтуынша, Ұлттық банктің ұстанған саясаты дұрыс. Авгейдің ат қорасы сияқты, нарықты да әлсіз компаниялардан тазартатын кез келді. Себебі бейнелі түрде айтқанда, көрінбейтін, тек тіркеліп қойған көлеңкелі экономикадан тарап жатқан уыт экономиканың нарық заңымен дамуына кедергі келтіруде.
Жалпы, сарапшылардың көпшілігі банкроттық туралы заңның тездетіп қабылдануына қаржылық-өндірістік топтар көп кедергі келтіретінін айтып жүр.
Банкроттық бүгін басталған жоқ
«Falconry Capital» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Бақыт Ниязов банктердің несиелік қоржынының сапасына Ұлттық банктің күмәндандануы бұрынырақта туғанын айтады. Ұлттық банктің банкроттыққа байланысты ұстанымы банк секторындағы қателіктеріміздің қорытындысы.
– Оның басы 2008 жылдары банк дүмпуі кезінде басталған. Банк өкілдерінің «Қазақстанның банк жүйесі Ресейді, тіпті ТМД елдерінің банк жүйесін басып озды» деп құлаш-құлаш ақылы материалдар берген кезін ұмытқан жоқпыз. Бір кездері шетелдік банктерден арзан несие көп келді. Экономиканың барлық секторында өсім байқалды, – дейді Б.Ниязов.
Алайда көп ұзамай 2009 жылғы қаржы дағдарысына шарпылып көзіміз ашылды. Көптеген компаниялар шындықтың бетіне тіке қарауға дайын болмай шықты. Б.Ниязовтың пайымынша, 2009 жылдан кейін көптеген банктер несиелік қоржындарын қайта қарап, қайта құрылымдауды бастап кетті. Мұны сырт көз активтерінің тым құнсызданып кетпегенін немесе жағдайларының құлдырап кетпегенін көрсетуге қолданған деп қабылдады. Бұл тәсіл банктерге де, кәсіпорындарға да, тіпті Ұлттық банкке де тиімсіз еді. Себебі кәсіпорындарды банкрот деп танудың механизмдерін Үкімет те, Ұлттық банк те ұсына алмады.
– Егер саяси ерік-жігер тұғырлы болса, банкрот деп жариялаудың механизмін өзгерту оңай. Әлсіз компаниялар мықтыларға орын беруі – нарық заңы. Бәрі мемлекеттің дұрыс шешімді дер кезінде пайдалана алуында, – дейді Б.Ниязов.
Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің айтуынша, банкроттықты оңтайландырудың соңы қор нарығына әсер етеді. Банкрот деп танылған компаниялардың активтері айналымға шығуы нарықтың барлық сегментіне кері әсер етуі мүмкін. Мысалы, тұрғын үй нарығында инвесторлар әрбір шаршы метріне 200 мың теңге жұмсап, оны 250 мың теңгеге сатамын деп үміттенеді. Ал акциялардың құны күрт төмендеп, пәтердің әр шаршы метрінің құны 150 мың теңге болып қалса, онда инвестор – банкрот. Сол үшін банкроттық туралы заң өте қажет.
– Бірақ жаңа заң жобасы шығынға батып отырса да байланыстарының ықпалымен мемлекеттің үсті-үстіне қаржыландыруымен күн көріп отырған ауыл шаруашылығы холдингтерін банкрот деп тануға шамасы жете ме? Олардың активтерін сатып алуға банктердің тәуекелі жете ме? Біз Авгей қорасын тазалау туралы шешім қабылдамастан бұрын, осы мәселелердің басын ашып алуымыз керек, – дейді Е.Ибрагим.
Сарапшылардың пікірінше, нарықты әлсіз компаниялардан тазартуға кіріспестен бұрын, банк несиесінің пайызын төмендетіп, банктердің ықпалын барынша әлсіреткен жөн. Сол кезде ғана банкроттықты танудың нәтижесін ел сезеді.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еgemen Qazaqstan»