15 Ақпан, 2019

Созылмалы ауған синдромы

819 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгін Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Алып империялар арасындағы саяси ойындардың салдарынан болған сол соғыста талай қан төгілгенін тарих жоққа шығармайды. Он жылға созылған ойранда өмірлері қиылған өрімдей өрендердің арасында біздің жерлестеріміз де жетерлік еді. Орталық Азияның ұрымтал тұсында орналасқан  Ауғанстан күні бүгінге дейін қарулы қақтығыстардан көз ашпай келеді. Атыс-шабыстан әбден титықтаған ауған жерінде қашан бейбітшілік орнайтыны белгісіз. Бұл, әрине, өте өкінішті жағдай. Көптеген кедергіге қарамастан ізгі ниетті қоғамдастық тарапынан игі қадамдар жасалуда. Көрші мемлекеттегі жағдайды реттеуге қашаннан бейбітсүйгіш Қазақстан да қомақты үлес қосып келеді. Біз төменде айтулы датаға байланысты Мәскеуде өткен журналистер жиынына қатысып қайтқан тілшіміздің мақаласын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

Созылмалы ауған синдромы

Атомнан қару асынған «ақымақ әлем» ақылға әлі келер емес. Араны ашылған алып державалардың аласұрған текетіресінен төрткүл дүние төңкеріліп түсердей теңселіп тұр. Ал адал ниетті адамзат бейбіт күннің астында бесік тербетуді аңсайды. ХХ ғасыр қилы-қилы қырғындарға толы болды. Бірінші және екінші жаһандық соғыстар, қанқұйлы Қазан революциясы, тағысын тағы орасан зор оқиғалар тарихта қара таңбасын қалдырды. Кешегі социализм мен капитализм болып кескілескен Ауғанстан алапаты да сол сойқандардың қатарына кірері талас тудырмаса керек.

Жарияланбаған бұл со­ғыс­тың жаң­ғырықтары жан дүние­мізді тер­бетіп, жадымызды жиі мазалайды. Өйткені Ком­пар­тия көсемдерінің бұй­рығы­мен Ау­ғанстан шекарасына ен­ген Кеңес жауынгерлерінің құра­мында 22 000 қазақстандық боздақ бар еді. Олардың 761-і майдан даласында мәңгілік көз жұмды, 21-і із-түзсіз жо­ғалып кетті. Он­жылдық ойраннан оралғандардың өмірлері де оңай бола қойған жоқ.

Ақпанның 15-інде Кеңес әс­кер­лерінің Ауғанстан аума­ғынан шыға­рылғанына 30 жыл толып отыр. Осы­нау оқиғаға бай­ланысты «Россия сегодня» халық­аралық ақпарат агент­тігі Мәс­кеуде арнайы пресс-тур ұйым­­дастырды. Оған қатысқан Ау­ған­стан, Қазақстан, Қырғыз­стан, Өзбек­стан және Тәжікстан журналис­тері біраз жай­ға қанығып қайтты. 

Ор­та­лық Азия елде­ріндегі жетекші ақ­парат құралдары өкіл­дерінің Ре­сей астанасындағы сапары Хим­ки қаласындағы «Жауынгерлік бауыр­ластық» атты ардагерлердің қо­ғам­­дық ұйымына қарасты музеймен танысудан басталды. Музей ғи­маратының Алматыда жасақталған даңқ­ты дивизияның командирі Иван Панфилов атындағы көшеде орналас­қаны көңілімізге жы­лылық сезімін ұя­латқанын жасыра алмаймыз. Өр кеуде­лерін оққа төсеп Мәскеуді қор­ғаған жерлес­теріміздің ерен ер­лігіне тағзым еткен­дей болдық.

Мұражай жәдігерлері он сегізінде от кешкен оғландардың жасын ғұмыр­ларынан сыр шертеді. Қаптаған қару-жа­рақ түрлері, құнды құжаттар, де­ректі фотосуреттер, жауынгерлік ордендер мен медальдар қиын-қыс­тау сәттердегі қаһармандық пен қайсар­лық­тың нақты айғағындай назар аудартады.  

* * *

Осы арада біз кезінде Ауғанстан­­дағы ұрыс қимылдарына қатысқан атақты 40-ншы Армияның қолбас­шы­сы, бүгінде Бүкілресейлік «Жауын­герлік бауырластық» ардагерлер ұйымының басшысы, Кеңес Ода­ғының батыры Б.В.Громовпен дөңгелек үстел басында кездесіп, емін-еркін сұхбат құрдық. Жасы жет­пістің алтауына жақындаса да гене­ралдың қимылы ширақ, сөзі нық. Санасы сайрап тұр. Айтып отырған оқиғалардың желісінен, адам аттарынан жаңылмайды. Бастан кешкендерін байыппен баяндайды. Әңгімесінің әлқиссасында Орталық Азиядағы тәуелсіз мемлекеттердің бар­лығына құрметпен қарайтынын аса бір ілти­патпен жеткізді. Ауғанстандағы ай­­қас­­­тарда бүкіл совет халқының ұл-қыз­дары шынайы достық пен тату­лықтың үз­­дік үлгісін танытқанын алға тарта сөй­леді. Кез­десуге келгенімізге алғы­сын білдірді. 

Борис Всеволодовичтің айтуынша, Ауған жеріне алғашында отыз мың әскер кіріпті. Шектеулі контигенттің ұзын са­ны кейін 142 мыңға дейін же­тіпті.

– Бұл соғыс өте ауыр болды, – деді ол. – Мен мұны өз басымнан өткер­ген соң білемін. Жабық тақырып бол­ған­дықтан шайқастар шежіресі жан-жақты жазылмады. Біз отан тапсыр­масын орындадық. Шешім жоғары жақ­­та қабылданды. Оның дұрыстығын немесе бұрыстығын талқылауға қақы­мыз болмады. Қарамағымда қызмет еткен барлық ұлттың өкілдері өздерін жақ­сы жақтарынан көрсете білді. Олар жауынгерлік жанқиярлықтың небір үздік үлгілерін көрсетті. Интерна­ционалдық борыштарын абы­рой­мен өтеді. Біз негізінен амери­калықтар қар­жы­ландырған қарулы топтармен күрестік. Ауғанның қара­пайым халқына қал-қадірімізше көме­гімізді тигізуге тырыстық. Ресми мін­детіміз – осы елдің шекарасына сыртқы күштерді енгізбеу еді. Ауған­стан армия­сымен бірлесе отырып дұшпандарды жоюға арналған көп­теген операцияларды ойдағыдай жү­зеге асырдық. Бұлардың шарықтау ше­гі 1985-1986 жылдарға тура келді. Жене­ва келісіміне сәйкес 1989 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығуына тікелей басшылық еттім. Сөйтіп қыстың көзі қырауда теңіз дең­гейінен 4 мың метр жоғары орна­ласқан Саланг асуынан аман-есен өтіп, Термезге жеттік.

Тәжікстандық әріптесіміздің сауалына орай ол сондай-ақ, Солтүстік альянс серкелерінің бірі Ахмад Шаһ М­асуд­ жайында жылы пікірін білдірді.

– Мен оны әрдайым емірене еске аламын, – деді Б.Громов ағынан жарылып. Оған біз Мәскеудегі Ауғанстан елшілігінде істеген інісі арқылы шық­­тық. Онымен үнемі байланысып тұрдық. Негізінен хат жазыстық. Бір рет жүзбе-жүз кездестік. Бұл 1988 жыл болатын. Тау шатқалдарының біріндегі жол ай­рығында бар-жоғы 10 минуттай ғана сөй­лестік. Ел ішіндегі беделі бес батпан-тұғын. Сол кездегі жауымыз болса да оның жеке басын қатты қадірледім. Сөзінде тұратын сойы бөлек тұлға еді.

...Электронды тақтадағы Ауған­станнан қайтпай қалған арыстардың ас­тына аты-жөндері жазылған сурет­тері кезек-кезегімен көрсетіліп жатты. Мұрты жаңадан тебіндеген өрімдей өрендердің жарқын жүздерін жадымызда сақтағымыз келгендей экран алдында көбірек тұрып қалғанымызды байқаған музей қызметкерлері бізді келесі залдағы экспонаттарды тамашалауға шақырды. 

* * *

«Россия сегодня» ақпарат агент­тігінің баспасөз орталығына келген ресей­­лік сарапшылар да Ауғанстан төңі­регіндегі ой-пікірлерін ортаға салды. Со­лардың кейбірін оқырман олжасына айналдырғанды жөн көрдік.

Рамазан Дауров, Ресей ғы­лым академиясы Шығыс­тану инсти­тутының Ауғанстан секторының меңге­рушісі: 

– Біз­дің қарым-қаты­насымызда әртүрлі кезеңдер болды. 1953-1978 жылдар аралығы ерекше ес­те сақталуға тиіс. Себебі дәл осы уа­қыт­та КСРО көп көмек көр­сетті. Ауған­стан экономикасының негі­зін құра­тын инфрақұрылымдар сол тұста салынды.

Бүгінде америкалықтар Ауған­станды екі түрлі тәсілмен бақылауға алған. Бірін­шісі – әрине ақша. Оған Трамп жет­кілікті мөлшерде бюджет бө­леді. Сон­дықтан Кабулдың еңсесі бас­қа өңір­лермен салыстырғанда биік­теу көрінеді. Екіншіден, амери­калықтардың берік базасы бар. Әсіре­се авиациясы айтарлықтай күшке ие. Ал Ауғанстан ас­панын кім билесе, сол бақылау орната алады. Ал Ресей өзінің елшілігін ұс­тауға қа­­жет қаражаттан басқа көк тиын бер­мейді. Ресейлік бизнесмендерді мем­­лекет қолдауынсыз Ауғанстанға аттан­дырудың реті келіңкіремейді. Мәсе­лен, кәсіпкерлер барып электр стансасын салып берсе, ауған­стандықтардың төлей­тін қаржысы жоқ. Бірақ біз оларға білім беруімізге бо­лады. Шынтуайтында оның әсері ақ­шадан гөрі күштірек.

Никита Мендкович, Еуразия сараптама клубының басшысы:

– Ауғанстан өзінің географиялық ор­­­на­ласуы жағынан сыртқы ойын­шы­лардың көзқұртына айналып отыр­ғаны белгілі.

2001 жылы НАТО әскерінің кі­руі­ елдегі ахуалды өзгерте алмады. Коа­­ли­ция күштерінің «Талибанды» түбе­­гейлі жеңуге шамалары жет­педі. Эконо­микалық проблемалар еңсерілмеді. Ста­тистикалық мә­лі­мет­терге қарағанда елдегі кедей­шілік деңгейі орта есеппен 35,8 пайыз­ды құрайды. Ауылдық жер­­лердегі тұрғындардың 38 пайызы қайыр­шылық халде өмір сүруде. АҚШ өздерінің бағдарламалары аясында формальды «демократиялық институт­т­арды» құруға көп көңіл бөледі. Ал нақты экономика мен жұмыс орындарын құруды назардан тыс қалдырған. Мұндай тенденция белең алып тұрғанда тұйықтан шығу мүмкін емес. Кедейшілік пен жұмыс­сыздық қылмыстың, есірткі сау­дасы мен лаңкестіктің кеңінен өріс­теуіне жол ашады. Кезінде Кеңес өкіметі Ауғанстанда 140-тан астам нысан салды. Бүгінгі ауған билігінің экономикалық және әкімшілік сая­саты әлсіздеу. Кейбір жерлерде «Талибанның» құрылымдары мем­лекеттіктен гөрі тәуірірек әрекет етеді.

Дмитрий Верхотуров, саясаттанушы: 

– Егер ауған экономикасын екі ауыз сөзбен сипаттау керек болса, онда соғыс жағдайындағы баяу индустрияландыру деген нұсқамен беруге болар еді. Ауғанстан үкіметінің есебі бойынша есірткі сатудан түсетін табыс 1,4 миллиард доллар мөлшерде баға­ланады. Ал Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйенсек, Ауғанстанның ішкі жалпы өнімі 2017 жыл 20,8 миллиард долларды құраған.

* * *

Ресей Федералдық Кеңесінің халық­аралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Франц Адамович Клинцеевич алдымен өзінің Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқанын тілге тиек ете отырып, біраз мәселенің басын қа­йыр­ды. Тіпті Ресейдің қару-жарақ қуа­ты бірде-бір мемлекетті алға түсір­мей­тінін мақтана әңгімеледі. Оның ойын­ша осы елдің қанатты ракеталары діттеген жеріне ешбір кедергісіз және дер кезінде жетеді екен. Керісінше қар­сы жақтардың зымырандары орта жолға жетпей-ақ жойылатын көрінеді. Ресей – бейбітшілік аңсаған ақ кептер секілді, ал АҚШ әлемге әмірлік жүр­гізгісі келеді.

Осындай ой қозғаған әскери маман америкалықтардың әлемді ауған есірт­кісімен улап отырғандарына қара­мастан Ресейді тәліптермен ауыз жаласқан деп айыптайтынын айтып, қомпаңдап қойды.

Орталықазиялық журналистер­мен оңаша ой бөліскен Франц Адамо­вич «қызық» бір деректің шетін қыл­титты. «Егер анау Ельциннің екі­жүзділігі болмағанда Ауғанстан тарихы мүлдем басқа арнаға бұрылуы мүм­кін еді» деді. Сөйтсек, 1992 жылы Пре­зидент Наджибулла тәліптер көтерілісін басуға 500 тонна дизель отынын сұрапты. Сол жолы Кремль қожайынының аяқ астынан «сараңдығы» ұстай қалыпты. Айна­ласындағы аяр саясаткерлер Борис Николаевичтің ауғандықтар өтінішінен бас тартуға көндіріпті. Баяғыда әскери операцияларға күн сайын мыңдаған тонна жанармай жұм­салған ғой. Енді міне көрмейсің бе, түкке тұрмайтын сұранысты қа­на­ғаттандырудан бой тартқан. Со­дан тәліптерді таптап тастауға тиіс танкілер от алмай қалған. Оның аяғы тер­рористік топтардың күш алып ке­туіне әкеліп соққан. Рас-өтірігін кім білсін, естіген құлақта жазық жоқ. Үлкен саясатта кейде осындай кіш­кентай оқиғалардың рөл ойнап кетуі ғажап емес...

* * *

Айтпақшы, ақпанның 5-6 күндері біз жайғасқан «Президент отельде» ауған­аралық келіссөздер жүріп жатты. Мәскеудің арағайындығына ден қой­ған Ауғанстандағы оппозиция өкілдері мен «Талибан» қозғалысының басшылары жабық есік жағдайында кеңес құрды. Кейін баспасөзде де, басқа сөз­де де айтылып, жазылғандай нәти­жесі жаман емес секілді. Мәселен, Ауған­стан президенттігінен үміткер Ха­ниф Агмар біраз уағдаластықтарға қол жет­кі­зілгенін баса көрсетті. Ең бас­тысы, келіс­сөзге қатысушылар осы­нау шетін мәсе­леге шетелдердің ара­ласуына жол беру­ге болмайты­нын түсінген тәрізді. Барлық тараптар ішкі ауған диалогын жал­ғас­тыруды жақтайды. Келіссөз жүр­гізу­шілер бүкіл ауғандықтардың мүдде­лерін біріктіретін үкімет құру қа­жет­тігін күн тәртібіне қойған. Тәліп­тер делегациясының жетекшісі Шер­ Мұ­хам­мед Аббас Станик­зай кездесу­дің табысты болғанын атап өтті. Мұның өзі Ауғанстанда бейбіт заман орнауына жеткізетіндігіне сенім артты.

Ал бұған Ауғанстанның заңды өкі­меті қалай қарайды? Ел Президенті Ашраф Гани Tolo «News» телеарнасына берген сұхбатында бүй депті: «Ауған­стан шиеленісіне арналған Мәс­­кеудегі келіс­сөз­дер шын мәнінде ештеңені шеш­пейді. Олар онда кім­дермен және не жөнінде келісіп жа­­тыр өзі!? Бұ­ған өкілеттіліктері бар ма, жоқ па?! Мей­лі, жүз рет жүз­­дес­­сін, қабылдаған шешім­дері қа­ғаз бетінд­е қалады. Ауғанстан Үкі­­метінің, сон­дай-ақ­ елдегі заңдық инс­­титуттардың қа­ты­­суынсыз бәрі бе­кер». Ол сондай-ақ,­ Ауған халқы­ның мақұлдауынсыз «Та­ли­бан» қоз­ғалысымен келіссөздердің кү­ші болмайтындығын еске салды. Сәл қия­м­­­­­­­­пұрыстау сөйлегенімен мем­лекет бас­­шысы тәліптердің «Әл Каи­да» содыр­ла­ры­мен байланысын үзу жө­нін­дегі ниетін оң бағалады.

Құдайдың сәтін түсіргенін қарашы, мейрамханадағы таңғы ас үстінде Ауған­станның экс-президенті Хамид Карзай мырзамен ұшырасып қалд­ық. Қол бе­ріп амандасып, қошемет көр­сеттік. Сұх­баттасудың реті келіп-ақ тұр, әттең тіл­дің келтесі-ай. «Қазақстан. Назарбаев. Ас­тана» деуден әріге аспадық. Талай­ды көр­­ген тарланбоз ағылшынша ағылта жөнел­ді. Түк түсінбесек те, менің Отаным жайында одаға бергісіз жағымды сөз ай­тып тұрғанын қу ішім сезе қойды...

* * *

Ауғанстандағы ширыққан ахуал бірінші кезекте Орталық Азия елдерін алаңдатары ақиқат. Іргеңде атыс-шабыс болып жатса ішкенің ірің, жегенің же­­лім болмай қайтсін. Сондықтан Қазақ­­стан да басқа бауырлас елдермен бірге аймағымызда тыныштық пен тұрақ­тылық салтанат құрғанын қа­лайды. Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық биік мін­берлерден көтеріп жүр­ген бейбіт­сүйгіш бастамаларының барынша қолдау тауып жүргені соның айға­ғы. Қазақстан Ауғанстан Ислам Рес­пуб­ликасындағы жағдайды реттеу­ге ­бағытталған бағдарламаларға белсе­не қатысуда. Мысалы, біздің еліміз 2022 жылға дейін ауғандық 1000 жас азаматтың жоғары білім алуына мүм­кіндік тудырмақ. Бұл жобаның жалпы құны 50 миллион долларды құрайды. Қазақ­стан Үкі­меті Ауғанстандағы бір­қатар ин­ф­рақұрылымдардың құрылысын жүр­гізуге қаржы бөлуде. Соған салын­ған мектептер, ауруханалар, жолдар қарапайым ауғандықтардың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға игі әсерін тигізері сөзсіз. Көрсетіліп жатқан гу­манитарлық көмек мөлшері де едәуір. Тұтастай алғанда бүгінге дейін Ауғанстанға жалпы құны 21,5 миллион доллардан асатын 23,15 мың тонна азық-түлік жөнелтілген. Ресми деректер осылай дейді.

...Басынан бағы тайған ауғандық ағайын­дар саяси жанжалдар аренасына айналғалы қашан. Созылмалы синдром қашанға дейін жалғаса бермек. Ауғанстан аспанында ақ күн туатын бейбіт заман қашан орнайды?

Оны тап басып айту қиындау. Әйтсе де ақыл-парасат жеңісіне сенейік. Үміт дү­­­ниесі ғой, жақсылықтан күде­рімізді үзбейік...

Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»

Астана – Мәскеу – Астана