Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Мақсат – лифт құнын төмендету

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен лифтіде адам өлімі болғаны белгілі. Осы қайғылы оқиғадан тиісті сабақ алу үшін облыс орталығында тың іс-шаралар кешені белгіленгенді. Бұл қадам лифт шаруашылығына жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігінен туындағаны анық еді. Міне, содан бері арада тағы да бір жыл өтіпті.

Мақсат – лифт құнын төмендету

Не өзгерді? Не тыңдырылды? Бұл орайда Ақтөбеде «ҚазБелЛифт» ЖШС Беларусь-Казахстан бірлескен кәсіпорны құрылды. Оның басты қозғаушысы «Могилев» лифт құрастыру зауыты ААҚ болып отыр. Яғни мұның өзі барлық жинақтаушы материалдар мен бөлшектер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіне кіретін Беларусия мемлекеті қалаларының бірі Могилевтен Ақтөбеге жеткізіледі деген сөз. Содан соң осы бөлшектерден Қазақстан қаласында лифтілер құрастырылады.

Осы арада айта кетерлік мәселе лифтілерді алғаны мен орнатқаны және пайдаланғаны үшін оған жұмсалатын төлем тұрғындардың өздерінің есебінен жүргізілетіні. Ал көп қабатты ғимараттарда орналасқан лифт құны бұған дейін жоғары болып келгені ешкімге де құпия емес. Тіпті еліміздің үлкенді кішілі қалаларында құрылған кондоминиумдар мен пәтер иелері кооперативтерінің де оны өз қаражаттары есебінен сатып алуға мүмкіндіктері бола бермейді. Мұның басты себебі жоғарыда айтылғандай лифт құнының қымбаттығы.

Ақтөбедегі бірлескен Беларус-Қазақстан кәсіпорны осы жоғары құнды төмендету үшін құрылғанын айтқан жөн. Мамандардың мәлімдеуінше лифт өндірісіндегі ең қымбат қондырғы оның көтергіш тетіктері екен. Айтайын дегеніміз бірлескен кәсіпорын жағдайында оның құнын шамамен бір миллион теңгеге дейін төмендетуге болатын көрінеді.

«ҚазБелЛифт» өнімдерін тұтынушылар оны қандай жағдайда тиімді түрде пайдалана алады деген мәселеде нақтыланды. Бұл үшін бірнеше нұсқалар ұсынылған еді. Соның ішінде лифтілерді несиеге пайдалану тәсілі ұтымды деп табылды. Айталық лифт көтергішінің жалпы құны шамамен 6-8 миллион теңге тұрады десек несиеге берілген жағдайда бұл соманы 6-7 жылдың ішінде өтеп шығуға болады екен. Дәл осындай қарапайым есеп жағдайында тұрғындар оған әр ай сайын 3-4 мың теңге төңірегінде төлем төлейтіні аян. Ақтөбе қаласындағы кондоминиумдар мен пәтер иелері кооперативтері жергілікті билік тарапынан  ұсынылған мұндай ұйғарымға қол қойып отыр.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуына қарағанда мұндағы көп қабатты ғимараттарда 829 лифт бар. Прокурорлық тексерулерден кейін оның 34-нің қызметі тоқтатылған. Яғни пайдаланылмайды. Осындай жағдайда Беларусь-Қазақстан бірлескен кәсіпорны тек жаңа лифтілерді орнатуға ғана емес, сонымен бірге ескі әрі пайдалану мерзімі асып кеткен көтергіштерді жөндеу мен ауыстыруға да септігін тигізбек. Бұл үшін биыл қаладағы көп қабатты үйлерде орналасқан елу лифтіні ауыстыру көзделген.

Міне, лифт шаруашылығына жаңаша көзқарас қалыптастырып отырған қаладағы кейбір оң қадамдар осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»